Экономика • 01 Мамыр, 2024

Сауданың қызған жері Қытайда екен...

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрын «мынауың қытайский» деп мұрын шүйіретін едік, қазір тайлы-тұяғымызбен шұбап, сол жақтан тауар тасу үрдіске айнала бастады. Анығында, ұтымды бағамен бизнес жасау­ды ұйымдастыратын инста-кәсіпкерлерден қазір аяқ алып жүргісіз. Бірақ қаншама затқа тапсырыс беріп, тауары да теңгесі де жоқ болып сан соғып отырғандар да жетіп артылады.

Сауданың қызған жері Қытайда екен...

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жеткізем деп жетістікке жеттім

Қытайдан зат алдырып, өзі­міз­­ге ұсынушы қаракөздер «Пин­дуо­дуо», «Тао бао», тағы басқа сайт­­тар арқылы жұмыс істейді. Ақ­мо­­­лалық Гүлнұр Бексұлтан­қызы әуелде Түркиядан сөмке әке­ліп сат­қан. Онысы сәтсіз болып, ен­ді назарын Қытай тарапына бұра­ды. Ол үшін әуелі инстаграм әлеуметтік желісін зерттеу керек­тігін түсінген.

«Алдымен зат сатудың техникасын үйрендім. Бастапқыда қиын болды. Бірақ бір ай ішінде 17 мың шынайы оқырман жинап үлгердім. Қазір бір күнде 40-50 мың теңге пайда табамын. Қы­тайдан алдырған кез келген затымды сатып, адамдарға пошта ар­қылы жеткізіп беремін. Екін­шіден, заттың түр-түріне жар­на­ма жасап, ерекшелігіне тоқта­ламыз. Әсіресе тұрмысқа қажет­ті өнімдерге сұраныс көп. Оны да парақшама жазылған пікірлерден оқи отырып түсінемін. Осылайша, халық қызығушылығын оятқан заттарға тапсырыс беремін. Өйткені сұраныс болмай, іс-әрекетіңнің барлығы құмға сіңген судай емес пе?!» дейді Гүлнұр.

Мойындау керек, бізде жеңіл өнеркәсіп жеткілікті деңгейде дамымаған. Сол себепті әлі күнге сырттың өніміне мұқтажбыз. Қытай асып, қарекет қылғандардың дені осы пікірді айтады.

«Қытайдың ұтып отырған же­рі – тұ­тынушы көңіл күйін тап баса­тындығында. Мысалы, корей сериалындағы әртістердің киімі ер­теңгі күні қытай базарында тұ­рады. Өйткені сериалға қызы­ғып, соған еліктейтін жас буын көп. Оны қытайлар беске біледі. Қазақстанды кезіп жүрген «әр қытайлықтың ауласында бір-бір цех бар» екен деген аңыз шындыққа жанасады. Білуімше, оларда әр аула болмаса да, әр қаласында зауыт, цех толып тұр. Тіпті шағын қалашықтарда қалдық қағаздарды жинап, өңдейді. Киім, техникаға қосалқы бөлшек, телефон брендтері мен аксессуарлар шығару – олар үшін үйреншікті іс. Өзім білетіндей, зауыт өте көп орналасқан, шетелге де өнім экспорттаушы екі қала бар. Ол – Гуанч­жоу мен Иу (Цзиньхуа). Екі шаһар­дан аса сапалы өнімдерді табуға болады. Бағасы да көңілге қонымды», дейді бұрынғы кәсіпкер Нұрсәуле Адаққызы.

 

Қытай – қайталаудың шебері

«Cargo» дейтін дүние бар. Нұр­сәуленің айтуынша, бұл – заттарды жеткізуші топ. Мұнда екі немесе бес адам емес, одан да көп қызмет­кер жұмыс істейді.

«Бұл жерде ұйымның («Cargo») екі нүктесі болады. Бірі – Қытайдың Гуанчжоу қаласында делік. Оны А нүктесі деп аламыз. Онда арнайы қойма болады. Сол жерге сатып алынған барлық тауар жиналады. Артынша жүк көлігіне артылып, шекарадан өтіп, екінші Б нүкте­сіне жеткізіледі. Оны Алматы қала­сында деп есептейік. Екі нүкте аралы­ғындағы жол уақыты кемінде бір апта, ары кетсе 10 күнге созы­луы мүмкін. Алматыға жеткен соң кар­голықтар жеткен тауарды жан-жаққа такси немесе пош­та қыз­меті арқылы жөнелтеді. Еске­ретін нәрсе, тапсырыс беруші әр зат­тың бағасынан бөлек, әр келісіне түрлі бағада (3,5-4,2 доллар) ақша төлейді», дейді ол.

4-5 жыл бұрын біздің еліміз Қытайдан киім-кешек пен тұрмыс­тық затқа көптеп тапсырыс бере­тін. Кейінгі сұранысқа ие тауарлар тізімін оңай құрастырмалы жиһаз­дар, құламайтын, сынбайтын, ба­ла­­ларға арналған мүліктер, ұялы телефон, басқа да ұсақ-түйектер толтырды.

«Қазір бизнеспен айналысып, тіпті өзінің брендтік үлгідегі заттарын сатып жүргендердің дені өзі­нің фабрикасы не цехында өнді­ріп жатыр деймісіз? Бәрі де қытай­­лық заттар. Тапсырыс беріп, сол жер­де арнайы бренд-атауды жазды­рып, саудаға шығарып жүргендер көп. Мұны отандық өнім дей алмаймыз. Екіншіден, Қытайда көшірме дүниеден көз сүрінед! Мы­са­лы, «Adidas» бренді. Мұның жақ­­сы сапада да, нашар үлгіде де тігі­летіні бар. «Zara», «Dior», «Apple» өнімдерінің люкс сападағы үлгісін шығаруда көршіміздің бәсі жоғары», дейді Нұрсәуле.

 

Сапа мәселесінде сақ болыңыз

Сарапшылар Қытайдан тауар сатып алу бүкіл әлемдегі тұ­ты­ну­шы­лар арасында танымал құ­былысқа айналғанын айтып отыр. Бұл – тауарлардың қолжетім­ділі­гімен ғана емес, сонымен қатар баға арзандығы, кең ассортименті және интернет-сауданың ыңғайлы болуымен байланысты. Дегенмен зат сатып алғанда осы үрдістің оң және теріс жақтарын ескермес­ке болмайды. Мысалы, кедендік баж бен салық тапсырыс құнын арттыруы мүмкін. Сондай-ақ Қытай киімдерінің өлшемдері бойынша мәселе жиі туып жатады. Себебі олардың өлшемі сіздің тапсырысыңызға сай болмауы мүм­кін. Бұған қосымша жет­к­ізу­дегі уақыт ұзақтығы және тауар­дың сапасы көрсетілген сипаттамасына сәйкес келмеуі тағы бар.

Әйткенмен онлайн сауданың бір артықшылығы – уақыт үнем­ділігі. Кез келген жерден жарты сағат уақыт бөліп, телефон ар­қы­лы тапсырыс бере саласыз. Сау­да үй­лерін аралаудың қажеті жоқ. Бұған қоса, өзіміз сияқты тұты­ну­шылардың тауарға берген баға­сын және пікірлерін оқып, тауар жайын­да ақпарат алуға да мүмкін­дік бар.

Жалпы, Қытайдан зат сатып алу­­дың жақсы жағы да, зияны да бар. Сол үшін сатып алу шарттарын, сатушының пікірін мұқият зер­­делеу маңызды. Жоғарыда айт­қан­дай, тосын сыйларға (алдану, тауар сапасыздығы, т.б.) дайын болу керек. Дұрыс әрі сенімді сату­шы таңдау арқылы Қытайдан сапа­лы тауарды жақсы бағаға сатып алу­ға әбден болады.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, Қазақстанмен сауда саясатында 10 әріптес мемлекет бар. Тауар айналымында алғашқы орында Қытай тұр. Әлемдік сарапшылардың айтуынша, бұл елдің сырт мемлекеттермен сауда қатынасы өте қарқынды. Соған қарағанда әзір алғашқы орыннан түсе қоймауы мүмкін. Одан кейінгі орындар­да Ресей, Италия, Оңтүстік Корея, Түркия, Нидерланд, Өзбек­стан, Фран­ция, АҚШ, Германия мемлекеті тұр.

Әңгімелесу барысында Нұрсәу­ле «өз жеңіл өнеркәсібіміз болмай, көршімізді байыта береміз» деді. Айтуынша, жастарды оқыта отырып, шетелдік зауыт-фабрикаларда ұзақ мерзімде тәжірибеден өткізу арқылы елде көптеген өнді­ріс орнын ашсақ, ұтарымыз көп болар еді.