Қоғам • 04 Мамыр, 2024

Жалақы қарызы жедел өтеле ме?

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таң алагеуімнен ымырт үйірілгенше тер төгетін қарапайым жұмысшылар еңбегінің өнбегін лайықты көріп жүр ме? Еңбеккерлердің жалақысы уақтылы төленіп жатыр ма? Бұл ретте облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Жарылқасын Айтақов өңірде жалақы қарызы бар кәсіпорындар аз емес екенін алға тартып отыр. Олардың қарызы бірнеше миллионға жеткен.

Жалақы қарызы жедел өтеле ме?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Облыс бойынша осы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында өңірдің тәуекелді кәсіпорындары ретіндегі мониторингте жалақы қарызы бойынша екі кәсіпорын тіркелген. Бұлар – «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС. Қазіргі кезде «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ 74 жұмысшыға 42 млн теңге мөлшерінде жалақы қарыз екені белгілі болып отыр. Аудандық сот тарапынан қалыптасқан жалақы берешегін өндіру бойынша тиісті шешім шығарылған. Қазіргі таңда сот орындаушылар осы бағытта нақты жұмыс атқарып жатыр. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС 152 қызметкерге жалпы сомасы 30 млн теңге көлемінде еңбекақы қарыз. Бүгінде кәсіпорынға жаңадан инвес­торлар келіп, қомақты қаржы тартып, экономикалық әлеуетті тұрақтандыру бойынша нақты әрекеттер жасап жатыр», дейді Еңбек инспекциясы басқар­масының басшысы.

Ж.Айтақов келтірген дерекке жүгін­сек, өңір бойын­ша «Ең­бек тәуе­келі картасына» жо­ғарыда аталған кәсіп­орын­дардан бөлек төрт мекеме ен­ген. Олардың қатарында «Тараз­ҚұрылысИнвест», «Айя Сервис», «КATSA», «ЮжКамТорг» секілді серіктестіктер бар. Аттары аталған кәсіп­орындардың қыз­мет­керлер алдын­дағы берешегі 55,444 млн теңгені құрап отыр. Ал жалақысын алуға мүделі жұ­мысшылар саны – 308. Жауап­ты бас­қарма тарапынан төрт мекеме басшысына жалақы қарызын толық төлеу туралы ескерту жасалған, тиісті жұмыс­тар жүргізіліп жатыр.

Әлбетте, қызметкер алдындағы берешекті қайтару бойынша жауаптылар тарапынан тиісті жұмыстардың атқарылғаны жөн. Алайда қарапайым қызметкерлер өзіне тиесілі еңбекақы қарызы тезірек өтелгенін қалайтыны анық. Облыстық еңбек инспекциясы тарапынан атқарылған жұмыс өз жемі­сін беріп, жалақысына қол жеткізген азаматтар да баршылық. Олардың қатарында «Тараз» футбол клубының жұмысшылары да бар екен.

«Есепті кезеңде мемлекеттік ең­бек инспекторларымен қабыл­дан­ған шаралардың нәтижесінде 4 кәсіп­орын­дағы мәселе оңынан шешілді. Атап айтқанда, «Тараз» кәсіпқой футбол клубында, «Амангельді ГӨЗ», «Та­раз қалалық көпбейінді аурухана және кон­сультативтік диагностикалық орта­лығы» шаруашылық жүргізу құқы­ғын­­дағы коммуналдық мем­лекеттік кәсіп­орнында және бір жеке кәсіпкерде 280,6 млн теңгенің жалақы қарыздары анықталды. Анықталған кемшіліктер қазір толығымен жойылып, 1 507 жұ­мыс­кердің құқығы қорғалды», дейді басқарма басшысы мәселе­нің мәнісіне үңіліп.

Еңбек инспекциясы басқар­масы осы жылдың алғашқы жартысында 15 мекемеде профи­лактикалық бақылау жұмыстарын жүргізуді қолға алып отыр. Ал алғашқы тоқсанда бірнеше мекемеде еңбек ахуалын бақылау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалған мекемелер бойынша атқарылған жұмыс бірінші жартыжылдықтың соңында белгілі болады.

«Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін 15 мекемеде про­филактикалық бақылау жұмысын жүргізу жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн. Қазірге дейін тексеру жұмыстары жүргізілген мекемелерде 50 бұзушылық анықталды. Оның басым көп­шілігі ең­бек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша орын алған. Анықталған кемшіліктер негі­зінде жұмыс берушілерге алты нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтардың барлығы жойылып, 1 806 жұмысшының құқығы заң аясында қорғалды. Сондай-ақ еңбек инспекторларының іске кірісуімен барлығы 207 жеке және заңды тұлғаның арыз-шағымы қаралып, жоспардан тыс 47 тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, 72 еңбек заңнамасының бұзылу деректері анық­талды. Тексеру жұмыстарының қорытындысына сәйкес жұмыс беру­шілерге орындалуы міндетті 19 нұсқама берілді. Сонымен қатар 10 мекемеге қатысты әкімшілік шара қолданы­лып, жалпы сомасы 1 199 900 теңгені құрайтын 8 айыппұл салынды», дейді Ж.Айтақов.

Расында, облыстық еңбек инс­пекциясы тарапынан жыл сайын қыз­меткерлердің құқығын қорғау бойынша біраз жұмыстың атқарылатыны анық. Қолға алынған істің көңіл көншітерліктей нәтиже беріп жатқанын да көріп жүрміз. Өңірде қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша қыруар жұмыс атқарылса да, кәсіпорындардың қызметкерлерге миллиондап жалақы қарыз болып отырғаны ойландырмай қоймайды. Қалай десек те, адал еңбек дер кезінде лайықты бағалануы керек.

 

Жамбыл облысы