Қазақстан • 09 Мамыр, 2024

Бүгін - Жеңіс күні!

684 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1941-1945 жылдар майданындағы Жеңіске биыл 79 жыл толды. Президентіміз Қ.К.Тоқаев айтқандай, 9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн. Сұрапыл соғыста халқымыз орасан зор шығынға ұшырады. Майдангерлердің қаһармандығы мен тыл еңбеккерлерінің жанкештілігі арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау және олардың рухтарына тағзым ету – қасиетті борышымыз.

Бүгін - Жеңіс күні!

Фото: Abai.kz.

Қысқаша тоқтала кетсек, екінші дүниежүзілік соғыс (1 қыркүйек, 1939 жыл – 2 қыркүйек, 1945 жыл) – дүние жүзіне үстемдік жасау үшін Германия, Италия, Жапония үштігі тарапынан басталған соғыс. 1933 жылы нацистік диктатура орнағаннан кейін Германия дүние жүзіне үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, оны Италия және Жапония қолдады. Екінші дүниежүзілік соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 50-55 млн адам қаза тапты. 4 триллион доллар көлемінде шығын келтірілді. Соғыс аяғында нацизм және фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына мүмкіндік туды. Нацизмді талқандауда шешуші рөлді сол кездегі КСРО құрамындағы халықтар атқарды. Мәліметтерге сүйеніп, айта кетсек, шындығында сол кездегі қазақ еліндегі және Ресей мен Орталық Азияда тұратын қазақ ұлтының 1893-1927 жылдар аралығында туған азаматтары ең әуелі 1939-1940 жылдардағы КСРО аннексиялаған елдермен болған әскери қақтығыстарға қатысып, қызыл империяның территориясын кеңейту операцияларына араласқан. Әскери борышын қызыл әскер қатарында 1939-1940 жылы өтеушілер болса, 1940 жылғы орыс-фин соғысының дәмін татты. Қазақтар ІІ Дүниежүзілік соғысқа бірінші күннен бастап қатысты. Сондай-ақ Қазақстаннан аттанған азаматтар Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғыс қимылдарында да белсенділік танытты.

Уикипедия

(Фото: Уикипедия)

казгазета

(Фото: kazgazeta.kz)

Ол кезде Қазақстан одақтық республика (Қазақ КСР) КСРО құрамында болды. 1941 жылы біздің елден 178 мыңға жуық адам Қызыл Армия қатарында болған. Оған қоса, Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам шақырылған. Ресми басылымдар деректерінше, соғыс майданында Қазақстаннан 600 мыңнан астам адам қаза тапқан. Яғни, әскерге шақырылғандардың жартысы соғыстан оралмаған. Қаза болғандар – Қазақстан халқының 11,2 пайызы.

Сонымен қатар соғыс кезінде тылда да көп адам көз жұмған. Мәселен, E-History.kz порталы республиканың бейбіт тұрғындарының тікелей шығыны шамамен 300 мың адам, жанама шығыны 592 038 адам болғанын жазған. «Соғыстың әр жылы үшін орта есеппен 104 445 адам қаза тапты. Өлім-жітімнің жоғары деңгейі халықтың барлық санатының қалыпты өмір сүру жағдайларының ұзаққа созылуымен байланысты болды: тамақтанбау және шаршау, асқазан аурулары, ауыр еңбек жағдайлары, дәрігерлердің майданға жұмылдырылуына байланысты білікті медициналық көмектің болмауы жағдайды қиындата түсті».

Сондай-ақ «Атамның аманаты» бірлестігінің қоғам қайраткерлері Екінші дүниежүзілік соғыс далаларында Қазақстаннан аттанғандардың 271 мыңы хабарсыз кеткенін айтқан еді.

Қазақтар соғыстың барлық шайқасына қатысты. Қазақстаннан жүз мыңнан астам жауынгер түрлі марапаттарға ие болды, 500-ден аса адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды, солардың қатарында қазақ ұлтының 103 аза­мат­ы бар.

1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста қаншама боздақтарымыз Отан үшін отқа түсіп, сұм соғыстың құрбаны болды. Олардың көбі ерліктің ерен үлгісін көрсетті.pixabay.com

pixabay.com

( Екі фото: pixabay.com)

1941 жылы қан майданға аттанып, хабарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің қайда жерленгенін білу өте қиын болған. Өйткені, ол кезде майдан шебінде көз жұмған жауынгерлер туралы ақпарат тым аз еді. Жалпылама айтқанда, кейбір қазақ жауынгерлерінің жерленген жерлерін олардың жақындары кітаптардан білді немесе интернеттен іздестіріп, соңдағы шағын ақпарлар арқылы тапты. Сондай-ақ «Атамның аманаты» бірлестігі арқылы бірнеше жауынгердің жерленген жерлері медальондары арқылы анықталып, майдангерлер сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, туған топырағына қайтадан жерленгендеріне қалың көпшілік куә.

Соғыс Қазақстан аумағын да шарпығаны мәлім. Тарихшы Әзімбай Ғалидің айтуынша, жау әскері бірнеше рет Орал облысы аумағын бомбалағаны, авиация пулеметімен атқылағаны туралы тарихи деректер бар, бірақ Қазақстанның тыл ретінде жеңіске қосқан зор үлесін зерттеу маңыздырақ.

Айта кетсек, аталған қанқұйлы майдандағы 10 оқтың 9-ы қазақ қорғасынынан құйылды. Майданға Қазақстаннан 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді, т.б.

History.kz

(Фото: E_History.kz)

Ата-бабаларымыздың Отан үшін жасаған ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.