Өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек беріліп жатыр. 1 966 тұрғынға жергілікті бюджет есебінен 638 млн 862 мың теңге әлеуметтік төлем аударылды. Облыс орталығында үйлері суға кеткен 900 адам жеті жатақханаға орналастырылды. Су тасқыны салдарын жою бойынша құрылған өңірлік комиссия қарауына түскен 3 227 өтінімнің 2 953-і қабылданды. Таратып айтқанда, Ақтөбе қаласынан – 1 151 өтінім, Ойыл ауданынан – 350, Қобдадан 200 өтініш тіркелген. Өкініштісі, үйлері суға кетпеген, дүниесі бүлінбеген тұрғындар да өтемақы алуға құлықты екен. Сәуірдегі су тасқынынан Ақтөбе облысында 2 451 үй зардап шексе, оның 1 112-сі жеке тұрғын үй, 1 339 саяжай үйлері. Жақсы жаңалық, тұруға мүлдем жарамсыз, қирап қалған 595 үй қайта салынатын болды.
Тасқын күндері облыста 3 232 бас мал өлген. Қазіргі кезде олардың далада, қорада қалған өлекселері жойылды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінде 1 202 бас малға 215,7 млн теңге өтемақы төленді. Шаруа иелері малдарының су тасқыны кезінде қырылғанын дәделдеу үшін өлексесін көрсетуі керек. Бұған қоса малдың сырғасы болуы және ауыл шаруашылығы базасында тіркелуі өте маңызды. Онсыз өтемақы берілмейді.
Ақтөбе облысы