Коллажды жасаған – Алмас манап, «EQ»
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы дерегінше, былтырғы 366 нысанды бейімдеу жұмыстарына бюджеттен және бюджеттен тыс көздерден 45,1 млн теңге жұмсалып, республикалық Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Ал биыл 374 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.
Облыста 40 автокөлік инватакси қызметін жүзеге асырып келеді. Оның 11-і кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдарға бейімделген. Инватакси қызметін қамтамасыз етуге биыл бюджеттен 124,3 млн теңге бөлініпті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысына сәйкес осы жылы «Халық банк» АҚ «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға құны 23 млн теңге тұратын арнайы екі инватакси көлігін сыйға тартты.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Amanat» партиясының Жол картасы және «Халықпен бірге» жобалары аясындағы жұмыстар нәтижесінде өңірдегі қолжетімді ортаға қадам жасаудың көрсеткіші көңіл қуантады.
«Кейінгі уақытта мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар кері байланыс орнатуға назар аударып, мүгедектігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдетуге арналған пандустар жасап, стандартқа сәйкес есікті кеңейтіп, арнайы тұрақ жасақтауға көңіл бөліп отыр. Қоғамда бізді естіп, талабымызды ескеретіндер көбейгені қуантады. Мысалы, былтыр «Отбасы банк» арнайы көтергіш орнатты. Қалада пандустары бар автобустардың саны артты», дейді «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастырып, қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстарды бақылап отырады. Биылғы I тоқсанда мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, басқа да салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 47 тексеру жүргізген. Оның 32-сі профилактикалық бақылау аясында болса, 14-і прокуратура талабымен өткен. Тексеру қорытындысында анықталған бұзушылықтарды жоюға
22 ұйғарым беріліп, 3,6 млн теңгеден асатын 40 әкімшілік айыппұл салынды.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың өтінішімен Қызылорда қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мүгедектігі бар адамдарды оңалту және оңалтудың жеке бағдарламасының протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету жұмысының орындалуына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның қорытындысында баланың корсетпен қамтамасыз етілмегені анықталып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, әкімшілік айыппұл салынды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәліметінше, былтыр 30 232 өтініш берушінің 29 901-і әлеуметтік оңалту шараларын алып, жоспар 99 пайыздан асыра орындалыпты. Ал биылғы 3 айда әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 16 563 мүгедектігі бар жанның 12 293-і оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, орындалуы жағынан өңір республика бойынша бірінші орынға шықты. Осы жылға мүгедектігі бар адамдардың оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 6,6 млрд теңге бөлініп отыр.
Сонымен қатар санаторий-курорттық емделу қызметіне оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленген бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет ілесіп жүрушінің шығындары былтыр 1 адамға 40 АЕК болса, биыл 60 АЕК мөлшерінде өтеледі. Республика күніне орай облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша оңалту қызметтерін көрсету үшін өңірде иппотерапиямен оңалту қызметі жүзеге асырылып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Былтыр облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 200 балаға қызмет көрсетілді. Нәтижесінде, ат спорты бойынша республикалық паралимпиадалық жарыстарға қатысқан қызмет алушылар кейінгі екі жылда жүлделі орындарға ие болып отыр. Биыл бұған 24,4 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қоры 150 балаға қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 2022 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар мен балаларды әлеуметтік қолдауға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Былтыр облыстық бюджеттен 9,3 млн теңге бөлініп, «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен жасалған шарт негізінде мүгедектігі бар адамдар мен балалардың қатысуымен спорт жарыстары, фестивальдар ұйымдастырылып, кинозалдар мен театрға барып, музейлерді аралады, тарихи орындарға саяхат жасады. Биыл осындай іс-шаралар үшін бюджеттен 12,8 млн теңге бөлініп отыр.
Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 150 төсек-орындық «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-сында заманауи талаптарға сәйкес құрал-жабдықтармен қамтылған емдік кабинеттер, дәрі егу, уқалау, емдік денешынықтыру бөлмелері, биованна, сенсорлық кабинеттер, тренажер залы, мәжіліс залы, спорт зал, шаштараз, кітапхана, тігін, ағаш шеберханалары бар. Оңалту шаралары аясында қызмет алушы бассейн, тірек-қимыл аппараттарын қалпына келтіруге арналған түрлі құрылғылар, локомат аппаратын пайдаланумен қатар, өз қолымен еккен жеміс-жидектерді қарап, саябақта тынығады. Былтыр орталықта оңалту іс-шараларынан өткен 1 054 адамның 185-інің, биылғы 3 айда қызмет алған 280 адамның 73-нің денсаулығында оң нәтиже байқалған.
Биыл облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен мүгедектігі бар адамдарға оңалту шараларын жүргізуге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 270 млн теңге, соның ішінде «КРИСАФ» (тірексіз күйдегі локомоторлық терапияға арналған ақпараттық-бағдарламалар кешенін) медициналық құрылғысын сатып алуға 204 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық орындарда, жаңадан салынып жатқан аллея, ғимараттарға айына бір мәрте рейд жұмыстарын жүргізіп тұратын «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ мүшелері де кейінгі жылдары мемлекеттік мекемелер тарапынан оң көзқарас байқалып отырғанын айтады.
«Енді түрлі дәріхана, тамақтану орындары солардан үлгі алса екен. Олардың көпшілігіне мүгедектігі бар жандардың кіріп-шығуы әлі де қиындық тудырады. Пандустардың ыңғайсыздығы, баспалдақ қатарларының көптігі де біз үшін аз кедергі емес. Кәсіпкерлер арасында бұл мәселеге түсіністікпен қарап, біз үшін жайлы жағдай жасап отырғандар да бар. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда қазір облыста қолжетімді орта қалыптастыру қадамдары айқын көрінеді», дейді қоғамдық бірлестік төрағасы С.Сиюов.
Қызылорда