Қоғам • 14 Мамыр, 2024

Сенаторлар «Бақытты отбасы» орталығы қызметімен танысты

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның бір топ депутатымен бірге әйелдерді қолдауға арналған «Бақытты отбасы» білім және ақпараттық-консультациялық орталығына барды. Орталық жетекшісі Ырза Тұрсынзада «Бақытты отбасы» бірінші кезекте көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз, қиын жағдайға тап болған және жалғызбасты аналарға жан-жақты қолдау көрсететін платформа екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар «Бақытты отбасы» орталығы қызметімен танысты

Фото: Н.Байбулин

«Бақытты отбасы» орталығында мамандандырылған кабинеттер жұмыс істейді. Сондай-ақ өзін өзі дамыту үшін және жеке кәсібін бастауға жол ашу мақсатында кондитерлік іс, тоқыма, ағылшын тілі, жұмсақ ойыншықтар тігу және тағы басқа кәсіп түрлерін үйрететін тегін курстар қарастырылған.

Сенат спикері әйелдер құқығын қорғауда және инклюзивті Қазақстан қалыптастыруда осындай орталықтардың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға арналып әзірленген заңдар қабылданып, мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастыруға жауапты уәкілетті органның мәртебесі айқындалды, қиын жағдайға ұшыраған отбасыларды қолдауға арналған ережелер қарастырылып, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстың жауапкершілігі күшейтілді. Аталған бағыттағы міндеттерді іске асыруда «Бақытты отбасы» секілді орталықтар маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта бірлескен жұмысымыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жайлы жағдай жасауға және отбасы институтын нығайтуға тың серпін береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара соңында Орталық басшысы жаңа бастамаларға қолдау білдіріп, ынтымақтастық танытқаны үшін сенаторларға алғыс айтты. Сондай-ақ ол алдағы жоспарларына тоқталып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа ұсыныстарын ортаға салды.