Пікір • 15 Мамыр, 2024

Блинкен сапарының салмағы

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәуір айының соңында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайға сапармен барды. ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен 3 сағат, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен 35 минут сөйлесті. Мемлекеттік хатшы сауданы бұрмалайтын және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін Бейжіңнің нарықтық емес экономикалық саясаты мен тәжірибесіне тоқталды.

Блинкен сапарының салмағы

Дипломаттың айтуынша, Тайваньға қатысты қақтығыс «бүкіл әлемге тікелей әсер ететін экономикалық дағдарысқа әкеледі». Өйткені әлемнің коммерциялық контейнер тасымалының 50%-ы Тайвань бұғазында, ал жартылай өткізгіштердің 70%-ы осы аралда өндіріледі. Сонымен қатар Э. Блинкен ҚХР-дың Ресей қорғаныс-өнеркәсіптік базасын қолдауына қатты алаңдаушылық білдіріп, тіпті Ресейді қолдағаны үшін санкция саламыз деп ескерткен.

Бұған дейін Э. Блинкен Бейжің ресейлік қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне барынша көмектесіп, «құралдар, материалдар және техникалық жабдықтармен» қамтамасыз етіп жатқанын айтқан болатын. «Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, Қытай Ресейге станок, микроэлектроника, әскери оптика, нитроцеллюлоза және жауынгерлік ұшқышсыз ұшақ, зымыран, танк пен ұшақ жасау үшін қолданылатын басқа да өнімдерді жеткізуді арттырған.

Сайып келгенде, АҚШ Украинамен соғыс­та шешуші рөл атқарды деп есеп­тейтін қос мақсаттағы тауарларды Ресейге жеткізуге жол бермеуге бағытталған қосымша санкцияларды меңзеп отыр. Әйтпесе, таяуда Украинаны қолдау аясында бюджеттен бөлінген 61 млрд доллар зая кетуі мүмкін. Осындай сапар кезінде бізді қызықтыратын маңызды мәселе – жабық форматта қандай сыр мен әңгіме айтылды, қатаң шарттар қойылды ма, тараптардың ұстанымдары қалай деген сұрақтар. Біздегі ақпаратқа сәйкес Вашингтон Бейжіңге бұл мәселе бойынша кешенді шаралар қабылдау үшін 180 күн мерзім берген. Егер шара болмаса, сыртқы сауданы шектеуі ықтимал. Ең қызығы, «Мен Си Цзиньпинге Қытай бұл мәселені шешпесе, біз шешеміз деп айттым», деді Блинкен.

Қытай мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 11,6%-ға төмендеп, 664,45 млрд долларды құрады. АҚШ – Қытайдың АSЕАN мен Еуропалық одақтан кейінгі үшінші ірі сауда серіктесі. Қытайдың кеден дерегіне сәйкес Қытай экспорты 2023 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,1%-ға азайып, 500,29 млрд долларды құрады, ал импорты 164,16 млрд доллар болды.

Егер Вашингтон мен Бейжің арасындағы ахуал күрделенсе, ол Қазақстан экономикасына ықпал етуі мүмкін, өйткені РФ-ға қос мақсаттағы тауар жеткізілімі Қазақстан арқылы жүзеге асырылуы ықтимал. Осыған дейін қос мақсаттағы тауарлар көрші ел – Қырғызстан арқылы тасымалданған.

2024 жылдың басында АҚШ пен ЕО санкциялардың жаңа 13-пакетін қабылдап, оған 106 жеке және 88 заңды тұлға кірді. Тізімге ресейлік компаниялардан бөлек Өзбекстан, Қазақстан, Қытай, Гонконг, Таиланд, Үндістан, БАӘ компаниялары да енген. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі тұжырымдар мен болжамдарды жасауға болады.

Біріншіден, Вашингтон қорғаныс шаралары үшін Киевке беріп жатқан көмекті (61 млрд доллар) дипломатиялық,  халықаралық байланыс ресурстарымен барынша сүйемелдейтін болады. Оның нәтижесін осы жылдың желтоқсан айына дейін алуға бар күшін салады. Себебі АҚШ-та  президенттік сайлау науқаны таяп қалды.

Екіншіден, Қазақстан – Ресейдің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан РФ азаматтары еліміздің аумағында шапшаң ашылып-жабылатын біріккен фирмалар арқылы қос мақсаттағы тауарларды транзитпен тасуы ықтимал.

Үшіншіден, Қазақстан 106 тауар түрін РФ-ға экспорттауға тыйым салды. Олар бізде өндірілмейді, бірақ бұрын еліміз арқылы реэкспортталатын. Демек жасырын реэкспортталуы мүмкін.

Төртіншіден, сыртқы сауда бойынша айтылған тәуекелдер шекара, кеден, көлік және өзге де профильдік меморгандарға қосымша ауыртпашылық салатыны сөзсіз.