Кино • 15 Мамыр, 2024

«Қара қыз» көрерменін күтеді

151 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада соғыс кезіндегі қыздардың ерлігін бейнелейтін «Қара қыз» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Айтулы кинотуынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен түсірілді. Фильм режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.

«Қара қыз» көрерменін күтеді

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Әскери драма Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезіндегі сарбаз­дарымыздың көзсіз ерлігі мен батылдығы, сонымен қатар қазақ қыздарының қайсарлығынан сыр шертеді. Фильм сюжетіне арқау бол­ған бас кейіпкер – «қа­ра қыздың» тағ­дыры, отты жылдардағы боямасыз өмір көрі­ністері һәм сұрапыл жыл­дардың бар­лық тақсіретіне қарамастан, бірін-бірі табатын кейіпкерлердің оқиғасы көңіл қозғайды.

«Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек тындырған аза­маттардың адами құндылықтары, достық пен махаббат сынды аяулы сезімдерін баян­дайды. Соғыстың қасіреті, адамзат жанына салған жарасы ешқашан жазылмақ емес. Сол секілді осынау бейбіт өміріміз үшін жанын беріп, майдан даласында қыршыннан қиылған боздақтардың ерен еңбегін де мәңгілік жадымыз­да сақтау – парызымыз», деп ағынан ақ­тарылған автор соғысқа қазақ­тың 7 қы­зы оператор болып кетіп, өкінішке қарай, қайта оралмағанын, бұл туынды майданнан қайтпаған аруларды еске түсіретін туынды екенін баса айтты. Режиссердің айтуынша, фильм идея­сын ең алғаш ұсынған адам – қазақ қыз­дарының арасынан шыққан тұңғыш кәсі­би режиссер Дариға Тінәлина. Соғыс кезінде КСРО орталық киностудиясында қызмет етіп, отты жылдарды көзімен көрген суреткер майдан даласындағы еленбей қалған қазақ қыздарының ерлігін көрсететін фильм тү­сіруді армандайтынын айтып, тілегін сол кездегі студент Талғат Теменовке жеткізіпті.

«Қазақтан шыққан 7 оператор қыздың соғысқа аттанып, қайтып оралмаған қасіретті тағдыры туралы мен Мәскеудегі С.Герасимов атындағы Бүкіл­ресейлік кинематография институтында (ВГИК) Сергея Соловьевтің режиссерлік шеберханасында оқып жүрген кезімде Дариға Тінәлинаның аузынан естіген едім. Тақырып мені қатты қызықтырды. Ұзақ жыл ойымнан кетпей толғантып жүрді. Нәтижесінде, «Қара қыз» фильмі өмірге келді», деп Талғат Теменов түсірілім туралы сыр ашты. Сонымен қатар фильм­ге түскен актерлердің көпшілігі үлкен киноға алғаш қадам басқан жаңа есімдер екенін де тілге тиек етті.

Фильмде басты рөлдерді жас актерлер – Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин сомдап шықты. Нұрай үшін бұл кинодағы дебюті болса, Ерлан – көптеген телехикая­дан көрініп жүрген талантты актер. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлім­бек Оразбеков, Медғат Өмір­әлиев, Әсет Иманғалиев бастаған кәнігі шебер актерлер ойыны да кәсібилігімен көрерменін тәнті етті. Ал фильмге саундтрек болған «Қарағым-ай» композициясын Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген орындады.

Аталған тауындыда режис­сермен актерлердің табысты ізденісінен бөлек, қоюшы оператор Марс Омаров пен суретші Еркен Сүлейменовтің де еңбегін ерекше атап өтуге болады. Сол кездің бүкіл ахуалы мен бейне­сін толық беру үшін жазық далада ІІ дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы тұтас бір ауылды бейне­леуде суретшілер аянбай тер төкті.

«Тылдағы елдің тыныс-тір­шілігін бейнелейтін ауылды тұрғызуға бір жарым айдай уақыт кетті. Бұл өте қиын болды. Айдалада, айналада ештеңе жоқ, он шақты адам жұмыс істедік. Ауыл өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы архивтік құжаттар негізінде жасалды. Бас-аяғы он бес ғимарат салдық», дей­ді картинаның қоюшы-сурет­шісі Еркен Сүлейменов.

Фильм көруге келген қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағы­ның батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров: «Соғыста қазақ қыздары көп болды. Бір ғана мен туып-өскен Қарағандының өзінен қаншама қаһарман шықты. Өкінішке қарай, көпшілігінің ерлігі ес­керілмей қалды. Солардың бі­реуінің тағдырын бүгін фильм­нен көрдік. Соғыстың қалай болғанын режиссер жан-жақты, әсерлі көрсете білді. Бүгінгі бейбіт өміріміздің жолында осындай қаншама қайсар қыз­дарымыз қыршыннан қиыл­ды ғой. Фильмнен ерлікті, өрлікті, қайсар мінезді көрдік. Басты­сы ма­хаббат, достық, адалдық сынды адами құндылықтардың куәсі болдық. Мұндай туындылар көптеп түсірілуі қажет. Өскелең ұрпақ өз батырларын біліп өсуге тиіс», деді ғарышкер.

Қазақ ұлттық Өнер универ­ситетінің ұстазы, белгілі кино маманы Талғат Тайшан «Қара қыз» туралы: «Бұл – ре­жиссер Талғат Теменовтің кәсіби тұрғы­дан нағыз кемеліне келіп, болып-толысқан шағында түсірген табыс­ты туындысы. Фильмге түскен актер­лердің ізденісі де көз қуантып, көңіл марқайтады. Әсіресе картинаның қоюшы операторы Марс Омаровтың ізденісіне құрметім айрықша» деп толғанса, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел: «Қара қыз» картинасында Тал­ғат Досымғалиұлының режиссер ретіндегі кәсіби қызметінен бөлек, адам ретіндегі азаматтық, суреткерлік ойлары да айшықты бедерленіпті. Фильм жансыз емес, онда сезім бар, адам өмірі­нің күнгейі мен көлеңкесі қатар өрілген боя­масыз шындығы жатыр», деді.

Ал Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі кинотуынды Қара қыздың тағдыры арқылы соғыс кезінде ең үлкен ауыртпа­лықтың қыздарға, әйелдерге, тылдағы аруларымызға түскенін шынайы көрсете білгенін айтты: «Бұл фильм – майданда болған қаһарман қыздарымызға қойыл­ған керемет ескерткіш әрі келесі жылы 80 жыл болатын Жеңіске тамаша тарту деп қабылдаймыз», деді Д.Қыдырәлі.

Жалпы бюджеті 547 млн 636 мың теңгені құрайтын фильм түсірілімі өткен жылы Сол­түстік Қазақстан облысының аумағында, Петропавл қаласы­ның маңында, сондай-ақ Алматы облысының Ақши аулында өтті. Бір айға жуық уақытта түсі­ріліп, тұтас бір дәуірдің шын­ды­ғын боямасыз суреттеген тарихи драма қыркүйек айында жалпыхалықтық көрсетілімге шығады деп жоспарлануда.

«Менің мақтанатыным, фильм­ге түскен актерлердің 80 пайызға жуығы – жаңа есімдер. Барлығы да талантты. Түсірілім алаңында әрқайсысы жанын салып жұмыс істеді. Сол үшін де командамда болған барша жанға ризамын. Жалпы, кино өте қысқа уақыт, небәрі 22 күннің ішінде түсірілгенімен, монтажы өте ұзақ жүрді. Қар­жы жетіспей қалды. Десе де фильм­нің көрерменге жол тартуына Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қол­дау орталығы қолдап, нәти­же­сінде бүгін алғаш­қы көрер­менімен қауышып отыр. Бар­лығына алғысымды білдіремін. Әсіресе ұлттық өнеріміздің өркендеуіне ұйытқы болып жүрген министр Аида Балаеваға рахмет айтқым келеді. Рас, бұл фильм бүгінгі кинонарықты жаулаған комедиялар сияқты қыруар көрермен жинамайтын шығар. Алайда осындай жұмыстар соғыс кезіндегі батырлар үшін, әсіресе олардың соғыста болғанын көрсететін, дәлелдейтін кинолардың бірі деп білемін», деді режиссер көрсетілімнен соң жаңа жұмысы туралы толғанып.

Қазақ кинематографиясының қор­жынын тағы бір тұшымды туындымен толықтырған «Қара қыздың» көрермені көп болсын дейік ендеше!