Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Гидрология дегеніміз – табиғи суларды және оларда болатын құбылыстар мен үдерістерді зерттейтін ғылым саласы. Бұл құрлық және мұхиттар мен теңіздер гидрологиясы болып екіге бөлінеді. Құрлық гидрологиясы өзендер, көлдер мен бөгендер, батпақтар, жерасты суларының гидрологиясы (гидрогеология), мұздықтар гидрологиясы (гляциология) болып бөлінеді.
Ауыл шарушылығы мен экономиканың басқа да салаларын сумен қамтамасыз ету, электр қуатын алу, көпірлер салу, тағы басқа мәселелерді шешу жөнінде гидрологияның маңызы өте зор. Республика аумағындағы 85 мың өзен мен маусымдық жылға, 48 мыңнан аса көл, үлкенді-кішілі жүздеген бөген мен тоғанның гидрологиялық жағдайы олардың орналасқан жеріне және климаттық жағдаймен тығыз байланысты. Еліміздің жазық жерлерінде жиналған қар, еру режімі, қар түсу мен қар еру кездеріндегі метеорологиялық жағдайлар мен топырақтың гидрофизика ахуалы тұрақты түрде бақыланып, зерттеледі. Міне, гидрологияның осындай маңызды жұмыстарды атқаруы еліміздің Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі аясында жүргізіледі.
Қазақстандағы гидрометеорологиялық қызметінің тарихы тереңде жатыр. Алғашқы метеорологикалық бақылау ХIХ ғасырдың ортасында, 1848 жылы Қызылорда облысындағы Қазалыда басталған. Олардың саны ХХ ғасырдың басында 28 стансаға жеткен. Ал гидрологиялық бақылау кештеу дамыған, 1900 жылдары Қазақстанда Ертіс өзенінде су деңгейін өлшейтін 4 қосын болған, олардың саны 1917 жылға қарай 25-ке дейін өскен.
Елімізде метеорологиялық бюро 1922 жылдың қаңтарында Орынбор қаласында Наркомзем құрамында құрылған, ал гидрологиялық бақылау Су шаруашылығы басқармасының қарамағында болған. 1930 жылы Метеорологиялық бюро мен Қазводхоздың гидрометбюросының негізінде Қазақ АКСР-ның Гидрометеорологиялық комитеті құрылып, оның алғашқы төрағасы болып белгілі саяси қайраткер Ораз Жандосов тағайындалған. Сол жылдары комитет құрамына әр жерде шашыраңқы болып жүрген 102 гидроқосын, 20 метеостанса берілген. Он жыл ішінде, яғни 1940 жылы гидроқосындар (посттар) саны 175 болған. Соғыс жылдары гидрометеорологиялық қызмет түгелімен Қарулы күштер құрамына кірген. Бұл олар атқаратын қызметтің маңыздылығын көрсетеді.
1978 жылғы 30 наурызда КСРО Министрлер кеңесі жанындағы гидроме-теорологиялық Бас басқарма өздігінше Мемлекеттік комитет болып өзгергеннен кейін біздің елде бұл басқарма 1979 жылы Қазақтың республикалық гидрометеорология басқармасы деп аталды.
Қазіргі «Қазгидромет» мекемесінің мәліметтерін қарап отырсаңыз, Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметі 1999 жылдың 2 наурызында Үкімет қаулысымен Қазақтың республикалық гидрометеорология басқармасы негізінде жаңадан Табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Республикалық мемлекеттік мекеме (РММ/РГП) «Казгидромет» құрылғаны жазылған. Бұл тарихи деректерді өрескел бұрмалау болып тұр.
Қазақстан егемендік алғаннан кейін бұл саланың қызметі жоғарғы деңгейде болды. 1992 жылдың 7 ақпанында кеңес одағында орталыққа бағынышты болған басқарма негізінде Президент Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Гидрометеорология бас басқармасы (Қазгидромет) болып құрылды. 1995 жылдың 19 қазанында Президент Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы мекеменің мәртебесі жоғарылап, ол Қазақстан Республикасының гидрометеорогия бас басқармасы болып өзгертілді. Сөйтіп, бұл мекеме еліміздегі мемлекеттік басқарудағы орталық атқарушы орган саналды. Басшысы «министр» мәртебесіне ие болды, байланыс телефоны ВЧ және «Кремлевка», яғни Президент, Премьер-министр, министрлер мен облыс әкімдерімен тікелей байланысқа шығатын мүмкіндікке қол жеткізді. Үкіметтің автошаруашылығы көліктік қызмет көрсетті. БҰҰ ұйымы жанындағы Әлемдік гидрометеорологиялық ұйымда Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің басшысы Қазақстанның өкілі болып, дипломатиялық паспорт иеленді. Бұл мәртебе Қазгидрометтің гидрометеорологиялық информацияларды атқарушы билікке, құқық қорғау органдарына, БАҚ өкілдеріне, басқа тұтынушыларға тегін беру, мемлекеттік гидрометеорологиялық бақылау бекеттерін ұстап тұру және өркендету, яғни оның санын көбейту, қысқа және ұзақмерзімді болжамдар дайындау, құбылыстарды зерттеу, ең маңыздысы, гидрометеорологиялық апаттық құбылыстар туралы ескерту жасау және тағы басқа қызметтерді кеңінен көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл мәртебеде 1,5 жылдай болғаннан кейін Қазгидромет 1997 жылы агенттік ретінде Экология және биоресурстар министрлігінің құрамына енді.
1997 жылғы Үкіметтің реформасына сәйкес бюджеттік мекемелердің саны қысқартылып, жаппай мемлекеттік кәсіпорындар ашу науқаны басталып кеткен еді. Сол жылдың 10 қазанында Қазгидромет жаңа құрылған Экология және табиғат ресурстары министрлігінің құрамында Республикалық мемлекеттік қазыналық мекеме болды. Қазгидрометті мемлекеттік мекеме ретінде бюджеттен тікелей қаржыландыруды тоқтатуға басшы ретінде мен және мамандар қарсы болдық. Бұл режімде мекеме 2 жыл жұмыс істеді де, кейін Табиғат ресурстары және қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылғанда ол соның құрамына кірді. Министрлік Көкшетау қаласында орналасты, оның басшылығына С.Дәукеев келді. Нарықтық қарым-қатынасты тереңдету мақсатында Республикалық қазыналық мекеме шаруашылық жүргізуші (Республикалық мемлекеттік кәсіпорын) болып өзгерді. «Шаруашылық жүргізуші» кәсіпорыннан «Қазыналық» деген сөздің айырмашылығы мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат жетпеген жағдайда үкімет қосымша қаржы бөлетін еді.
Ақша табу үшін барлық гидрометеорологиялық деректер тұтынушыларға нарықтық бағамен сатылатын болды. Міне, сол кездері гидрологияның құзыры түсті де, бұл қызметтің тоқырауы басталды. Гидрометтің мемлекет қамқорлығынан, яғни бюджеттік қаржыландырудан шеттетіліп, нарық айдынына шығаруда осы екі адамның еңбегі зор. Міне, енді соның жемісін, биылғы су тасқынында бүкіл ел көріп отыр.
Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметінің басшылығына мен 1994 жылдың күзінде Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің экология бөлімінің меңгерушілігінен келдім. Ол кезде бұл қызмет Министрлер кеңесі жанындағы Гидрометеорологиялық бас басқарма деп аталатын. Жоғарыда айтқандай, басында бұл саланың құзыры мүмкіндігінше көтерілді, бірақ 1999 жылы Қазгидромет кәсіпорын болып қалғанда қызметтен кеткен едім. Бұл саланы бес жыл басқарған тәжірибеме байланысты бүгінгі таңда сарапшылық пікір айтуға құқығым бар деп есептеймін.
Гидроқосындардың динамикасын ашық деректерден табу қиын. Сондықтан мен оны өзімнің кезінде шығарған «Гидрометеорология и мониторинг природной среды» (1996) және «Управление и экономическая эффективность гидрометобемпечения Казахстана» (1997) атты екі монографиямнан алдым.
70-жылдардың басында гидрологиялық қосындар (пост) саны 418 болды, олардың 338-і су ағынын, 146-сы су тасуын, ал 193 қосында судың химиялық құрамы тексерілген. 47 пункт су бетінің булануын қадағалаған. Сол кездері үлкен су қоймалары мен оларға құятын су ағысын зерттейтін арнайы обсерваториялар мен кешенді стансалар құрылған. Ал бұл жүйенің құлдырауы 1998 жылдан, яғни бұл саланың өзін-өзі қаржыландыруға көшірілген уақыттан басталды. Сол жылы гидроқосындар саны 268 болып қалды. Қазір олар – 377. Өткен ширек ғасырда бар болғаны 109 қосынға көбейген, бірақ мұнан 50 жыл бұрынғы деңгейге жету үшін әлі 41 қосын қажет. Жалпы, БҰҰ Әлемдік метеорологиялық ұйымының талабы бойынша Қазақстанда тұрақты түрде 740 гидроқосын жұмыс істеуге тиіс. Бұл үшін тағы 363 қосын қажет, яғни екі есе көбейту керек деген сөз. Гидрологиялық жүйені қалыптастыру мемлекеттің жауапкершілігіндегі шаруа, бұл – әлемдік тәжірибе және талап.
1998 жылы бекітілген гидрометеорологиялық қызмет пен қоршаған ортаның жағдайы туралы анықтама-деректердің баға прейскурантына сәйкес гидрологиялық болжамдардың 168 түрі бойынша жасалып тұрды. Ал қазіргі жағдайға байланысты нақтырақ айтатын болсақ, №3-2120 «Жазық жердегі өзен бассейіндері алқабында ылғал жинау туралы анықтама-кеңес беру» деген қызмет Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша арнайы жасалған. Олардың бағасы – әр облыс бойынша 92 297-184 593 теңге аралығында (сол кездегі бағамға сәйкес орташа алғанда 2 мың доллар). Сонымен қатар «Көктемдегі су тасқынының апатты мөлшері, судың жайылуы мен су басу туралы ескерту» әр гидроқосын бойынша жасалып отырды. Оның бағасы 2 513 теңге болған.
Ал қазір Қазгидрометтің гидрология департаменті су тасқынына байланысты алдын ала, негізгі және қорытынды деп 3 болжам жасайды, күнделікті және апта сайынғы гидрологиялық бюллетень шығарады, таудағы қар қалыңдығы туралы ақпарат дайындайды, сонымен болды. Соңғы шыққан Экологиялық кодекске сәйкес және министрлік бұйрығымен мемлекеттік және халықаралық маңызы бар ақпараттар барлық тұтынушыға тегін беріледі. Жалпы, ақпараттың екі түрі бар, бірі жалпы, екіншісі арнайы дайындалған, соңғысы ақылы түрде беріледі және ол арзан емес.
Соңғы апатты жағдайларға байланысты барлық гидрологиялық деректер тегін беріліп жатыр, ал бұл – шаруашылық негізде құрылған кәсіпорынның нарықтық саясатына қайшы келетін қадам. Сондықтан бұл мекеме қайтадан бюджеттен қаржыландыруға көшіріліп, Үкімет жанындағы дербес агенттік болғаны дұрыс деп есептеймін. Оған да негіз бар. Бұрынғы кеңестік республикалардың гидромет қызметі Мемлекетаралық гидрометеорология кеңесінде бірлесе жұмыс атқарады, солардың ішінде ең мәртебесі жоғарысы Өзбекстанның гидрометеорологиялық орталығы (бұрын оның басшысы министр мәртебесінде үкімет мүшесі болатын), Түрікменстанда Министрлер кабинеті жанында Ұлттық комитет аталады, Тәжікстанда Үкімет жанындағы қоршаған ортаны қорғау комитетінде агенттік болып тіркелген, Ресейде, Қырғызстанда, Молдовада, Әзербайжанда әр министрліктер жанында федералдық, ұлттық, мемлекеттік гидрометеорологиялық қызмет, Беларусь пен Арменияда республикалық орталық, ал Украинада басқарма деп аталады. Тек Қазақстанда ғана гидрометеорология қызметі кәсіпорын мәртебесінде.
Ал апаттық жағдайды тудыратын қандай себептер десек, бірінші кезекте әлемдік жылыну үдерісін айтуға болады. Оның зардабын көптеген мемлекет көріп жатыр. Бұл – жаңбырдан болған Сауд Арабиясындағы су тасқыны, Еуропада жаңбыр аралас жұдырықтай бұршақтың жаууы, Африка елдерінде қар жауу, Америкадағы алапат құйын, тағы басқалар. Сонымен қатар табиғатта кей жылдары қарлы, жаңбырлы немесе қуаңшылық болып жатады. Оған қоса 10, 20, тіпті 50 жылда қайталанып жататын ауа райының циклдары да бар. Сондықтан жоспарланып, межеленіп келетін қар мен жаңбыр, суық пен ыстық жоқ.
Табиғаттың бұл құбылысын зерттеп отыратын гидрология, ал біздің елімізде 8-9 мың шаршы шақырым аумақта тек бір гидроқосын қана орналасқан және олардың ұзындығы 1000 км өзендер жағасында. Шағын өзен-көлдерде кейінгі 20-30 жылда оның 40 пайызы жабылған. Сондықтан кезінде құзыры құлдыраған, бюджет қаржысынан шеттелген гидрологияның мүмкіндігі шектеулі.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, Гидрометеорология саласының үздігі