Театр • 16 Мамыр, 2024

«Sensitive» ұсынған перформанс

67 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы «Жастар» театрында «Sensitivе» өнер ұжымы Александр Гриннің әйгілі «Алқызыл желкендер» повесінің желісімен әзірленген «Толқындардың жолын кесу» атты пластикалық перформансты көпшіліктің назарына ұсынды. Есту қабілеттері төмен өнерпаздар сахналаған қойылым көрерменді ертегілер әлеміне жетелеп, өмірдің философиялық мәніне терең үңілуді, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қарауды үндейді.

«Sensitive» ұсынған перформанс

Спектакльге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор арнайы барды. Палата спикері театр әртістерінің шеберлігін жоғары бағалап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ортаға бейімдеуде, оларды оңалтуда өнердің атқаратын рөлі зор екенін айтты. Сондай-ақ ол елімізде аталған санаттағы адамдарды қолдауға ең жоғары деңгейде баса мән беріліп, бұл бағытта кешенді және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат спикері өздерінің қажыр-қайратымен барша көрерменді жігерлендіріп жүрген «Sensitivе» би ансамблінің ұжымына және жобаның көркемдік жетекшісі, талантты жастар­дың дарынын шыңдап, оларды жаңа жетістіктерге жетелеп келе жатқан Ольга Ростовщиковаға алғыс білдірді.

Айта кетейік, «Sensitivе» театры осыдан 18 жыл бұрын Петропавл қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернаттың базасында құрылған. Қазіргі таңда елімізбен бірге бірқатар шет мемлекетте де аты мәлім бұл өнер ұжымы көптеген халықаралық байқау мен фестивальдің лауреаты.