Еңбек • 16 Мамыр, 2024

Кәсіпкер жетістігінің сыры неде?

221 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Көнекөз қарттар «Әр істің бір қайыры бар» деуші еді. Рас шығар. Бәлкім, осы оқиға басына түспесе, біздің кейіпкер бизнес әлеміне бармас па еді? Бір кезде жұрт жабыла сөккен бұл азаматтың қазір абыройы асқақ, беделі биік. Жаңаөзен тумасы Темір Лесовтің табыс тарихына үңіліп көрелік.

Кәсіпкер жетістігінің сыры неде?

Той қарсаңындағы «тосынсый»

Ол әу баста әкесінің жөн көрсетуімен мемлекеттік қызметкер болғысы келеді. Кәсіби мансабын сол кездегі Көлік және коммуникация министрлігінде 2012 жылы бастап, 2016 жылдың соңына дейін еңбек етеді. Сол жылы бауырлары Астанаға оқуға түсіп, Темір елдегі әке-шешесінің қолына барады. Жаңаөзендегі қалалық білім бөліміне конкурстық не­гізде қызметке орналасады. Туған өлке­ге оралудың соңы күтпеген оқиғамен аяқталады.

– Жаңаөзенде қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметіне кірістім. Міндетім – қаржы және экономикалық бағытта, кіріс-шығыс есептерін қадағалау болды. Сол жылы қалыңдығыма сырға салып, той қамына дайындалып жүрген едім. Аяқ астынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жігіттері мені кәдімгі қоғамдық монша ішінде тұтқынға алды. Себебін өзім де білмедім басында. Сондағы қояр кінәсі – мен лауазымымды асыра пайдаланып, ақша бопсалаппын. Әлі күнге дейін жазықсыз екенімді дәлелдей алмай келемін. Жоғары сотқа дейін барсам да нәтиже шықпады. Меніңше, «айыпты» болуыма сол жылдары Жаңаөзендегі жалғыз гимназияға балаларды еш сынақсыз қабылдату, мектептерде ыстық тамақ ұйымдастыру бо­йынша кәсіпкерлердің кейбір конкурстық талаптарды дұрыс орындамауына, басқа да кемшіліктерге қарсы тұрғаным себеп болған сияқты. Арнайы жала ұйымдастырып, қызметтен қуды. Ең жаманы, парақор атандым. 2017 жылы 15 желтоқсанда қылмыстық іс қозғап, мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салды. Сот шешімімен 20 млн теңге айыппұл ілді. Пәтерімді сатып, одан құтылдым. Қанша арыздансам да қолым әділдікке жетпеді. Екі жылға жуық іздендім. Істің соңы болмайтынын түсінгенде, қолымды бір сілтедім, – дейді кейіпкеріміз.

ж

Той қарсаңында «тосынсыйға» тап болған жігітіміз соттан кейін шаңырақ көтерді. Бірақ бір жарым-екі жылдай жұмыссыз қалды. Сол аралықта әкесі де белгілі себептермен қызметтен босайды.

«Шыны керек, қатты күйзелдім. Тіпті аяғы ауыр келіншегім әлдебір тәттіні қалап жегісі келгенде, оны алып бере алмаған кезім де болды. Бірақ үстімнен арыз ұйымдастыруға қатысқан, арнайы ұйымдастырумен пара бермек болған кәсіпкер кейін шындығын айтты. Ол азамат өзіне қол жұмсап, дүниеден қайтты. Өлерінен бұрын хат жазып, өз қалтасына салып кетіпті. Онда менің жазықсыз екенім, өзін осыған қорқытып итермелеген адамдар туралы да жазылған. Арнайы экспертизада жазудың сол марқұмдыкі екені анықталды», деді Темір.

 

Сынақтан кейінгі серпіліс

2018 жылдың ортасынан 2020 жылға дейін жұмыссыз болған жігіт алға қойған арман мен үмітін қатар ұстап, өзіне мүлде таныс емес бизнес саласына бет бұрады. Одан басқа амалы да жоқ, өйткені жұмыс беруші алдымен «соттылығы жоқ» деген анықтама сұрайтын.

«Пандемия кезінде ешкі бағып, сүтін сатқанбыз. Солай жүріп, ет сату нарығында қаржы мол болатынын білдім. Өзіміз үйге ет алғанымызда 60-70 мың теңге шығындаймыз. Неге осы саланы байқап көрмеске? Есептесем, Жаңаөзенде 170 мың адам тұрады екен. Статистика бойынша бір адам орташа есеппен 6,4 кило ет жейді. Мен әдейі 170 мың тұрғынды 150 мың деп алып, 6,4 кило етті салмағын түсіріп, 2 кило деп есептедім. 150 мың адам бір айда екі кило ет жегеннің өзінде, бұл – 300 тонна ет. Біз жақта ет бағасы 3000 теңге болса, 900 млн теңге қаржы деген сөз. Қарапайым есеп қой. Осы ниетпен аз-аздан кәсіп бастап, ет сату ісін жіті зерттей түстім. Оның үстіне бір уақыттары өзіміз үйден соймасақ, сыртқа барып сатып алатын еттің сапасына да күмән келе бастады. Бұл қандай мал, қалай сойылды деген сұрақтар туындады», дейді бүгінгі кәсіпкеріміз.

2020 жылы 21 қыркүйекте «Korkem Alem» серіктестігін ашып, оны заңды түрде тіркеген соң Темір көрші Орал қаласындағы «Қоржын» ет комбинатымен байланысып, өзара келісім арқылы Жаңаөзенге ет тасымалдауға кіріседі.

«Жергілікті биліктен қолдау болды. Өйткені бұрын ет мол көлемде Қос­танай жақтан келіп тұрды. Бізде мектеп, бала­бақ­шадан бөлек, мұнай компаниясы көп. Олардың асханасына ет керек. Басында Қостанай жақтан келетін көлемнен бірнеше есе аз кө­лемде ет тасып жүр­дік. Кейін жа­қын адамдарымның бірі, Сахи есімді аза­маттан қарызға ақша алып, кәсіпті кеңейттім. «Жаңаөзен қаласында ет комбинатын салу және Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан ет сату дүкендерін ашу» туралы бизнес-жобамды қорғап шықтым. Әкімдік пен мұнай компания­лары жобама қызығушылық танытты. Мекемелермен келісімшартқа отыра бастадық. Ал кәсіпорын атауын «Korkem Alem» деп қойған себебім – алдымдағы ендігі әлем тек әдемі, көркем болып қа­лыптасса екен деген ниеттен туды», деп алғашқы қадамдарын еске алды.

 

Қазақ қазанына ет салмай отыра ма?

Жобасы сәтті қолдау тапқан соң Темір Лесов бірден комбинаттың жоба-сызбасын дайындап, ескі мал сою орнын табады. Толық жөндеуден өткізіп, үлкейтеді. Бұл үшін сенімгерлікпен жақындарынан тағы да қарыз алады.

«Комбинат ашатын кезде қол­даныстағы заңның барлық ере­же­сін, акті­лерін қа­рап, ет өндірісі мен сату бойынша 152 ереже мен талап бар екенін білдік. Компания сол шарт­­тар­дың барлығын орындап келеді. 166 қызметкер бар. Орташа айлық – 290 мың теңге. Қызметкерлердің бәрі де жергілікті азаматтар. Инвес­тицияны ең алдымен осы адами ресурстарға құюға, қызметкерлерді оқытып, біліктіліктерін арттырып отыруға тырысамыз. Бірнеше қыз­меткеріміз биыл еткен еңбегі үшін Ауыл шаруашылығы министрінен арнайы төсбелгі, Құрмет грамотасы мен Алғысхат алды. Бұл да біз үшін, жергілікті мамандар үшін үлкен сер­піліс болды. Яғни жобамыздың тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы да бар. Расы сол, Маңғыстауда ет комбинаты бұрын болмаған. Ал қазір облыстағы алғашқы әрі жалғыз, діни басқарманың халал сертификатын ал­ған ет комбинатымыз бар. Заманауи жаб­дықтармен қамтылған. Бір айда ұсақ малдан бөлек, 400 басқа дейін ірі қара соямыз. Облыспен бірге Жаңаөзен халқының 35 пайызын етпен қамтимыз. Енді алдағы уақытта Ақтау қаласынан ет дүкендерін ашамыз», дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, үйінде мал ұстайтын шағын шаруашылықтар болмаса, облыста ірі бордақылау ала­ңы жоқ. Өңір табиғаты өзгеше бол­ғандықтан, мұнда түйе мен ұсақ мал ұстау ғана тиімді. Оның үстіне Президент Маңғыстауға жасаған сапарында осындағы ауыл шаруашылығын дамыту мен өңірдің Каспий арқылы жүзеге асыруға болатын экспорт­тық мүмкіндігін де баса айтып өткен еді. Сондықтан Маңғыстау мен жақын облыстардан бөлек, Өзбекстан, Иран сынды алыс-жақын шетелге өнім шығару да жоспарда бар. Ол үшін тиісті құжаттар мен экспортқа шығару рұқсатын алған. Темір алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысынан үлкен көлемде бордақылау алаңын салмақ.

Мал өзге облыс­тар­­дағы борда­қы­лау алаңында алты ай ба­ғы­лады. Одан кейін комбинатқа әкеліп, сойылып, жіліктеліп, өнім фирмалық дүкендер арқылы сатылымға шы­ға­ды. Қазір жартылай циклді өндіріс болып есептелетін серіктестік алдағы екі-үш жыл ішінде толық циклді өндіріске көшуді жоспарлап отыр. Бұл – малды жеке бордақылау алаңында ұстап, басын көбейтіп, сол малды комбинатта сойып, әрі қарай тұтынушыларға жеткізу деген сөз.

«Комбинатта малды шариғат және санитарлық талабына сай сойып, жіліктейміз. Әр малдың етін барлық талапқа сай жабдықталған өзіміздің зерт­­ханада тексереміз. Мамандарымыз тұрақты түрде арнайы курстан өтіп тұрады. Сонымен қатар үдерісті автоматтандыру және қызметкерлерді басқару ісін әрі қарай жүйелеп жатырмыз. Қазір фермерлерде мынадай мәселе бар. Олар өздері өсірген малды қайда өткізерін білмей жатады. Өйткені ет қабылдайтын үлкен комбинат көп емес, облыста бізден басқасы жоқ деуге де болады. Алда бүкіл ел бо­йынша «Korkem Alem» брендімен ет сатуды қолға алсақ дейміз. Қазір Жаңаөзенде екі дүкеніміз бар, үшінші ет дүкені жақында ашылады. Облыс орталығы Ақтауда биыл екі дүкенді іске қосcақ деп отырмыз. Барлық есеп-қисабымыз ашық. Компания ашылғалы мемлекетке 300 млн теңгеден аса салық төледік», дейді Темір.

 

Табыс сыры

Қызық әрі қуана айтатын бір дүние бар. «Korkem Alem» дүкенінде көбіміз біле бермейтін бұжы, жұмыр, үлпершек, қарын бүрме сияқты 12 түрлі ұлттық ас сатылымда бар. Одан бөлек 52 түрлі жартылай фабрикат, ерітілген тоң май, фарш та – дүкен сөресінде. Бір жылда 250 тоннадан аса төрт түліктің еті нарыққа сатылады. Бағасы – 2500-3200 теңге аралығында.

л

«Елде ет өндірісімен айналысатын компаниялар баршылық қой. Бірақ басым бөлігі ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерін нарыққа шығарып жүрген жоқ. Оны дайындайтын әже-апаларымыз да азая бастады. Сол себепті осындай тағам түрлерін сатылымға шығардық. Үйіне апарып, лезде пісіріп жей қоятындай дайындап, жартылай фабрикат күйінде ұсындық. Сұраныс өте жоғары. Кейде жетпей қалып жатады. Өнімдеріміз былтыр Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндерінде елордалықтарға ұсынылып, екі күнге жоспарлап апарған өнімдеріміз жарты күнге жетпей сатылып кетті. Одан бөлек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын жыл сайынғы көрме-байқауда облыс бойынша «Үздік азық-түлік тауары-2023» аталымын жеңіп, әрі қарай Астанадағы үлкен көрмеде де бағаланды», дейді.

Темір жеткен табыстың сыры намыста секілді. Тағдыр жолында табаны тайса да жығылмаған жаңаөзендік жігіттің алдағы мақсаты да айқын.