Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, бірақ тіл төңірегіндегі көлеңкелі мәселелерден арыла алмай келеміз. Неге? Қазақ тілі ақпараттық-технологиялық тұрғыда қарыштап дамыған бүгінгі қоғамның адымына ілесе алмай келе ме, әлде тілдің иесі – біздің қателігіміз бар ма? Әрине, екіншісі. Қазақ тілі – қай ғасырға апарып, қай салаға, қай дамуға салсаң да сауырына қамшы салдырмайтын жүйрік тіл. Қазақ тілі – еш мұрагерін сөз таба алмай дағдаратындай жақтан жаңылтып, сөзден сүрінтіп, тілден тосылтпайтын құнарлы қасиетке ие.
...Бес-алты жыл бұрын екі әйелдің әңгімесін еріксіз тыңдауға мәжбүр болдым, тыңдамас па едім, егер тақырып тілге қатысты болмағанда. «Ауылдан көшіп келген соң баламды орыс сыныпқа бердім, тек қазақтілді балам қатты қиналды, жылады. «Баланы қинап қайтесің, қазақ сыныпқа берсейші» деген ақылмандар аз болған жоқ, тыңдамадым. Қазақ тілі не үшін керек, тек өсек пен керіс үшін ғана керек!» деген келіншектің өрекпіген: «Бүгінде балам Мәскеуде оқиды, маған орыс сыныпқа бергенім үшін алғыс айтады, жан-жағыма балаларыңды орыс мектепке беріңдер деп айтып жүремін» деген сөзі жадымда сақталып қалыпты. Өзге емес өз перзентін қорлауы мен менсінбеуінің зоры бұдан асып не болсын...
Тіл дамуының, қолданыс көкжиегі кеңеймеуіне әсер етуші ең басты ықпал – сыртқы саяси күш десек, екінші әсер – ел ішіндегі ала-құла ұстаным, шалажансар аударма, шеттен келген ағайындар тілі мен ассимиляция.
Мысалы, біз ауызекі тілде өзара және отбасында, қоғамда дүкенді магазин, шаштаразды парикмахерская, аурухананы больница, емхананы поликлиника, дәріхананы аптека, кітапхананы библиотека, жүзімді виноград деп қазақша атауы бола тұра өзге тілдегі нұсқасын айтамыз, балаларды «магазинге барып келші» деп жұмсаймыз. Осылайша, біз өз қолымызбен ана тілімізді тұншықтырып, өзге тілдің көкжиегін кеңейтуге үлес қосып келеміз, балалардың санасына өзге тілді шегендеп сіңіріп жүрміз. Олар есейген соң «біз жүзім деп ешқашан айтқан да, естіген де жоқпыз, кішкентайымыздан естіп өскеніміз виноград» демесіне кім кепіл? Ал «библиотека» сөзі төркінін діни ұғым христиан дінінің киелі кітабы – Библиядан алатынын ескере бермейміз.
Сондай-ақ ана тілдің абыройын көшелердегі алабажақ аудармалардан байқауға болады. Шындығында көшедегі аударма – мемлекеттің сауаты мен мәдениетінің көрсеткіші, ал тұрғындар үшін тіл үйренудің мектебі. Орыс, ағылшын, түрік тіліндегі жарнаманың дұрыс болуын басты назарда ұстап, қазақ тіліндегі нұсқаны бейшара күйде долбар-дүбәрә етіп жаза салатыны өкінішті. Ақтау қаласында «Центр продаж автомобилей с пробегом» – «Жүрісі бар көліктерді сату орталығы» деп бақырайтып жазылған жарнама әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан неше рет сынға іліксе де тапжылмады, қор болып тұрған қазақ тілінің мұңы, абыройы құзырлы орган тараптан ешкімге шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. «Жүрісі бар көлік» дегенді қалай түсінуге болады? Бұл бір ғана дерек, аудармаға, әсіресе көшелердегі жарнамаға қатысты мысалды мыңдап келтіруге болады.
Қазақтың байырғы тілі қазір Түрікменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Иран және өзге де елдерден көшіп келушілердің әсерімен үлкен өзгеріске түсіп жатыр. «Апай әрліқалам әкел деді» деген бастауыш сыныпта оқитын қызының сөзіне түсінбей сынып жетекшісіне хабарласып апайының түрлі-түсті қарындаш сұратқанын анықтаған ана, кітаптағы сәбіз суретінің астындағы бес әріпті торкөзді «сәбіз» деп толтырған соң, «сәбіз емес, апай басқаша айтты» деп жылаған баласы үшін ұстазынан оның «сәбіз емес гешір» деген жауабын естіген әке... тіл төңірегінде ата-ана мен бала бір-бірін ұғына алмайтын дәрежеге жеттік. Отырмыз, жүрмізді «отырық, жатырық, жүрік» ығыстырса, өткен немесе дәл қазіргі сәтті келер шақпен сөйлеу «сәнге» айналған. Мысалы, «келе жатыр едім, алдымнан көршім шықты, ол мені танымай, әлде байқамай өтіп кетті» дегенді, «мен келе жатамын, алдымнан көршім шығады и ол мені танымай, байқамай өтіп кетеді» деп сөйлеу қаншалықты дұрыс?
Қазақ тілі – қазақ ұлтының туабітті тарихи тілі. Біз оны өзге ұлттан барымталап меншіктеген жоқпыз немесе беріде қолдан жасап, иеленген жоқпыз, табиғаттың, тағдырдың өзі табыс еткен тарту-тіл. Өте бай, құнарлы тілдің қадір-қасиетін білу, оны күнделікті сауатты қолдану, ұрпаққа үйрету – әр қазақтың міндеті, сондықтан тілді өгейсітпеуді әркім өзінен, отбасынан бастау керек. Көшеде, аулада ойнап жүрген қаракөздердің көбінің өзге тілде сөйлейтіні жан ауыртады, бұл маңызды ұлттық мәселе екенін ата-анасы білсе ғой дейсің.
Тілді тұқыртқысы келген әлдебір сыртқы күштерге біз ішкі тұтастықпен, ішкі тегеурінмен тойтарыс бере аламыз, асыл тілімізді өзіміз мансұқтасақ өзгеге өкпе қандай?
Маңғыстау облысы