Театр • 15 Мамыр, 2024

Жаңаша үн қатқан «Ромео мен Джульетта»

188 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында тағы бір өлмейтін махаббат дастаны көрерменімен қауышты. Ол – әлемдік классика жауһары Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» қойылымы.

Жаңаша үн қатқан «Ромео мен Джульетта»

Шымылдық түрген күнінен бастап-ақ әр спектаклін ж­аңалыққа айналдыруға ұмтылып келе жатқан ұжымның түрлі тәжірибелерден өтіп барып, әлем­дік классикаға келуі құптарлық қадам. Себебі Шекспирдей ша­йырдың шедеврлері шикілік пен шалағайлықты көтермесе керек. Осы жауапкершілікті терең түсінгендіктен де жас ұжым жүйелі ізденіс пен тыңғылықты дайындықтан кейін ғана атақты трагедияға тәуекел етіпті. Түр­кістан музыкалық драма театрын­дағы кезекті премьераны халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреа­ты, 30-дан астам спектакльдің режиссері Дина Жұмабай сахнаға шығарды.

Спектакльдің негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі – соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жан­кештілігінің ежелден ерген дұш­пандықты да, қоғамдағы шек­теу­лерді де жеңе алатынын көр­сетеді.

рапрарарапра

Жас та болса жаңашыл қолтаң­басымен дараланып жүрген Дина Жұмабайдың режиссерлік тәжірибесінде бұл «Ромео мен Джульетта» алғашқы қойылым емес. Аталған трагедияны сахна суреткері бұған дейін үш түрлі нұс­қада көрерменге ұсынып үлгерді. Әйтсе де олардың бірі екіншісін қайталамайды, әрқайсысы жеке-дара сараптаудың жемісі. Ал режиссердің Түркістан музыкалық драма театры үшін тудырған бұл жұмысы готика стилінде сөй­леуімен ерекше дер едік.

«Мен «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің түрлі театр­ларында осымен төртінші рет сахналап отырмын. Аталған спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ бәріне ортақ үндестік біреу – ол өлмейтін махаббат тақырыбы. Түр­кістан музыкалық драма театр­ы сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның да өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, минимализм, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер мен көрермен арасындағы байланыс­ты берік етуге ықпалын тигізеді. Спектакльдің басындағы балғын 14 жастағы Джульеттаның образы көрерменнің көз алдында есейген, өмірден соққы жеген жанға айналады», дейді Дина Жұмабай жаңа қойылымының жаңалығы жайынан сыр ашып.

Режиссер атап өткендей, жа­ңа да жасампаз театрдың шы­ғармашылық ізденіс ерек­шелігіне сай бұл спектакльде заманауи сценография қолданылды. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді әртістерінің ерекше ойыны – бәрі-бәрі «жаңа театр» бағытына сай заманауи үлгіде үн қатты. Қойылымның жарыққа шығуына режиссерден бөлек, қоюшы суретші ретінде Айнұр Есболатова, композитор – Нұрсұлтан Төреәли, хореограф – Мәдина Мұратпекова, грим бойын­ша суретші Адэль Нұрқасымова тер төкті.

Айтулы қойылымның тағы бір ерекшелігі – әдетте сырттан шақырылған әртістердің қатысуымен қойылатын театрдың бұрынғы спектакльдеріндей емес, бұл қойылым ұжымның төл ак­терлерінің қатысуымен көрер­менін қуантты. Басты рөлдерде Түркістан музыкалық драма театры­ның жас актерлері ойнады. Атап айтсақ, Ромео рөлін қос құрамда Данияс Нұрқабден мен Мұзафар Ғалымжанұлы сараптаса, Джульетта бейнесін Ақбөпе Жеңісбек пен Нұрай Сайлаубаева кейіптеді.

«Ромео мен Джульетта» – мәңгі өлмейтін, ескірмейтін ғазалы да ғаламат ғашықтық хикаясы ғой. Арада қанша ғасыр өтсе де, кө­рерменнің бұл шығармаға деген қызығушылығы әсте бәсеңсіген емес. Керісінше, жылдармен бірге көзқарас та, таным да жаңарып, жасарып келеді. Себебі махаббат тақырыбы – мәңгілік. Ал классика ескірмейді. Осыдан тура үш жыл бұрын киелі Түркістан төрінен эксперименталды театр болып ашылып, жас­тарды ұжымға жинаған едік. Міне, үш жылдың ішінде сол шешіміміз өз жемісін беріп жатыр. Талай сахна тарланынан тәжірибе алып, тай күнінен бапталған жастарымыздың үлкен сахнаға шығатын кезі келді. Сон­дықтан күрделілігіне қарамай басты рөлді өзіміздің театр әр­тістеріне сеніп тапсырдық. Үміт үдесінен шыққан сыңайлы. Бүгінгі премьераның басты табысы осы деп білемін. Бүгінге дейін түрлі қойылымдар қойып, қаланың мәдениетін қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп жүрсек те, Шекспир тақырыбына жүрексіне келдік. Себебі бұл – театрымыз үшін үлкен емтихан десек те болады. Сынақтан сүрінбей өткен сыңайлымыз. Алдағы уақытта ұжымды әлі де асқаралы асулар, биік белестер мен іргелі ізденістер күтіп тұр. Енді шын мәнінде көрермендерімізді өрелі өнер талғамы тұрғысынан қарсы алуға әзірміз, түркістандық көрермен де оған сөзсіз дайын», дейді Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Шынар Омарова.

Театрдың төл әртістерінен бөлек, сонымен қатар өзге өнер ұжым­дарынан шақырылған актерлер ойыны да көрерменін кәсіби шеберлігімен тәнті етті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, Мәдениет қай­раткері Зәмзәгүл Бегайдарова, та­нымал театр және кино актері Кен­жебек Башаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ кино­сының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова мен Жұлдыз Әбдікәрімова да бар.

– Бұл – менің өнер жолымдағы өзге өңірлік театрға шақыртумен келіп ойнаған алғашқы рөлім. Әлбетте шығармашылық ізденіс тұрғысынан үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Түркістан театр­ы ұжымымен бірлесе жұмыс істе­гендегі мені ерекше тәнті еткен дүние – ол театр ішіндегі кәсіби балет труппасының жұмысы болды. Алдағы уақытта жергілікті мәдениет басқармасына өзім қызмет ететін Нұрмұхан Жан­төрин атындағы Маңғыстау об­лыстық музыкалық драма театры­ның ішінен де балет труппасын ашсақ деген ұсыныс айтқым келіп отыр. Бұл театрымыздың көркемдік дең­гейін жаңа белес­ке көтерері сөзсіз, – дейді жаңа қойылымда Монтекки рөлін кемеліне келтіре кейіптеген талантты актер, Н.Жан­төрин атын­дағы Маңғыстау об­лыстық музы­калық драма театрының көр­кемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев.

Премьераға арнайы шақыру­мен барып, спектакль көрген теат­р сыншысы Амангелді Мұқан да қойылымға жоғары баға бер­ді. «Жаңа үлгідегі «Ромео мен Джульеттаны» Түркістан му­зыкалық драма театрының сахнасында қойылғанын көріп қуанып отырмыз. Дина Жұмабай – үнемі ізденіс үстіндегі, жаңашылдыққа жаны жақын жасампаз режиссер­леріміздің бірі ғой. Әр жұмысынан жаңалық көріп, жан жадырайды. Талай халықаралық фестиваль­дарда да топ жарып жүр. Әрине, бұл дәстүрлі қойылым емес, зама­науи режиссура. Ең әуелі спек­такльді сол тұрғыдан талдауымыз керек. Қойылым өз аудиториясына бағытталған, яғни жастарға арналған. Кейбір көрермен: «Спек­такльде неге ортағасырлық заман костюмі жоқ, неге декорация­сы жұтаң» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл жерде режиссердің мақ­саты басқа, ол сахнаның сән-салтанатын емес, екі жастың махаббатын, трагедиялық жағдайға алып келген оқиғалар мен жастардың қайғылы халін алдыңғы орынға шығарған. Сценографиялық тұр­ғыдан да минимализм арқылы сәтті шешім тапқан. Әрине, қойы­лымның көңілімнен шықпаған тұстары да бар. Соған қарамастан режиссер заманауи қолтаңбамен көрерменге жаңаша спектакль ұсынып отырғанына ризамын. Динаның суреткер ретінде заманауи сценография мен хорео­графиялық композицияларды ұтымды қолданғаны көрініп тұр. Тоқетерін түйгенде, «Жаңа театр» стиліндегі сәні мен сараптауы келіскен табысты жұмыстың куәсі болдық», деп пікір білдірді театр­танушы.

Екі күн қатарынан қойылған премьерада ине шаншар орын болмады. Әлемдік классиканың ғажабын көруге асыққан түркіс­тандық көрермендер мен қала қонақтарының шексіз ілтипаты мен риясыз құрметі жас театр ұжымына жаңаша серпіліс сыйлап, қанаттандырғаны сөзсіз.