Сенат • 16 Мамыр, 2024

Палата отырысында екі заң мақұлданды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата отырысында екі заң мақұлданды

Фото: Н.Байбулин.

Сенаторлар «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Аталған құжат екі елдің азаматтары мен заңды тұлғалары құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуде өзара ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Атап айтқанда, заңда Қазақстанның аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында заң көмегін көрсету бойынша сот органдарының функцияларын нақтылау және екі тараптың құзыретті мекемелерін өзектендіру көзделген.

Сонымен қатар Палата отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң мақұлданды.

«Хаттама Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге арналған. Осы мақсатпен арнайы қаржылық ынталандыру тетіктері қарастырылып отыр. Құжат өзара инвестициялар көлемін арттыруға, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мақұлданған заң Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар Әли Бектаев, Андрей Лукин, Дархан Қыдырәлі, Евгений Больгерт, Амангелді Толамисов, Бибігүл Жексенбай өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.