Қазақстан • 16 Мамыр, 2024

БАӘ-Қазақстан үкіметаралық бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілер білім алып жатыр

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастық шеңберінде «Government Accelerators» және «Сapacity Building» саласында мемлекеттік басқаруды трансформациялау бағытында озық тәжірибе алмасу бойынша «Kazakhstan Executive Leadership 2024» бағдарламасының оқуы басталды. Оқытудың басты мақсаты – білікті көшбасшыларды даярлау арқылы қоғамның тиімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ету, деп хабарлайды Egemen.kz Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БАӘ-Қазақстан үкіметаралық бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілер білім алып жатыр

Фото: Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы

Оқыту онлайн және офлайн форматтарды қамтиды. Негізгі офлайн шаралардың бірі – БАӘ Министрлер кабинеті министрінің бәсекеге қабілеттілік және тәжірибе алмасу жөніндегі орынбасары Абдулла Нассер Лута, сондай-ақ Mohammed bin Rashid Government мектебі профессорлары бастаған БАӘ делегациясының сапары. Абдулла Нассер Лута болашақта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени, экономикалық байланыс нығайып жатыр. Ол ғана емес, міне, бүгін мемлекеттік қызметкерлер тәжірибе алмасып жатыр. Бұл – біз үшін де үлкен мәртебе. Алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз», деді ол.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер оқу барысында өз жобаларын ұсынады.

«Оқуға орталық мемлекеттік органның вице-министрлері, департамент басшылары, Академияның өкілдері қатысып жатыр. Жалпы қатысушылар саны – 33, олар бірнеше топқа бөлінді. Сол топ бойынша өздерінің жобаларын  БАӘ-ден келген мамандармен талқылай отырып, ортаға ұсынатын болады. Біріккен Араб Әмірлігі – креативті индустрия, технологияны дамыту бойынша ресурстардың аздығына қарамастан өркендеу қарқыны өте жоғары ел. Олардың  тәжірбиесіне сүйеніп, дамып келе жатқан мемлекеттер саны артып келеді. Екі ел бірлесе мемлекеттік қызметкерлерді даярлауда бірнеше бағдарлама ұсынамыз. Оның ішінде саяси мемлекеттік қызметкерлерге стратегиялық жоспарлауды, стратегиялық ойлауды үйрету және көшбасшылық бағдарламалары бар», деді ректор.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бүгін Ұлттық акселератордың іске қосылатынын жариялады.

«Өзекті проблемалық мәселелерді шешудің 100 күнінде БАӘ-нің жеделдету тәжірибесін зерделей отырып, аталған тетікті Ұлттық жобалық кеңседе іске қосуды жөн көрдік. Мемлекеттік органдармен бірлесіп акселерациялау тақырыптары анықталды. Маңызды бағыттардың бірі – Capacity Building (әлеуетті арттыру), оның шеңберінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, Мұхаммед бен Рашид мемлекеттік басқару мектебінің Executive Leadership Program бойынша Мемлекеттік органдардың басшыларын оқытамыз. Яғни, БАӘ-не цифрлық вице-министрлерімізді оқытуға жібереміз, олар жасанды интеллектіні қолдана отырып, түрлі салалардағы мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері мен әдістері бойынша оқытылатын болады», деп атап өтті министр.

«Kazakhstan Executive Leadership Program 2024» оқыту бағдарламасына қатысушы Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ Басқарма төрағасы Әлия Оспанова жобаның көшбасшылар үшін маңыздылығын атап өтті.

«Біріккен Араб Әмірлігі 100 күндікпен жұмыс істейді. Жобаның ұстаздары – Араб Әмірлігінің  50-100 жылдық стратегиялық құжаттарын жазған авторлар. Олардың қойған талаптары, көрсетіп жатқан тәжірибелері бізге өте қызық. Қазақстанның көшбасшылары осы тренингке қатысып, сол озық тәжірибені меңгеруі керек», деді қатысушы.