Театр • 16 Мамыр, 2024

Айрықша опера кеші

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында «Әйгілі опера ариялары» шырқалды. Кеш қатысушыларының қатарында елімізде және алыс-жақын шетелдерде құрметке ие болып жүрген танымал әртістер, театр солистері бар.

Айрықша опера кеші

Керемет сопрано әншілер – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бибігүл Жан­ұзақ пен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, қуат­ты әрі жарқын меццо-сопрано дауысының иесі Салтанат Мұрат­бекова, сондай-ақ дарынды тенор Ер­ұлан Кәмел мен баритон Азат Мәлік тыңдармандарға жан тебірен­терлік эмоцияларға толы керемет кешті тарту етті.

Түрлі музыкалық мәдени дәстүр­лерге тиесілі опералардан ариялар мен көріністердің әуені концертмейстер Жанар Ахметованың сүйемелдеуінде көрермендердің жүрегіне жетті. Қазақстандық туындылардан бастап батыс еуропалық композицияларға дейін әрбір ария шағын спектакль тәрізді болып, тыңдармандардың көз алдында құштарлық, трагедия мен махаббат әлемін жандандырды.

«Біз концерт бағдарламасына театрымыздың репертуарында жоқ қазақ операларынан арияларды қостық. Олардың қатарында Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын таулар», Сы­дық Мұхамеджановтың «Айсұлу» шығармалары бар. Сондай-ақ басқа да опера жауһарлары шырқалды. Мәселен, Айзада Қапонова М.Глин­каның әлемдік музыкалық бестселлерге айналған «Руслан мен Людмила» операсынан Людмиланың каватинасын ұсынды. Оны орындау үшін ән айтудың жоғары техникасы болуы қажет. Меніңше, Айзада Қапо­новаға ертегі әлемі кейіпкерінің бейнесі өте жарасады. Бибігүл Жанұзақ Дж.Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан Лауреттаның ариясын шебер жеткізе білді. Бұл – өте әсерлі ария, жасауы болмағандықтан, ол қосыла алмаған сүйіктісі Ринуччоға деген махаббаты туралы әкесіне әндетіп сыр ашады, – деді Жанар Ахметова.

«Әйгілі опера ариялары» кеші музыкалық өнер көрсету ғана емес, сондай-ақ реквизиттер мен актерлік ойын қолданылып, соңы тыңдармандармен сырласуға ұласқан нағыз театрлық қойылым болды десек, артық айтқанымыз емес. Өнерсүйер қауым опералық сахна атмосферасына еніп, кейіпкерлердің эмоцияларын сезінді және олардың тағдырын бастан өткергендей күй кешті.

Мазмұнды музыка кеші асқақ классика әлеміне бойлауға және кәсіби орындаушылардың қайталанбас ше­берліктерінен ләззат алуға дайын жандар үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз.