Сенат • 17 Мамыр, 2024

Елдегі компаниялардың экологиялық жауапкершілігі төмен - Мәулен Әшімбаев

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында қатысушылар бизнес-ортада Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ESG қағидалары – экологиялық, әлеуметтік және басқару тәжірибелерін енгізу мәселелерін талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Елдегі компаниялардың экологиялық жауапкершілігі төмен - Мәулен Әшімбаев

Фото: Н.Байбуллин

Қазіргі таңда Қазақстанда ESG қағидаларын өндіріске енгізу мүмкіндіктері мен перспективалары туралы бірыңғай түсінік жоқ. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 88 пайызы бұл қағидалармен таныс емес екені анықталды.

Мәулен Әшімбаев компаниялардың экологиялық жауапкершілігі төмен екенін атап өтті.

«ESG қағидаларын елемеу кәсіпорындармен бірге тұтас елдің де экономикасына, беделіне және қаржылық тұрақтылығына түрлі қауіп төндіреді. Жақында Маңғыстау облысында болған өрт пен «Қазцинк»-тің қалдықтар қоймасында болған апат айтарлықтай экологиялық зардабын тигізді. Бұл дегеніміз метанның ауаға шамадан тыс бөлінуіне және өзендердегі нитрат концентрациясының артуына әкеліп соқтырады. Осы ретте өнеркәсіп орындарының экологияға теріс әсерін азайтуға арналған заң нормалары қаншалықты тиімді іске асырылып жатыр деген сұрақ туындайды. Отырыста сарапшылармен және бизнес өкілдерімен бірге осы мәселелерді мазмұнды әрі жан-жақты талқылаймыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде ESG-дің адам құқықтарын қорғауды және тең мансаптық мүмкіндіктер мен гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді көздейтін әлеуметтік қағидалары да сөз болды.

Сенат Төрағасы айтылған барлық ұсыныстың іске асырылуы Палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мен жұртшылықтың бақылауында болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Парламенттік комиссияның алдағы отырыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.

«Алдағы уақытта жаңа Салық кодексін қарау барысында орнықты даму күн тәртібі мен ESG қағидаларын белсенді енгізетін компаниялар үшін ерекше жағдайлар қарастыруымыз керек. «Жасыл қаржыландыру» да маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан Парламент депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге «жасыл қаржыландыру» үшін барынша тиімді заңнамалық негіз қарастыруға тиіс. Осы іске «Астана» халықаралық қаржы орталығы, KASE, еліміздегі кейбір жүйе құраушы банктер белсенді жұмылуы қажет. Бұл – бәріміз атқаруға тиіс ауқымды жұмыс. Жалпы, қазіргі таңда бизнес орнықты даму мақсаттары мен принциптері және ESG стандарттары туралы көп біле бермейді. Осыған байланысты бизнесті ақпараттық және әдіснамалық тұрғыдан жүйелі қолдау қажет. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша бұл бағытта нақты қадамдар жасаймыз деп сенемін», деген Сенат Төрағасы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін отырыста көтерілген мәселелерді алдағы жұмыста ескеруге шақырды.

Комиссия отырысында Парламент депутаттарымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады.

ESG қағидалары:

E — environment  (қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау)

S — social (жоғары әлеуметтік жауапкершілік)

G — governance (корпоративтік басқарудың жоғары сапасы) деген мағынаны айшықтайды.