Технология • 18 Мамыр, 2024

Цифрландыру жүк тасымалын жеделдете түседі

109 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бақыт Ержанов Қазақстандағы теміржол жүк тасымалының 95 пайызға цифрландырған «Networks Energy» стартапын құрған. Осы шешімнің арқасында компаниялар «А» нүктесінен «Б» нүктесіне тауар тасу үшін бума-бума құжат жинап жүрмейді. Қағазбастылық машақатынан арылған. Деректерді стартап жүйесіне енгізсе, ол қажетті жол-тауар құжаттарын дайындап, тасымал құнын есептеп береді.

Цифрландыру жүк тасымалын жеделдете түседі

Теміржол жүк тасымалы сала­сындағы құжат айналымын цифр­ландырып, жеңілдету – дамыған елдерде әлдеқашан жолға қойылған. Ал бұл стартап 2014 жылы құрылып, әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Басты жұмыс – келісімшарттық және коммерциялық жұмыс. Яғни сервис ел бойынша жүк тасымалына қажетті қағаздарды: рұқсат құжаттары, жол-тауар құжаттары, тө­лемді растайтын түбіртектер және тағы басқаларын автоматты түрде жүктеп, жүйелеп береді. Сонымен қатар тасымал жоспарын құрып, оның жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

– Біз жобаның бірінші жылында сынақ режімінде жұмыс істедік. «Networks Energy» құрылғаннан 5 жыл өткен соң ғана ресми іске қосылдық. Осы уақыт бойы ҚТЖ көмегімен еліміздегі теміржол тасымалы қалай жұмыс істейтіні жөнінде деректер жинап жүрдік. Ол үшін, мысалы, 10 адамнан құралған команданы жал­дадық. Олар Қазақстандағы 450-ден астам теміржол бекетін аралап шықты. Олардың әрқайсысының шот-фактура рәсімдеуде және жалпы бизнес-үдерісінде өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Астанада негізінен жүк қабыл­дайтын «Сороковая», «Екібастұз» бекеттері бар. Әр жердің өз нюанстары бар және оны түсінуің керек, – дейді Бақыт.

Теміржол – инновация тұрғы­сынан әлемдегі ең көне, қатқыл сала­лардың бірі. Мұнда жаңашылдық енгізу күрделі. Ауыр қабылданады. Себебі теміржол магистралі үнемі өсіп, тұрақты түрде мол табыс әкеледі. Сондықтан да бұл саладағы компанияларды үдерісті оңтайландыруға көндіру қиын. Ал отан­дық стартап 2014 жылы пайда болғанда сала кеңес дәуірінен қалған, қағаз құжат айналымына негізделген ескі жүйемен жұмыс істейтін-тұғын. Теміржол тасымалы ережелеріне сәйкес, жүк жөнел­тушілердің жұмысы айлық жоспардан басталатын. Мысалы, компания қыркүйек айында 100 вагон жөнелтуге тиіс болса, тамызда ҚТЖ-ға өтінім беру керек, содан кейін ұйымның бірнеше департаментінде қағазға мөр бастыру керек. Құжатты бекіту үшін апталық уақыт өтеді, кейде бұдан да көп, себебі өтінім жолда жоғалып кетуі мүмкін.

– Уақыттың зая кетуі, қағазбастылық, жемқорлық – тасымал саласы қатысу­шыларының ортақ «бас ауруы» еді. Сон­дықтан үдерісті автоматтандыру идея­сы туды. Сөйтіп, «Network Energy» және біздің басты өніміміз – ККЖ АБЖ пайда болды. Қазір жоспарды бекіту небәрі 5 минутты алады. Жүк жөнелтуші бір форманы толтырса жеткілікті, ҚТЖ құжатты автоматты түрде тексеріп, бекітеді. Уақыт өте келе АСУ ДКР-дің қызмет түрі кеңейіп, электронды тасымал құжатын рәсімдеу, вагондарға тиеу/тү­сіруді тіркеу жүйелері, басқа елдердің теміржолдарымен интеграция қосылды, – деді ол.

Қазір олар жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылардың басқа да мәсе­лесін шешетін жаңа өнімдер жа­сап жатыр. Мысалы, ҚТЖ және Қаржы министр­лігімен бірге кедендік өңдеу қызметінің қанатқақты жобасын жасаған. Әр елдің өз кедендік декларация талабы бар. Бұрын транзиттік жүк шекарада болғанда адамдар түрлі формаларды бөлек толтыру үшін көп уақыт жұмсайтын. Содан кейін сонша уақыт декларациядағы мәліметтердің дұрыстығы тексерілгенше күтетін. Сөйтіп, адамдар 8 сағаттан бастап бір­неше күнге дейін шекарада тұрады. Ал егер кейбір құжат жетіспейтін болса, түпнұсқасын сұратып, оны шекараға жеткізгенше тағы күтеді. Біз жұмысты толығымен аяқтаған кезде транзиттік жүктерге арналған декларация автоматты түрде толтырылады, бұл отандық бағыттың транзит үшін жылдамдығы мен тартымдылығын арттырады.

– Бізге үдерістің барлық күрделі тұсын күн сайын ондаған құжат рә­сімдейтін адамдардың көзімен кө­руіміз керек еді. Сол үшін тіпті біз темір­­жол бекеті қыз­меткерлері пай­дала­натын компьютерді сатып алдық. Бұл сервис интерфейсін құру кезінде көп көмектесті және ККЖ АБЖ-ні ың­ғайлы, әрі жеңіл жасауға мүмкіндік берді. Сол сапарлардың нәтижесінде жүк жөнелтушілер бекеттердің ерек­шеліктерін беске біліп, тасымал бағытын жасай алуы үшін әр теміржол бекеті бойынша жеке деректер каталогін құрастырдық. Сервисті аяқтау үшін біз ҚТЖ-мен 2019 жылға дейін қанатқақты жоба форматында жұмыс істедік. Ал олармен алғашқы коммерциялық келі­сімшарт тек 2019 жылдың соңында жазылу үлгісін қолдана отырып жасалды. Қазір 51 мыңнан астам қолданушымыз бар, олар: ҚТЖ орталық аппараты және жеке тасымалдаушылардың қызмет­керлері, жүк жөнелтушілер, теміржол бекеттері жұмысшылары, – деп түсіндірді бастамашы жігіт.

2023 жылдың көктемінде «Networks Energy» Central Asian Tech-тің «Жыл сер­піні» мәртебесіне ие болды. Осы же­ңістен кейін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан технохабтарының стартаптар тобына кіріп, Кремний алқабына жолдама да алды. Америка нарығымен танысып, «Google», «NVIDIA», «Meta» және «LinkedIn» сияқты ірі корпорациялар инновацияларды қалай жасайтынын көрді.

– Біз тасымалдауды динамикалық жос­парлау жүйесін іске қосқымыз ке­леді. Машиналық оқыту мен жасанды интел­лект­ке негізделген бұл сервис темір­жолдағы кептеліс, кіретін жүк және басқа да параметрлер бойынша ақпаратты талдайды. Осы деректердің арқасында бұл қызмет жоспарланған жүк дәл және уақ­тылы жөнелтілуі үшін теміржол инфра­­құры­лымындағы жүктемені теңес­тіреді, – дейді Б. Ержанов.

Жасампаз стартап 2025 жылға дейін Ресей теміржолы мен Қытай теміржолының ақпараттық жүйелерімен толық интеграцияны аяқтау мақсатын көздеп отыр. Бұл іске асса, отандық стартап халықаралық тасымалды жоспарлауды айтарлықтай жеңілдетпек. Сонда ресейліктер, қытай­лықтар және отандастарымыз өз елдерінің шекаралық өткелдерінде жақын арада қандай жүк тоқтайтынын қадағалай алады. Бұл теміржол вокзалындағы жүктемені теңестіріп, пойыздар қозғалысын жылдамдатады.