Саясат • 21 Мамыр, 2024

Қырғызстан және Пәкістан: Дипломаттар Астанада кездеседі

91 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұған Қырғызстан астанасы Бішкек қала­сын­да болған жаппай тәртіпсіздік оқиғасы себеп болып отыр. Шетел­дік­­тер­дің қатысуымен болған төбелес соңы жаппай наразылыққа ұла­сып, көбіне пәкістандық студенттер зардап шеккен еді.

Қырғызстан және Пәкістан: Дипломаттар Астанада кездеседі

Фото: gov.kz

Астанада Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы жоспарланған. Осы отырысқа қатысуға тиіс аталған елдердің өкілдері – Пәкістан премьер-министрінің орынбасары­ әрі сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дар Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээн­бек Кулу­баевпен Бішкектегі жағдайды да талқыламақ.

Бішкекте болған жаппай тәр­тіп­сіздікке қысқаша тоқталып өтсек. Қырғыз Респуб­ли­касының ішкі істер министрлігі ел аста­насындағы жаппай толқуға ұласқан шетел­дік­­термен болған төбелестің себебін және қалай болған хронологиясын жариялады.

«13 мамырда түнгі сағат 2.00 шамасында «Восток-5» шағын ауданында орналасқан пиццерияның алдында бір топ белгісіз адам шетел студенттерін жолықтырып, тиісе бастаған. Темекі сұрап, артынша қазбалап, сұрақтар қойған. Сөйтіп, олардың бірі қол жұм­сап, ал шетелдіктер қаша жөнел­ген. А.Огонбаев көшесіндегі өздері тұрып жат­қан хостелге жетіп үлгергенімен, артынан қуып келген жергілікті жігіт­тер хостелге кіріп, шетел азаматтарын тепкінің астына алып, ақшалары мен құнды заттарын тартып алған.

Бұзақылардың төртеуі хостелдің өзге де бөлмелерінің есігін ұрғылап, кейбірін ашып алған. Ал қыздар жатқан бөлмеге енгенде зәрелері ұшқан қыздар бар дауыспен көршілерін көмекке шақырған. Айқай-шуды естіген хостелдің өзге де шетелдік тұрғындары сыртқа шығып, бұзақыларға қарсылық танытқан», дейді министрліктің ресми ақпаратында.

Хостел ауласында болған төбе­лес­тен төрт бұза­қының үшеуі қашып кетіп, бі­реуі дене жарақатына байланысты қа­лып қойған. Хостелдегі шетел азаматтары жедел жәрдем қызметін шақырып, фельд­шер­лер жарақат алған бұзақыны ауру­­хана жеткізген. Дегенмен бұзақы өзін басқа есіммен таныстырып, болған оқиға жай­лы жарытып ешнәрсе айтпай, тиісті меди­ци­на­лық көмегін алған соң ауруханадан қашып кеткен.

Осылайша, Бішкек қаласының Свердлов аудандық ІІБ хостелдегі аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 280-бабымен қылмыстық іс қозғап, жағдай тыншығандай болған-ды. Бұл іс бойынша төбе­леске қатысы бар делінген төрт шетелдік уақытша тергеу изоляторына қама­лып, ал оларға тиісіп, жанжалды бастаған бұзақылардың тек екеуінің ғана аты-жөндері белгілі болды.

Бірақ белгісіз біреулер 13 мамыр күні болған оқиғаның бейнематериалын 17 мамыр күні желіге жариялап, қалада жаппай наразылықтың тууы­на түрткі болды. Сөйтіп, 18 мамыр күні кешкісін ашуға булыққан жас­тар Чуй даңғылы мен Құрманжан датқа көшесінің қиылысына жиналды. Олар құқық қорғау органдарынан өз елдерінде «тайраңдап жүрген» шетелдіктерді «тәрбиелеу» керектігін айтып, үнсіз қалмауды талап еткен.

Түсіндіру жұмыстарынан кейін жинал­ғандар тарап, жағдай толық бақы­лауға алын­ған. Бірақ арандатушылар тағы да тыныш жатпай 13 мамыр күнгі төбелес ке­зін­дегі қырғызстандық азаматтардың ішін­де қаза тапқандар бар екен деген жал­ған ақпарат таратып, жұртты тағы дүр­ліктірді. Ішкі істер министрлігі бұл ақпа­рат­тың жалған екенін ескертіп, елді сабырға шақырды.

Көп кешікпей осы жағдайға Қыр­ғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев түсінік­теме берді. Оның сөзінше, 18 бен 25 жас аралығындағы 700-ге жуық адамның қарсылық білдіруіне пәкістандықтардан бөлек, Бангладеш, Мысыр, Үндіс­тан сияқты өзге де елдерден кел­ген миг­ранттардың көбейіп кетуі себепші болған. Сондай-ақ ереуілге шыққандар елде шетелдік мигранттардың тым көбейіп бара жатқанын да айтып, биліктен көші-қон мәселесін осы бастан қолға алуды талап еткен.

Қырғыз парламенті сыртқы істер жө­ніндегі комитетінің отырысында депутат Нұр­­жігіт Қадырбеков қазір бүкіл әлемде миг­ранттардың саны 300 миллионға жетіп, жылдан-жылға көбейіп жатқанын, олар­дың ішінде қырғыздар да бар екенін айтып өтті. Мәселен, оның айтуынша, бүгінде АҚШ-та 50 мың қырғыз азаматы жүр.

«Біздікілер де АҚШ-та ара-тұра тәртіп пен заң бұзып жатады. Бірақ соларды амери­калықтар өре түрегеліп, артынан қуып, соққыға жығып жатқан жоқ қой», деген депутат отандастарын шетелдік­тер­ге бірден жұдырық ала жүгірмей, түсі­ніс­тікпен, құрметпен қарауға шақырды.

Үкімет кінәлілерді заң жүзінде жауап­қа тартып, шетелдіктерге келті­ріл­ген мате­риал­дық залал толығымен өтелетінін уәде етті. Ал бұл жағдайға қатты алаңдаған Пәкіс­тан өз азаматтарын еліне қайтарып жатыр.