Жәдігер • 20 Мамыр, 2024

Кісе белбеу кімдікі?

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған құнды дүниенің бірі – баяғының болыс-билері таққан қалталы қайыс кісе белбеу. Аталған кісе 1928 жылы байлар­дың мүлкін тәркілеу науқаны кезінде Қостанай округінің Сарыой болысын басқарған Бермұхамед Алдияровтың үйінен алынған. Кейін Қостанай губкомы арқылы музей қорына келіп түскен.

Кісе белбеу кімдікі?

«Белбеу – қазақтың ұлттық киімінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы, зергерлік өнер туын­дысы. Музей қорында тұрған кісенің алтын жа­латылған 40 күміс жапсырмасы бар. Кісе белбеу­ге қару-жараққа қажетті жабдықтарды немесе басқа да ұсақ-түйек бұйымдарды салуға арналған қайыс­баулы қалталар ілінген. Тік төртбұрыш түріндегі қал­ташаға 6 жапсырма бе­кітіліп, ұзын қайысбаудан тұратын 8 сәнді шашақпен әшекейленген. Кісе бел­беудің оң жақ басының ұштығы ілгек түрінде келсе, сол жақ басында ілгек ілінетін екі тесігі бар. Қалта 17 металл жапсырмамен нақышталған, ортасында ақық қондырылған үл­кен жапсырмасы бар. Ақық – қазақ шеберлерінің зергерлік өнерде жиі қолданатын тасы, ежелден денсаулық пен байлықтың белгісі болып саналған», дейді музейдің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева.

а

Бір қызығы, Санкт-Петербург кунсткамера­сында да дәл осыған ұқ­сайтын кісе тұр. Бұл белбеу де Сарыой болысына тие­сілі. Біріншісі атал­ған болысқа қарасты №10 ауыл­дан, екіншісі №4 ауыл­дан алынған. Кунст­­камерадағы кісе бел­беудің араб қарпімен өрілген «Қадырбай» деген жазуы бар. Қадырбай рулық атау болуы мүмкін. Өйткені Сарыой болысын мекендеген Қарабалық руының ұрпақтары Қа­дырбай, Қар­сақ, Қарта, Жан­тілес, Шу­манақ, Тана­бұға болып бөлініп кетеді.

Петерборда жатқан ақық көзді кісе белбеу ал­тынмен апталып, күміс­пен күптелген. Анықтама­сында «Ұзындығы – 168 см, ені – 3,5 см. Қалтасының биіктігі – 22,5 см. Қынының ұзындығы – 28,5 см. Бел­беудің толық салмағы – 1543 грамм. Ерлер тағатын белдіктің мейлінше көне түрі. Жасалған уақыты – ХVІІІ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың басы. Кісе белбеу – аңшы, қойшы, жауынгер қазақтың киімінде болатын міндетті заттың бірі. Кісе белбеудің өзге белбеуден айырмашылығы – арнайы теріден тігілген қалтасы болады. Бұл қалтаға оттық, шақпақ, қосымша білте, қарудың майы, оқ-дәріге арналған сауыт, оқшантай салынған» деген жазу бар.

ХІХ ғасырдың ортасына таман кісе белбеу қолданыстан шығып,  де­коративтік маңызға ғана ие болып қалады. Яғни бай-бағландардың киіміне сән үстеп тұратын қымбат дүниенің бірі саналған. Бірақ болыс басқармалары таққан кісе белбеудің қалтасы құжат, мөр салуға ыңғайлы болса керек.

Петербор музейіндегі кісе белбеудің түсінік­темесінде «Жәдігерді әкеп тапсырушының мәлі­метінше, бұл белбеуді Ке­не­сары ханның ағасы таққан» деп жазылған. Сондықтан көне жәдігердің Санжар сұлтандікі болуы да ғажап емес.

 

Қостанай облысы