Қазақстан • 27 Мамыр, 2024

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Фото: Рrimeminister.kz

Ведомство мәліметінше, оның жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Комиссия отырысында мемлекеттік тілді одан әрі дамыту, тіл мәдениетін арттыруға және ел азаматтарының лингвистикалық капиталын нығайтуға бағытталған үйлесімді және теңгерімді тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы баяндады. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының мемлекеттік тілде жасанды интеллект енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде насихаттау, заманауи тілдік IT-жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар ҚР-ның Әділет министрі Азамат Есқараевтың заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеу туралы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының қоғамдық бірлестіктің қызметі туралы баяндамаларын тыңдады.

Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары, комиссия төрайымы Тамара Дүйсенова мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, 

ЕҰУ студенті