Білім • 28 Мамыр, 2024

Түлектер отандық оқу орындарын таңдайды

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Керекудің орта мектептерінен 4 322 түлек қия­ға қанат қақты. Түлектердің шамамен 84 пайызы ұлт­тық­ бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтіліп отыр.

Түлектер отандық оқу орындарын таңдайды

Фото: zh-shugylasy.kz

Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде 360 мектеп бар, оларда жалпы саны 116,1 мың оқушы білім алып жатыр. 9-сыныпты барлығы 10 778 оқушы бітірсе, 11-сынып түлектерінің саны – ­ 4 322 бала. Мемлекеттік мектеп бітіру емтихандары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді. Ал негізгі ұлт­тық бірыңғай тестілеуді 16 мамыр мен 5 шілде аралығында элек­тронды форматта Ustudy Тес­тілеу орталығының екі пункт базасында (Павлодар және Екібастұз қалаларында) өткізу жоспар­ланған. ҰБТ-ға 3 647 (84,3 пайызы) түлек қатысады.

Білім беру басқармасынан алынған мәліметтерге сүйен­сек, соңғы 3 жылда 11-сынып бітірген 9 891 түлек немесе 77,2 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. Оның ішінде 9 553 түлек тегін білім алып жатыр. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты бойынша түс­кен түлектер саны 6,3 пайызға артқан. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 2 372 (18,5 пайыз) адам оқуға қабылданған.

Өңірлік білім беру бас­қар­масы басшысының орынбасары Самал Қадырова атап көрсеткендей, кейінгі бес жылда Павлодар облысында мектеп бітіргендердің 83 пайызы ҰБТ тапсырған. Жыл санап олардың үлесі көбейіп, был­тыр тіпті 89 пайызға жеткен. Бұ­рындары Ресеймен шекаралас аудандардың балалары оқу бі­тіре сала көрші елдің жоғары бі­лім орындарын жағалап кететін. Бұл теріс үрдіс кейінгі жылдары тө­мен­деп келе жатқаны бай­қа­ла­ды.

 – Еліміздің жоғары оқу орын­­дарына түсуге ниет білдір­ген­дер санының оң динамикасы бай­қалып отыр. Кейінгі 5 жылда 16 498 (81,8 пайыз) түлек қазақстандық бі­лім ұйым­дарына оқуға түсті. Осы­ уақыт аралығында 2 839 түлек  шетелде білім алуды таңдаған. Ал Ресей университеттері мен колледждеріне кейінгі жылдары 2 386 жас құжат тап­сыр­ған. Атап айтқанда, Железин, Шарбақты, Тереңкөл, Успен, Ертіс аудандары бойынша әл­гін­дей жастар азаймай тұр. Кейінгі жылдары мем­ле­­кет­тік білім беру гранттары мол бөлініп жатыр. Жыл са­йын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға, оның ішінде көпбалалы немесе толық емес отбасылардағы бала­­­ларға арналған квоталар саны артып келеді. Сондай-ақ әлеу­­меттік осал отбасылардан шық­­­қан балаларға ректорлық грант­­­тар, қалалар мен аудандар әкім­дерінің гранттары, Қазақ­­стан халқына қорының грант­­тары­ бөлінеді, – дейді С.Қады­рова.­

Атап өтерлігі, биыл жазғы кезең­де облыс бойынша 109 мыңнан астам оқушы демалыспен және жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік ла­гер­ь­л­ердің мате­риал­дық-тех­ни­­калық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 209,8 млн теңге бөлінді. Жал­пыға бірдей білім беру қоры­ның қа­­ражаты есебінен әлеу­мет­тік­­ отбасылардан шыққан ­12 мың­­­­­нан астам ба­ла дема-ла­­­­­ды. Өңір­­­­­­де балалардың дема­лысы мен жұмыспен қамтылуын ұйым­дастыру үшін барлық меке­менің мүмкіндіктері мен әлеуетін жұмылдыра отырып, кешенді түрде шаралар қабылданып жатыр.

Білім беру басқармасының дерегінше, 1 маусымнан бастап өңірде 782 мектеп жанындағы, қала сыртындағы және бейінді лагерлер ашылады. Бұған қоса «Ұлы дала кереметі» жобасы бойынша 1000 бала тарихи және киелі жерлерге саяхат жасайды. Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы­на арналған «Қ.Сәт­баев – ұлт мақ­танышы» атты та­қы­­рыптық ауысымдар, «Дана мұ­ра­сы» экспедициялық жасақ­тар­дың слеті жоспарланған.

 

Павлодар облысы