Қаржы • 29 Мамыр, 2024

Қаржы нарығына шетелдік банктер келе ме?

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отандық нарыққа жаңа шетелдік банктер келуі мүмкін екені былтырдан бері айтылып жүр. Қазір Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агеттігі (ҚНРДА) шетелдік қаржы институттарымен алда құрылатын жаңа серіктестік туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Компания атаулары әлі белгісіз. Бас банктің мәлімдеуінше, әлеуетті инвесторлардың кім екені бір жылдың ішінде, орындалған келісімшарттардан кейін ғана жарияланбақ.

Қаржы нарығына шетелдік банктер келе ме?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

ҚНРДА-ның хабарлауынша, бас­тама несие мөлшерлемесін тө­мен­детуге, сондай-ақ шетелдік банктердің жұмыс істеп тұрған еншілес ұйымдарының бел­сен­ділігін арттыруға мүмкіндік бере алады. Ал Қаржыгерлер қауымдастығы бұл істегі «жаңа ойыншылардың» пайда болуы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, отандық бизнесті тиімді қаржыландыруға жол ашады деп есептейді.

Жалпы, кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушылар да өздеріне тиімді банктік ұсыныстарды таңдау мүмкіндігіне ие болатын көрінеді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер жаңа, анағұрлым ыңғайлы қаржылық шешімдерді, өнімдер мен қыз­мет­терді дамытуға инвестиция салуға ынталандырады. Иә, айтылып жатқан болжам мен пайым көп. Ал шындығына келгенде, біздің нарық шетелдік ірі инвесторлардың қызығушылығын оятуға қауқарлы ма?

Қаржыгерлер қауымдас­ты­­ғының төрағасы Елена Бахмутова­ның айтуынша, ішкі жал­­пы өнімнің негізін өн­діруші сек­тор құрайтынын ұмыт­паған жөн.

«Бұл сектор Қазақстан банк­терінен ешқашан ірі көлемді несие алмаған. Инвесторлық жобалар расында, шетелдік бай­ла­ныстардың орнауымен немесе шетелдік банктердегі несиемен қаржыландырылады. Оның себебі – екін­ші деңгейлі банктердің капиталдандыруымен қамтамасыз етіле алмаған елеулі сомаларда. Сондықтан шетелдік «жаңа ойыншылардың» елімізге деген көзқарасы өзгеріп, қызы­ғу­шылығы артуы әбден мүмкін. Жалғыз уайым – стандартты қадағалаудың сақталуы», дейді.

Қауым­дастықтың мә­лім­­­­деуін­ше, қазір Мәжілісте ен­ші­лес және резидент емес банк­тердің филиалдарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Заң жобасын әзірлеушілер ел азаматтарының шетелдік қар­жы институттарында қол­же­тімді опера­цияларды жүзеге асыруына мүм­кіндік беруді ұсы­на­ды: мысалы, төлем карталарын шығару, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету­лер­ді дайындау.

Жалпы, отандық банк секторында шетелдік банктер бар­шылық. Бірақ соңғы екі жылда елімізде бірде-бір жаңа филиал ашылмаған.

«Резидент емес банк филиал­дарының жұмысына арнал­ған заңнамалық негіз бен олар­­дың атқара алатын түрлі опера­ция­ла­рының кең тізімі 2021 жылдан бастап бар. Талаптарды ырық­­тандыру, сондай-ақ рұқсат етіл­ген қызмет түрлерін кеңейту, оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау мен төлем қызметтерін көрсету шетелдік банктерді отандық нарыққа ынталандырып, тартуы мүмкін деп санаймыз», деді Е.Бахмутова.

Қауымдастық төрағасы ел нарығы үшін шетелдік банк­тер­дің саны емес, сапасы маңызды екенін айтты. Демек басымдық банк­тер­дің елімізге әкелер жаңа мүм­кіндіктеріне қойылады.

Қаржылық талдаушы Арман Бейсембаевтың пікірінше, келетін шетелдік банктер корпоративтік несие сегментіне назар аударуы мүмкін, өйткені оның көлемі соңғы екі жылда тұтыну несие­ле­рінен әлдеқайда азайып кетті. Отандық қаржы институттары кәсіпкерлік секторды тиісті дең­гей­де қаржыландырып жат­қан жоқ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова шетелдік банк­тердің келуі бәсекені күшей­те­ді деп есептейді. Қар­жы сарапшысы Расул Рысмамбетов отандық банктердің шетел­дік­термен бәсекеге түсуге дайын­ды­ғы­на қатысты пікірінде «елімізге шетелдік банктердің келуінен тұты­нушы пайда табуы керек» деп пайымдаған.

 

Әсем Жанатова,

ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті