Марғұлан университетінде өткен іс-шараға жиналған жұрт алдымен академиктің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым жасады. Содан кейін университеттің бас корпусында Орталық мемлекеттік музейдің «Ғылымның марқасқасы – Марғұлан!» көрмесін тамашалады.
Конференцияның шымылдығын ашқан Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев барша қатысушыны маңызды іс-шараның басталуымен құттықтады.
– Бұл конференция – біз үшін аса маңызды әрі мазмұны терең, салиқалы мәжіліс. Өйткені біз ұлтымыздың ұлы есімдерін еске түсіріп, тағзым ету арқылы парызымызды атқарып келеміз. Академик Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы және сәулет өнерi мен металлургия саласы бойынша 300-ден аса ғылыми еңбек, 100-ден көп энциклопедиялық мақала жазған ғалым. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлiне де аударылды. Әлкей Марғұлан педагогика бағытында да еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегі мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады, – деп атап өтті ректор Ж.Жилбаев.
Ал ашылуында сөз алған Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы:
– Әкеміз үнемі жұмыстан қолы босамайтын. Ғылым оның хоббиі болды, ол өмірін археологияға арнады. Күндіз-түні ұйықтамай, үш-төрт сағат қана көз іліп, қайтадан жұмыс үстеліне отыратын. Өмірінің соңғы жылдарын Қазақстан архитектурасын зерттеуге арнады, кейіннен дәл осындай атаумен еңбегі жарық көрді, – деп әкесі туралы естеліктерін айтты.
Конференцияда сонымен қатар былтыр жүргізілген далалық археологиялық зерттеулердің қорытындылары бойынша ақпараттар, оның ішінде өткен жылдардағы материалдар талқыланды. Осыған қоса археология ескерткіштерін зерттеудің жаңа әдістерін қолдану, пәнаралық зерттеулер, оларды қорғау, ғылыми және мәдени өмірдің әртүрлі саласында қолдану мәселелерін қозғаған баяндамалар үлкен қызығушылық тудырды. Академик Әлкей Марғұлан, оның еліміздегі ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеудің өзекті мәселелері мен келешегі, ерте металл дәуірі-кешендерді кезеңдендіру және мәдени сәйкестендіру мәселелері, Еуразиялық мәдени кеңістіктегі ерте көшпелілер, ортағасырлық археология – қала және дала өркениеті, этноархеологиялық Ежелгі және дәстүрлі қоғамдарды зерттеу, Қазақстанның археологиялық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері және басқа да терең әрі өзекті тақырыптарда бас-аяғы 117 ғылыми баяндама жасалды.
Айта кетейік, конференция барысында академик Әлкей Марғұланның туған ауылына көшпелі іс-шара жоспарланып, қатысушылар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің археологиялық ескерткіштеріне барды.