Спорт • 28 Мамыр, 2024

Испаниямен бір топқа түсті

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың 14 қыркүйегі мен 6 қазаны аралығында футзалдан Өзбекстанның Ташкент, Бұқара және Андижан шаһарларында өтетін Х әлем чемпионатының жеребесі тартылды.

Испаниямен бір топқа түсті

Жеребе тарту рәсімі Самарқанның Регистан алаңында өтті. Қазақ­станның ұлттық құрамасы D то­бына түсті. Қарсыластарымыз – Испания, Жаңа Зеландия және Ливия. Осылардың арасында ең азулысы Пиреней түбегінің өкілдері екені даусыз. Олар 2000 және 2004 жылдары әлем чемпионы атанып, жеті рет Еуропа біріншілігінде (1996, 2001, 2005, 2007, 2010, 2012, 2016) бас жүлдені олжалады. 2016 жылы жалауы желбіреген дүниежүзілік доданың 1/8 финалында испандықтармен жолымыз қиысып, 2:5 есебімен есе жіберген едік. 2018 жылы қарт құрлықтың басты жарысында олармен қайта кездестік. Бұл бәсекенің негізгі уақыты тең аяқталып, пенальти соғу барысында қарсылас команданың бағы жанды – 5:5 (пенальтиден – 1:3). Ал Жаңа Зеландия мен Ливияны ұту отандық футзалшылар үшін ең қиындық туғызбайды деп ойлаймыз.

Өзбекстандағы доп додасының өзге топтарында мына командалар өзара күш сынасады: А тобы – Өзбекстан, Нидерланд, Парагвай, Коста-Рика. В тобы – Бразилия, Куба, Хорватия, Таиланд. С тобы – Аргентина, Украина, Ауғанстан, Ангола. Е тобы – Португалия, Панама, Тәжікстан, Марокко. F тобы – Иран, Венесуэла, Гватемала, Франция.

Футзалдан әлем чемпионаты 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жарыста Бразилия құрамасы ең көп олжаға кенелді. Оңтүстік Американың оғландары 5 рет бас жүлде олжалады. Одан бөлек, бразилиялықтардың қоржынында 1 күміс пен 2 қола медаль бар. Испанияның өрендері бес бәсекенің финалына шығып, екі рет топ жарды. Пиреней түбегінің түлектері тағы бір жарысты үшінші орынмен қорытындылады. Аргентина (1 алтын, 1 күміс) мен Португалия (1 алтын, 1 қола) құрамалары бір-бір реттен теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Нидерланд (1 күміс), АҚШ (1 күміс, 1 қола), Италия (1 күміс, 2 қола), Ресей (1 күміс, 1 қола) және Иран (1 қола) құрамалары бар.

Соңғы әлем чемпионаты осыдан үш жыл бұрын Литвада ұйымдастырылды. Балтық жаға­лауында Португалияның ойыншылары алдарына жан салмады. Финалда олар Аргентинаны 2:1 есебімен ұтты. Қола медаль үшін матчта Бра­зилия мен Қазақстан құрамалары күш сынасты. Бұл бәсеке 4:2 есебімен бразилиялықтардың пай­дасына шешілді. Нәтижесінде, Литвадағы доп до­дасын отандастарымыз төртінші орынмен қо­рытындылады.

Ал бұған дейін Қазақстанның футзалшылары дүниежүзілік додаға тағы екі рет қатысқан еді. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Гватемалада топтық турнирде сүрінсек, 2016 жылы Колумбиядағы жарыстың 1/8 финалдық межесінде Испанияға (2:5) есе жібердік.