Башқұртстан астанасы Уфа қаласының 450 жылдығына арналған айтулы фестивальға Ресейден 15, Қазақстан және Қырғызстаннан бірнеше театр қатысты.
Фестивальға жиналған қатысушылар мен қонақтарды Башқұртстан Республикасының Мәдениет министрі Әмина Шафикова құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Жалпы, театр өнері әлемге ортақ болса да, мұсылман халықтары, оның ішінде қазақ, қырғыз театрларының орны бөлек. Олай деуіме себеп, бұл елдердің тарихы тіпті тереңде. Ал тарихы бай қауымның қалың көрерменге ұсынары әлбетте мол әрі тағылымды болары сөзсіз, – деді Әмина Шафикова.
Расында, әр елдің сахналаған қойылымынан алар тағылым мол еді. Бір апта ішінде қазылар алқасы мен сарапшылар түрлі жанрдағы 16 спектакльді көріп, талқылады. Уфа қаласының театр сахналарында күніне үш бірдей қойылымнан көрсетілген.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры ұлттық театрлар бәйгесіне Ресейдің Вахтангов театрында, Еуропа театрларында режиссерлігімен шыңдалған қазақтың талантты режиссер қызы Гүлназ Балпейісова сахналаған Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын алып барды. Ұлттық классика інжу-маржанының бүгінгі күнмен үндестіріліп қойылған жаңа нұсқасын белгілі халықаралық театртанушылар мен өнертанушы сарапшылар жоғары бағалады. Әсіресе Сәкен театры актерлерінің сахна шеберлігі, образ кейіптеудегі өзіндік ой-өрнек, іс-қимыл әрекеттеріне қайран қалды.
Нәтижесінде, фестивальдың негізгі сегіз аталымының бірі «Үздік ер адам рөлі үшін» жүлдесі «Қарагөз» қойылымында Нарша бейнесін сомдаған Сәкен театрының актері Бауыржан Нұрмағамбетовке берілді.
Ал Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Құлагер» қойылымы «Спектакльдің үздік музыкалық-пластикалық шешімі» аталымын алып берді.
Мұнымен қоса Башқұртстанның атақты актерлері сахна шеберлігін ерекше танытқан әртістерге де арнайы жүлделер тапсырды. Сәкен театрының актрисасы Әнелі Сағындықоваға «Қарагөз» рөлі үшін берілді.
– «Туғанлық» фестивалінің бағдарламасы тәжірибе алмасу, белгілі театр тарландарының шеберлік сағаттары сияқты танымдық іс-шаралармен толығып отырғаны да, фестивальдың атына сай қатысушылардың туыс-туғандық қарым-қатынастарын бекіте түсті», – дейді театр басшысы Құрман Қалымов.
Фестивальдың тарихы 1991 жылдан бастау алады. Алғашқыда түркітілдес халықтар театрларының фестивалі аталғанымен, бүгінде ол ұлттық театр фестивалі деңгейіне көтерілген.
Қарағанды облысы