фото: Ақорда
Мемлекет басшысына терминалдың ашылуы қарсаңында құрылыстың қалай жүргізілгені жөнінде баяндалып, жолаушыларды тіркеу, шекара және кедендік бақылау аймақтары, жүк бөлімі таныстырылды.
Жаңа терминал Орталық Азияда бірінші болып Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификат алады.
Жолаушылар мен авиакомпаниялар санының өсуін ескере отырып, 50 тіркеу бағаны жұмыс істейтін болады. Ол үшін жаңа жабдықтар сатып алынған. Терминалда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін толықтай жағдай жасалған. Бұдан кейін Президент әуежайдың жаңа VIP-терминалын аралап көрді.
Мемлекет басшысы қала және ел туралы алғашқы әсер әуежайдан қалыптасатынын атап өтті.
«Алматы халықаралық әуежайы – еліміздегі ең ірі әуе айлағы. Оңтүстік астанамызды тамашалайтын туристер саны жыл сайын артып келеді. Былтыр қалаға 2 миллионнан астам турист келіп-кеткен. Осыдан екі жыл бұрын құрылыс орнына капсула салу рәсіміне қатысып едім. Ал ертең, міне, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерге қызмет көрсетпек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент терминал құрылысын халықаралық стандарттарға сай жүргізгені үшін TAV GROUP компаниясына, сондай-ақ Алматы үшін осындай маңызды жобаға атсалысқан кредиторлар концорциумы – Еуропалық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Еуразиялық даму банкіне алғыс айтты.