Айтқымыз келгені, атамекендегі ата-анамыздың тәлім-тәрибесі мен өнегесі қайсыбірімізге де, ықпал етпей қоймайтыны мәлім. Бүгінгі кейіпкеріміз Төлеубек Айтұлы Көбеновке де ата-анасының өнегелі тәлімі оның өмір жолына оң бағыт сілтеп, соның нәтижесінде ол әскери саланы таңдаған. Сондықтан біз екеуара сұхбат барысында кеңес дәуіріндегі әскери құрылым мен оның қазіргі кезеңін салыстырмалы түрде алып, қарастырдық.
– Сөз басын сіздің туған жеріңізден бастағанымыз жөн болар. Әлгінде әскери саланы таңдауыма ата-анам ықпал етті дедіңіз. Осы төңіректегі әңгімені оқырмандарыңызға тарқатып айтып берсеңіз?
– Мен Семей өңірінің тумасымын. Рас ата-анам менің әскери қызметкер атануыма зор ықпал жасады. Әкем отбасында елдің әрбір азаматы өз отанын қорғауға мүдделі болуы тиіс деп жиі-жиі айтып отыратын. Бастысы, ол кезде әскерге бармау ер азаматтар арасында намыс саналды. Сондықтан мен өз еркіммен әскерге сұранып, 1987 жылғы мамырда Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы оқу-байланыс бригадасында болдым. Осы жерде арнайы дайындықтан өткеннен кейін, тағы да өз еркіммен Ауғанстан еліндегі кеңес армиясының шектеулі әскери контингентіне сұрандым. Сөйтіп Кабул қаласының түбінде орналасқан полкте әскери құрылымды байланыспен қамтамасыз еттім. Әрі қиян-кескі ұрыста әрбір тапсырманы байланыс арқылы күштік құрылымға нақпа-нақ баяндап, олардың бағыт-бағдарының дәл болуына ықпал жасадым. Жалпы қазір Ауғанстандағы бұл соғысқа қатысты түрлі деректер айтылып жүр. Өз басым мұны тарих еншісіне қалдырған жөн деп санаймын.
– Сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралғаннан кейінгі өмір жолыңыз қалай өрбіді?
– Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан шығарылғаннан кейін, Президент Жарлығымен еліміздің Ұлттық ұланы құрылғанын бәріңіз де жақсы білесіздер. Осы әскери құрылымда мен әуелі взвод, рота, батальон командирі, полк штаб бастығының орынбасары, полк командирінің орынбасары, бригада командирі болып, одан әрі мұндағы орталық аппараттың бөлім бастығы қызметін атқардым. Осының негізінде мен Ұлттық ұлан ең алғашқы сарбаздарының Алматы қаласындағы 28-ші Панфиловшылар саябағында әскери ант қабылдауының тарихи куәгері болдым. Ел Президенті осы ресми салтанатта сарбаздарға маңызды міндеттер жүктеп, игі лебізін білдірді.
Іле көп ұзамай, 1966 жылдың қыркүйек айында Ұлттық ұланның әскери бөлімі Сарыарқа төсіне орын тепкен жаңа астанаға көшірілді. Жаңа астананы кең байтаққа ресми түрде таныстыру салтанатына бұл әскери құрылым сарбаздарының қатысуы да тарих еншісіндегі зор мәртебе деп білемін. Ал 2001 жылдың шілдесінде Ұлттық ұланның әскери бөліміне ел Президенті өз қолымен әскери ту табыстады. Жалпы Ұлттық ұланның өзге әскери құрылымнан ерекше тұсы бар екендігіне басымдық беруіміз қажет. Мысалы, сарбаздың денсаулығы мықты болуынан бөлек, оның моральдық-психологиялық жағдайы небір тосқауылдарға төтеп беруі тиіс. Сондықтан олар белгілі бір ережелерге сай, әскери оқу-жаттығуларға қатысады. Әрі елдік және халықаралық маңызы бар іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұған бір ғана дәлел келтірсек, 2010 жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында өткізілген ОБСЕ саммитін айтуымызға болады.
– Сіз кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президент полкінің тұңғыш командирі болдыңыз. Сондықтан еліміздің қорғаныс саласының проблемасын да жақсы білесіз. Сол түйінді түйткілдерді шешу үшін не істеу қажет?
– Көп сөздің басын шалып қайтемін. Нақтысы, бүгінде әскери қақтығыстардың әдіс-тәсілдері, соның ішінде гибридтік соғыс түрлері мүлдем басқа болып тұр. Осыған байланысты бізге ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының санын арттыру қажет. Біздің Қорғаныс министрлігі өткен жылы ұшқышсыз ұшу аппараттары бойынша сынақтар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Алайда, бұл аталған аппараттардың шығын материалы болып саналатынын да ескеруіміз қажет. Осы ретте бұл тұрғыдағы атқарылатын істерді жауапты министрлік алдағы уақытта тиянақтап, бір қорытындыға келетін болар. Өкінішке қарай, өзекті өртеп отырған мына проблемаға тоқтам салар түбегейлі шешімді әлі көре алмай отырмыз. Сұмдығы сол, бейбіт заманда әскерге кеткен ұландар кісі қолынан қаза тауып, үйлеріне табытпен оралып жатыр. Жекелеген әскери бөлімдерде қатаң тәртіп болса, мұндай келеңсіздіктер орын алмаған болар еді. Осы себептен ата-аналардың кейбірі әлеуметтік желі арқылы балаларын әскерге жібергісі келмейтіндерін ашық айтуда. Ел Президентінің өзі де бейбіт күнде әскердегі сарбаздардың қаза таппауын, ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керектігін, бастысы, бұл мемлекеттің мойнына алған міндеті екендігін қадап айтты.
– Сөзіңіз аузыңызда, былтыр еліміздің Қорғаныс министрлігі отыз мыңнан аса жасөспірімнің әскерге баруға іздестірліп жатқанын мәлімдеді. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Себебі, әлі күнге дейін жекелеген әскери бөлімдерде сарбаздарға қатысты жасалған әлімжеттік жалғасуда. Осы себептен ел арасында алаңдаушылық басым. Әскердегі әлемжеттіктен орын алып жатқан сарбаздар өлімі түбегейлі тоқтатылсын! Сонда ғана әскерге деген ата-аналар мен жасөспірімдер сенімі артады. Егер алдағы мерзімдерде жекелеген әскери бөлімдерде әлімжеттіктен сарбаздар тағы ажал құшатын болса, онда Президент тапсырмасын орындауға құлық танытпай отырған қорғаныс саласына түбегейлі реформа жүргізу қажет.
– Уақыт бөліп, маңызды мәселелерге қатысты ой бөліскеніңізге алғыс білдіреміз. Есен-сау болыңыз!
Сұхбаттасқан, Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
журналист