Әлемнің 9 елі жұлдыздарының басын қосқан «Опералия» фестивалі – өнер жанкүйерлерінің жыл сайын асыға күтетін басты мәдени оқиғаларының бірі. Өйткені айтулы жоба түрлі музыкалық дәстүрлерді біріктіріп, опера, балет және симфониялық өнердің барлық әсемдігін көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елімізден бөлек, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехиядан келген танымал әртістер өнері шын мәніндегі кәсіби шеберліктің шыңын көрсетуге дайын.
«Театрымыздың сахнасында «Опералияны» осымен екінші жыл өткізгелі жатқанымызды мақтан етеміз. Бұл керемет фестиваль осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны белгілі. Жыл сайын ол театр өнерінің беделін асқақтатып, елорданың мәдени өмірін байыта түседі. «Опералия-2024» әлемдік ауқымдағы өнер көрсетулерді ұсынатынына еш күмән жоқ», деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Фестивальдың ашылу рәсімінде театр фойесінде театрландырылған шоу өтті. Онда опералық нөмірлер орындалып, «Опералия» бағдарламасына енген спектакльдердің костюмдері мен реквизиттері таныстырылды. М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы айтыс сахнасында бірінші болып көрермендер аудиториясына шыққан Бибігүл Жанұзақ пен Мейір Байнеш кештің шымылдығын ашып берді. Олар өздерінің әсерлі әрі шебер орындауларымен көпшілікті баурап алды.
Сондай-ақ фестивальдың ашылуы танымал италиялық әртістердің өнер көрсетуімен есте қалды. Олардың қатарында сопрано Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале мен тенор Джулио Пеллигра болды. Симфониялық оркестрге бағдарлама авторы Джузеппе Акуавива мен маэстро Абзал Мұхитдин дирижерлік етті, олар барлық музыкалық туындыны нақышына келтіре отырып жеткізді.
Италиялық меймандар, атап айтқанда Дезире Ранкаторе, Альберто Газале мен Джулио Пеллигра «Астана Опера» солистерімен бірлесіп, опера өнері жауһарларынан ариялар ұсынды. Олардың Джузеппе Вердидің «Риголетто» және «Травиата», сондай-ақ Джакомо Пуччинидің «Тоска» және «Богема» операларынан орындаған нөмірлері көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Ал Альберто Газале Руджеро Леонкаваллоның «Паяцтар» операсынан прологпен сахнаға шығып, өзінің бірегей дарыны мен драмалық ойынның тереңдігін паш етті.
«Астана опера» театрындағы фестивальда өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын және мені шақырғаны үшін театр ұжымына рақметімді айтқым келеді. Қазақстанға келгеніме, осындағы маңызды дебюттік өнер көрсетуге қуанып отырмын. Қазақстандық көрермендерге жеткізгім келетін нәрсе – бұл италиялық операға деген махаббат пен оның нәтижесінде болатын сезімдерге деген ықылас. Қазақ өнерімен жақынырақ танысу үшін бұл жаққа тағы да келгім келеді. Фестиваль италиялық мелодрама репертуарының ғажап музыкасы арқылы көрермендер көңіліне ұзақ тұрақтап, жүрегінен өшпес орын алады деген үміттемін», деп атап өтті тенор Джулио Пеллигра өнер көрсетуден кейін.
Фестиваль аясында опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетіледі. Бағдарламаға әрқайсысы ерекше назар аударуға тұрарлық жарқын опералар еніпті. Атап айтсақ, қазақ композиторы М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» классикалық туындысы ұлттық операның бай әлеміне есік ашса, Дж.Пуччинидің «Турандот» әйгілі операсы шақырылған солистердің қатысуымен көрсетіледі. Сонымен қатар грузиялық тенор Георгий Ониани, украиналық сопрано Оксана Крамарева, чех сопраносы Либуше Санторисова бастаған талантты әртістер өнерімен тыңдармандарына тамаша тарту жасамақ. Ал Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсының көрсетілуі – фестивальға жеңілдік пен романтикалық көңіл күй үстері сөзсіз. Одан бөлек П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы шақырылған солистер – ресейлік Элеонора Макарова мен Евгений Качуровскийдің, сондай-ақ Тәжікстаннан Шохрух Юнусовтың қатысуымен өтеді. Әншілердің шеберлігі тыңдармандарға өзі үшін әлемдік опера жауһарын жаңадан ашуға мүмкіндік береді.
Балет өнерін сүйер қауымды да бірегей қойылымдар күтеді. Олардың қатарында әйгілі хореограф Ролан Петидің 100 жылдығына орай қойылған М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» қойылымы мен Л.Делибтің жан біткен қуыршақ туралы жеңіл әрі көңілді «Коппелия» балеті ұсынылады.
«Гала-операға» италиялық жұлдыздар қатысса, «Гала-балетке» Елена Воробьева, Алексей Селиверстов, сондай-ақ Чжан Хайдун, Чжан Юйи мен Сунь Хуэйсинь сынды ресейлік және қытайлық солистер шақырылыпты. Камералық залда жеті концерт өтеді, олардың көбіне Иньяки Альберди (аккордеон, Испания), Кетеван Абиатари (сопрано, Италия / Грузия), Елизавета Александрова (арфа, Санкт-Петербург) сынды шетелдік әртістер өздерінің өнер көрсетулерімен көрік береді деп күтілуде. Сонымен қатар Генрик Венявский атындағы XVI халықаралық скрипкашылар беделді байқауының лауреаты Меруерт Кәрменованың (Бельгия/Қазақстан) концерті және Astana Piano Passion халықаралық байқауының лауреаттары Александр Кутузов пен Бекзат Рақымовтың (Алматы / Мәскеу) шығармашылық кеші де көрерменін рухани ләззатқа кенелтері сөзсіз.
Театрдың үлкен залы мен К.Байсейітова атындағы камералық залда жоспарланған концерттік бағдарламалар да бұдан қызықты болмаса, кем түспейді. Олардың қатарындағы «Дарқан дала» ұлттық музыка концерті Қазақстанның дәстүрі мен мәдениетіне бойлауға мүмкіндік берсе, алғаш рет «Астана Опера» сахнасында Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің елордалық театрдың хорымен және опера солистерімен бірге өнер көрсетуі де өзінше үлкен жаңалық болмақ.
Дирижер тұғырынан Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива, Ерлан Бақтыгерей, Руслан Баймурзин мен Элмар Бөрібаев сынды дарынды тұлғаларды көруге болады.
Айтулы өнер думаның осы жылдағы басты ерекшелігі – биыл Қазақстан мен Италия арасында өзара түсіністік пен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. «Опералия» екі ел арасында әртістерді өзара алмастыру туралы жоспарларды жүзеге асырудың бір бөлшегіне айналды. Осылайша, меморандум қазақ мәдениетіне әлемдік мәдени кеңістікте ойып тұрып орын алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде фестиваль еліміздің опера өнерін насихаттайтын бірегей алаңға айналды. Көпшілік Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» және «Қамар сұлу» операларының нөмірлерінен ләззат алды. «Астана Опера» әртістері – Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Айзада Қапонова, Гүлжанат Сапақова, Ұлпан Әубәкірова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Талғат Ғалеев, Шыңғыс Расылхан, Расул Жармағамбетов, Талғат Аллабиринов, Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Рамзат Балакишиев, Бейімбет Таңарықов және Болат Есімханов жоғары кәсібилік пен шеберліктерін көрсетіп, сахнада жарқын өнер көрсетті.
«Халықаралық және отандық орындаушылардың мұндай байланысы «Опералияны» бірегей етеді. Бүгін мен алғаш рет қазақ ұлттық операсының үлгілерімен танысып, қатты қайран қалдым», деп атап өтті шетелдік мейман Андреас Грааб.
«Астана опера» сахнасындағы «Опералия» халықаралық фестивалінің ашылуы шын мәнінде керемет өтті. Енді алда ғажайып музыка мен тамаша өнер көрсетулерге толы жиырмадан астам табысты туынды көрерменін күтеді.