Өнер • 05 Маусым, 2024

«Опералия» – бірегей өнер думаны

100 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорда төрінде «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі шымылдық түрді. Түрлі елдер мен дәуірлердің мәдениетін біріктіретін театр думаны 31 мамырдан 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарламасын ұсынады.

«Опералия» – бірегей өнер думаны

Әлемнің 9 елі жұлдыздары­ның басын қосқан «Опера­лия» фестивалі – өнер жан­күйерлерінің жыл сайын асыға күтетін басты мәдени оқиғаларының бірі. Өйт­кені айтулы жоба түрлі музыкалық дәс­түрлерді біріктіріп, опера, балет және симфониялық өнердің барлық әсемді­гін көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елімізден бөлек, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехия­дан келген танымал әртістер өнері шын мәніндегі кәсіби шеберліктің шыңын көрсетуге дайын.

о

«Театрымыздың сахнасында «Опе­ралияны» осымен екінші жыл өткізгелі жатқанымызды мақтан етеміз. Бұл керемет фестиваль осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны белгілі. Жыл сайын ол театр өнерінің беделін асқақтатып, елорданың мәдени өмірін байыта түседі. «Опералия-2024» әлемдік ауқымдағы өнер көрсетулер­ді ұсынатынына еш күмән жоқ», деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

Фестивальдың ашылу рәсімінде театр­ фойесінде театрландырылған шоу өтті. Онда опералық нөмірлер орын­далып, «Опералия» бағдарламасына ен­ген спектакльдердің костюмдері мен реквизиттері таныстырылды. М.Тө­ле­баевтың «Біржан – Сара» операсын­дағы айтыс сахнасында бірінші болып көрермендер аудиториясына шыққан Бибігүл Жанұзақ пен Мейір Байнеш кештің шымылдығын ашып берді. Олар өздерінің әсерлі әрі шебер орындауларымен көпшілікті баурап алды.

Сондай-ақ фестивальдың ашылуы танымал италиялық әртістердің өнер көрсетуімен есте қалды. Олардың қа­тарында сопрано Дезире Ранкаторе, ба­ритон Альберто Газале мен тенор Джулио Пеллигра болды. Симфониялық оркестрге бағдарлама авторы Джузеппе Акуавива мен маэстро Абзал Мұхитдин дирижерлік етті, олар барлық музыкалық туындыны нақышына келтіре отырып жеткізді.

т

Италиялық меймандар, атап айт­қанда Дезире Ранкаторе, Альберто Газале мен Джулио Пеллигра «Астана Опера» солистерімен бірлесіп, опера өнері жауһарларынан ариялар ұсын­ды. Олардың Джузеппе Вердидің «Риго­летто» және «Травиата», сондай-ақ Джакомо Пуччинидің «Тоска» және «Бо­гема» операларынан орындаған нө­мірлері көрермендердің зор қо­ше­ме­ті­не бөленді. Ал Альберто Газале Руджеро Леонкаваллоның «Паяцтар» операсынан прологпен сахнаға шығып, өзінің бірегей дарыны мен драмалық ойынның тереңдігін паш етті.

л

«Астана опера» театрындағы фес­тивальда өнер көрсеткеніме өте қуа­ныш­­тымын және мені шақырғаны үшін театр­ ұжымына рақметімді айтқым ке­ле­ді. Қазақстанға келгеніме, осындағы ма­ңызды дебюттік өнер көрсетуге қуанып отырмын. Қазақстандық көрермен­дер­­ге жеткізгім келетін нәрсе – бұл ита­лия­лық операға деген махаббат пен оның нә­тижесінде болатын сезімдерге деген ықылас. Қазақ өнерімен жақынырақ танысу үшін бұл жаққа тағы да келгім ке­леді. Фестиваль италиялық мело­­­­­драма ре­пертуарының ғажап музыка­сы арқылы көрермендер көңіліне ұзақ тұрақтап, жүрегінен өшпес орын алады деген үміттемін», деп атап өтті тенор Джулио Пеллигра өнер көрсету­ден кейін.

Фестиваль аясында опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетіледі. Бағдарламаға әрқайсысы ерекше назар аударуға тұрарлық жарқын опералар еніпті. Атап айтсақ, қазақ композито­ры М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» клас­сикалық туындысы ұлттық операның бай әлеміне есік ашса, Дж.Пуччинидің «Турандот» әйгілі операсы шақырыл­ған солистердің қатысуымен көрсетіле­ді. Сонымен қатар грузиялық тенор Георгий Ониани, украиналық сопрано Оксана Крамарева, чех сопраносы Либуше Сан­торисова бастаған талантты әртіс­тер өне­рімен тыңдармандарына тамаша тарту жасамақ. Ал Г.Доницеттидің «Махаб­бат сусыны» комедиялық операсының көрсетілуі – фестивальға жеңілдік пен романтикалық көңіл күй үстері сөзсіз. Одан бөлек П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы шақырылған солис­­тер – ресейлік Элеонора Макарова мен ­Ев­гений Качуровскийдің, сондай-ақ Тәжік­стан­нан Шохрух Юнусовтың қаты­суымен өтеді. Әншілердің шеберлігі тыңдарман­дарға өзі үшін әлемдік опера жауһарын жаңадан ашуға мүмкіндік береді.

ра

Балет өнерін сүйер қауымды да бірегей қойылымдар күтеді. Олардың қатарында әйгілі хореограф Ролан Петидің 100 жылдығына орай қойылған М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» қойылымы мен Л.Делибтің жан біткен қуыршақ туралы жеңіл әрі көңілді «Коппелия» балеті ұсынылады.

«Гала-операға» италиялық жұл­дыздар қатысса, «Гала-балетке» Елена Воробьева, Алексей Селиверстов, сондай-ақ Чжан Хайдун, Чжан Юйи мен Сунь Хуэйсинь сынды ресейлік және қытайлық солистер шақырылыпты. Камералық залда жеті концерт өтеді, олардың көбіне Иньяки Альберди (аккордеон, Испания), Кетеван Абиатари (сопрано, Италия / Грузия), Елизавета Александрова (арфа, Санкт-Петербург) сынды шетелдік әртістер өздерінің өнер көрсетулерімен көрік береді деп күтілуде. Сонымен қатар Генрик Веняв­ский атындағы XVI халықаралық скрипкашылар беделді байқауының лауреаты Меруерт Кәрменованың (Бельгия/Қазақстан) концерті және Astana Piano Passion халықаралық байқауының лау­реаттары Александр Кутузов пен Бекзат Рақымовтың (Алматы / Мәскеу) шығар­машылық кеші де көрерменін рухани ләззатқа кенелтері сөзсіз.

Театрдың үлкен залы мен К.Бай­сейі­това атындағы камералық залда жос­пар­ланған концерттік бағдарламалар да ­бұ­­дан қызықты болмаса, кем түспейді. Олар­дың қатарындағы «Дарқан дала» ұлт­тық ­музыка концерті Қазақстанның ­дәс­түрі мен мәдениетіне бойлауға мүм­кін­дік берсе, алғаш рет «Астана Опера» сахнасында Тәттімбет атындағы академия­лық оркестрінің елордалық театрдың хорымен және опера солистерімен бірге өнер көрсетуі де өзінше үлкен жаңа­лық болмақ.

Дирижер тұғырынан Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива, Ерлан Бақты­герей, Руслан Баймурзин мен Элмар Бөрібаев сынды дарынды тұлғаларды көруге болады.

Айтулы өнер думаның осы жыл­дағы басты ерекшелігі – биыл Қазақстан мен Италия арасында өзара түсіністік пен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. «Опералия» екі ел арасында әртістерді өзара алмастыру туралы жоспарларды жүзеге асырудың бір бөлшегіне айналды. Осылайша, меморандум қазақ мәдениетіне әлемдік мәдени кеңістікте ойып тұрып орын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде фестиваль еліміздің опера өнерін насихаттайтын бірегей алаңға айналды. Көпшілік Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» және «Қамар сұлу» операларының нөмірлерінен ләззат алды. «Астана Опера» әртістері – Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Айзада Қапонова, Гүлжанат Сапақова, Ұлпан Әубәкірова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Талғат Ғалеев, Шыңғыс Расылхан, Расул Жармағамбетов, Талғат Аллабиринов, Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Рамзат Балакишиев, Бейімбет Таңарықов және Болат Есімханов жоғары кәсібилік пен шеберліктерін көрсетіп, сахнада жарқын өнер көрсетті.

«Халықаралық және отандық орын­даушылардың мұндай байланысы «Опе­ралияны» бірегей етеді. Бүгін мен алғаш рет қазақ ұлттық операсының үлгі­лері­мен танысып, қатты қайран қалдым», деп ­а­тап өтті шетелдік мейман Андреас Грааб.

«Астана опера» сахнасындағы «Опе­ралия» халықаралық фестивалінің ашылуы шын мәнінде керемет өтті. Енді алда ғажайып музыка мен тамаша өнер көрсетулерге толы жиырмадан астам табысты туынды көрерменін күтеді.