Аймақтар • 07 Маусым, 2024

Сібір бекіресі оралып жатыр

148 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертіс өзеніне 3 мыңға жуық сібір бекіресі жіберілді. Балық инспекциясының дерегінше, еліміздегі ең ұзын су артериясына соңғы он жылда алғашқы рет сібір бекіресі босатылып отыр. Ғалымдар жергілікті ірі кәсіпорындар қаржыны мол бөлсе, алдағы уақытта «Қызыл кітапқа» енген су жануарының санын көбейтуге болады деген пікірде.

Сібір бекіресі оралып жатыр

Ертіс өзеніне балық жіберу – мәселені әбден зерделеп барып атқарылып отырған шаруа. Жергілікті компания әуелі су айдынына тұқы балығын босатудың қыр-сырын зерттеген. Дейтұрғанмен жергілікті их­тиолог ғалымдар тұқы Ертіске тән балық емес екенін айтқан соң, өзенде ежелден тіршілік ететін, бүгінде «Қызыл кітапқа» енген сібір бекіресін жіберуге шешім қабылданыпты. Сонау ерте заманда сібір бекіресі Ертіс өзені арқылы Зайсан асып, Қара Ертіске жеткен деседі. Өкінішке қарай, түрлі жағдай салдарынан оның саны бүгінде өте сиреп қалған. Жергілікті ірі кәсіпорындар балықтың бұл түрін көбейтуге қызығушылық танытып отыр.

Акция аясында өзенге 3 мыңға жуық сібір бекіресі  (жалпы салмағы 3 тоннадай) босатылды. Жасы 1,5-3 жылды құрайтын жас бекірелер өзеннің Павлодар аумағына жерсініп кететініне ғалымдар үлкен үміт артып отыр. 

Сібір бекіресі – бекіре тәрізділер отрядына жататын, Ертіс өзеніндегі ең ірі балық. Сібір өзендерінде кеңінен таралған. Дене тұрқы – 3 метрге, салмағы 200 килограмға дейін жетеді. Өте баяу өсетін балық, аталығы 11-13 жасқа толғанда жыныстық жағынан жетіледі. Ал ұрғашысы уылдырық шашуға 17-18 жасқа толғанда ғана қабілетті. Балықтың өмір сүру ұзақтығы – шамамен 60-70 жыл. Бекіре тұқымдас балықтар бүгінде еліміз бойынша тек Өскемен, Қарағанды және Атырау өңірінде ғана қолдан өсіріледі. Шығыс Қазақстандағы «Ost Fish» компаниясының өкілі айтып өткендей, бұған дейін Ертіс өзені­нің Абай облысындағы тұсына сібір бекіресі жіберіліп, жоба өз нәтижесін берген. Бекірелер өзен бойлап кетіп қал­май, аймақта қыстап шыққан. Бұл жағдай өзеннің Абай және Павлодар облыс­тарындағы аумақтарында балықтың аталған түрі үшін қоректің мол екенін білдірсе керек. Қаржыландыру жеткілікті болса, алдағы уақытта балықтандыру іс-шарасы жалғасын таба береді.

Торайғыров университетінің қауым­дас­тырылған профессоры, ихтиолог ғалым Александр Убаськин Ертіс өзенінде таралған балықтардың ерекшелігі мен фаунасы жөнінде өз деректерімен бөлісті.

«Осыдан 100 жыл бұрын Ертістің Павлодар қаласы орналасқан тұсына аялдайтын жәмшіктер (арба айдайтындар) дәмханадан құймаққа және қара уылдырыққа тапсырыс береді екен. Бұл жағдай сол кезеңдерде сібір бекіресінің Ертіс өзенінде өте мол болғанын білдіреді. Өкінішке қарай, адамдар оны тонналап аулай бастағанына және өзен айналасын ластайтын зауыт-фабрикалардың көптеп салынғанына байланысты бекіренің бұл түрі сиреп қалды. Сібір бекіресі – Ертіс өзенін мекендейтін балықтардың ежелгісі, яғни абориген түрі. Оны аулауға тыйым салынғанына 40 жылға жуық уақыт өтті. Сібір бекіресінің генін таза қалпында сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру аса маңызды. Алайда олардың популяциясы, қоры, өмір сүру, қоректену ерекшеліктері мүлде зерттелмейді. Тіпті Ертіс өзенін­дегі балық қорының өсіп-өуіне қатыс­ты ғылыми зерттеу жоқтың қасы. Негізі өзендегі балықтардың бірнеше типі бар. Соның бірі – сібір бекіресі жататын жартылай өрістегіш балықтар. Олар кезінде Шығыс Қазақстандағы кас­кадты су қоймалары салынбай тұрғанда Ертістің жоғары жағына кетіп, сол жақта уылдырық шашып, қайтып отырған. Алайда ГЭС-тер мен қоймалардың, үлкен өндіріс орындарының салынуынан бұл табиғи тепе-теңдік бұзылды. Өйткені бөгет құрылысы олардың уылдырық шашуға баратын жолын қиып тастады да, негізгі табиғи уылдырық шашатын жеріне жетпей қалды. Сібір бекіресі Шығыс Қазақстанның су қоймаларында, Ертісте азайып барады. Оны көбейтудің жолын іздеу бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі болып отыр. Соңғы уақытта өзенге көбіне тұқы мен сазан жіберіліп жатқанын ғалым ретінде өз басым құптай қоймаймын. Себебі ол – Ертіс өзені үшін сырттан келген балық түрі. Қыруар қаражат бөлініп, балықтандыру жүргізіліп жатыр, бірақ бұл шаруаның нәтижесін зерттеген ешкім жоқ. Сондықтан ендігі ретте Ертіске тек өзенге тән сібір бекіресі жіберілуі керек деп есептеймін», дейді ғалым

Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Павлодар балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова мұндай экологиялық іс-шара Ертіс өзеніндегі флораны сақтауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

«Ертіс өзеніне сібір бекіресін жіберу соңғы рет осыдан 10 жыл бұрын болған екен. Бұл бастаманы облысымыздың өзге де өндірістік кәсіпорындары жалғас­ты­рып, бекіре тұқымдас балық түрін көбейту­ге атсалысады деп ойлаймыз. Өңірдегі өзен-суларды балықтандыру негізінен жыл сайын су пайдаланушылар есебінен жүргізіліп келе жатыр. Олар су айдындарына тұқы балығын жібереді. Бұл тұрғыда қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу үшін балықтандыру шараларын жүргізіп отырған субъектілерді де атап өтуге болады. «ERG» тобы мен «Қазақстан су жолдары» компаниясы жыл сайын балықтан­дыру акциясын өткізеді. Өткен жылы 300 мыңнан астам тұқы шабағы өзенге босатылды. Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы каналдың су тораптарына 1 миллионнан астам шабақ жіберді. Алдағы уақытта біз балықтандыру шарасы бойынша біртіндеп сібір бекіресіне көшеміз. Яғни тұқы балығы емес, сібір бекіресі жіберіліп отырады. Бүгін босатылған сібір бекіресі жақсы өсіп-өніп кетеді деген сенімдеміз. Жалпы, біздің Ертіс өзенінде балықтың 12-ден аса түрі кездеседі», дейді бөлім басшысы.

 

Павлодар облысы