Басылым • 06 Маусым, 2024

«Кедейден» кемелденген басылым

15 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл облыстық «Ақтөбе» газеті ғасыр биігін бағындырып отыр. Республикадағы байырғы әрі танымал басылымдардың біріне айналған газеттің тамырлы тарихы, жемісті жолы, игерген белестері бар.

«Кедейден» кемелденген басылым

Алаштың айбыны Ахмет Байтұр­сынұлының «Га­зет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқанындай, «Ақтөбе» газеті де өзінің ғасырлық белесінде осы қағидатты берік сақтап, ұста­ны­мынан айныған емес.

Бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газетінің ал­ғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда оқырманға жол тартты. Га­зет бастапқыда аптасына бір рет, екі бет болып жарық көріп тұр­ды. Басылымда алғашқы санда­рынан бастап «Қазақстанда», «Ел­ден», «Жастар тұрмысы», «Те­ле­граммалар», сондай-ақ «Іш­кі ха­барлар», «Сыртқы хабарлар» айдарлары тұрақты кө­рі­ніс тапты. Бұдан басылымның жұрт­­шылықты ақпараттандыру бағы­тын ұстанғанын аңғаруға болады.

Егер шежіреге үңілетін болсақ, басы­лымның тарихы төмендегіше өрнектелер еді:

1924 жылы 7 маусымда – га­зеттің тұңғыш саны төте жазумен (Ақаң әліпбиі) «Кедей» деген атпен жарыққа шықты. Таралымы – 600 дана.

1930 жылы тамыз айында округтер мен уездердің орнына аудандар ұйымдасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді. Тара­лымы – 400–500 дана.

1932 жылы 13 наурыз – облыс құ­рылып, газеттің аты әуелі «Социалдық жол», сосын «Со­ци­алистік жол» болып өз­герді. Та­ра­лымы – 6000–10000 дана ара­лығында.

1962 жылы өлке құрылуына байланысты газеттің атауы «Батыс Қазақстан» болып өзгерді.

1965 жылы газет облыстық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты.

1990 жылы 12 қазанда об­лыстық газет «Ақтөбе» атауын иеленді.

«Кедей» алғаш шыға баста­ғаннан халықтың сауатын ашу­ға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағда­рын жұрт­шылық санасына сіңіруге ұм­тылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар сол заманның ең өзекті мәселелері – білім алуға шақыру, әйел теңдігі секілді тақырыптар тұрақты түрде жазылып отырған. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиен­ғали Тілепбергенов «Оқ­шауша» деген айдар ашып, сол айдар журналистердің еркін шы­ғармашылығының мінберіне айналған. Тіл ғылымының тео­риялық негізін қалаған ғалым Құ­дайберген Жұбановтың, елдің бас газеті «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қалан­ғанын көр­сетеді.

«Кедей» газеті редакциясының тұң­ғыш жауапты хатшысы болған Кенжебай Назаралин кейінгі тұста бір естелігінде былай деп жазыпты: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және бас­пахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік. Бір сөзбен айтқанда, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік».

«Кедей» газеті басқармасының атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жазыңдар!» деген сияқты нұсқаулар үнемі беріліп отырған. Жанұзақ Жәнібеков «Кедей» газетін 1926–1929 жылдар аралығында басқарған тұста басылым бағытын біршама айқындап, журналистер де жазу машығына төселеді.

Қазақтың көрнекті журналисі Әбдуәли Қарағұловтың 1967 жылы жа­зылған естелігі былай өріледі: «…Қа­зақстанда облыстар құрылды. Осыған байланысты «Алға» газеті 1932 жылы наурыз айының орта кезінде «Социалдық жол» деген жаңа атпен облыстық газет болып қайта құрылды. Бұл – бұрынғы округтік «Кедей» газетінің «Алға» болған­нан кейінгі үшінші атауы. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің саны едәуір өсті. Менің үлесіме ауыл шаруашылығы секторының меңгерушілігі тиді. Редактор бастаған оннан астам адам екі бөлмеде орналастық.

1934 жылы армия қатарынан оралып, газеттің жауапты хатшысы болып істедім де, 1936 жылдың тамыз айында Алматыға ауыстым. Ол кезде газет редакторы Меңетай Жақсылықов еді. Мен хатшылық жұмысты Кәрім Ержановқа тапсырдым».

Бұл естеліктер бізге облыстық га­зетті шығарудағы алғашқы талпыныс пен қиындықты анық аңғартады. Бай­қағанымыздай, сол тұста газеттің басты міндеттері қатарында, яғни көтеруге тиіс та­қырыптары аясында – ауылдарды кеңестендіру, партия мен үкіметтің саясатын қалың бұқараға түсін­діру, байлар иемденіп келген ша­бындықтарды жалшы-батырақ­тарға бөліп беру, қосшылар ода­ғының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін кө­бейту мәселелері қозғалды.

Газеттің алғашқы сандарынан авторлар тобы қалыптаса бас­тағаны байқалады. Қазақ оқы­­ғандары ішінен белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Кедей» газетінің штаттан тыс тілшілері ретінде басылым жұ­мысына белсене араласты.

Облыс өңіріндегі өркенді өзгеріс, экономикалық ілгерілеу, индустриялық дамуы газеттің бас­ты тақырыбына айналды. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында өңірде бой көтерген өндіріс алыптары – «Алға» химия комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа құрылысы зауыттарының алғашқы қадамдары туралы оқырманға жүйелі хабарланып тұрды. Газетте қарапайым еңбек адам­дарының тұлғасы айшықталып көрінді. Атақты тары өсіруші Шығанақ Бер­сиев­тің іс-тәжірибесі басылымда кеңінен насихатталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қалам иелеріне де жоғары жауап­кершілік жүк­теді. Бірқатар бел­сенді журналистер сол кезде қол­дарына қару ұстап, майданға аттанды. Олардың қатарында есім­дері елге танылып үлгерген Абдолла Ер­назаров, Ахмет Ескен­діров, Қо­нысбай Ерғарин сынды жур­налис­тер бар еді. Ел қорғау жо­­лын­да қаза тапқан осы ерлердің есімі газет тарихында мәңгі сақ­талады.

Соғыстан кейін шаруашы­лықты қалпына келтіру, тың игеру, басқа да күрделі мәселелер облыстық басылым­ның тұрақты тақырыбына айналды.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында газеттің кадрлар құрамы жаңарып, Қазақ мемлекеттік ун­иверситетін бітірген жас мамандармен толығып, өзгерісті кезеңді бастан өткерді. Бұған бірнеше облыстың бірігіп, өлке құрылуы да әсерін тигізді. Сол кезде «өлкелік» деген атауымен шыққан «Батыс Қазақстан» газетінің оқыр­мандары бұрынғыдан көбейе түсті. Газет басшылығы өз орталарына штаттан тыс авторлар құрамын нығайтуға интеллигенция өкілдерін, еңбек адамдарын көбірек тарта бастады. Өлкелік газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі болуы – осының айғағы. Сондай-ақ аудандарда жергілікті тілшілер посты құрылды. Ақтөбе қала­сында ауыл-село тілшілерінің слеті өткізілді.

Облыстық басылым өзінің сол қалыптасу кезеңдерінде Бүкіл­одақтық халық шаруа­шы­лығы жетістіктері көрмесінің арнаулы дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және басылымның «облыс еңбек­шілеріне коммунистік тәрбие беру, олар­ды ша­руа­шылық және мәдени құ­­рылыс­тың міндеттерін орындауға жұмыл­дыру жөніндегі жемісті жұмысы үшін» қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қыз­меті бағаланып, еңбек ұжымы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Мұның барлығы сайып келгенде алғашқы қадамнан басталған ізденістің, ілгерілеудің жемісі еді. Осы орайда газеттің алғашқы буын басшылары Абдолла Жәнібеков, Кенжеғали Аб­дуллин, Тумыш Сарқожаев, Меңетай Жақсылықов, Мұқсым Қобдабаев, Құбаш Қо­жамұратов, Смағұл Мұқашевтың есім­дерін бүгін де құрметпен атап, еске аламыз.

Облыстық газетте елге танымал көптеген ақын-жазушының қолтаң­басы қалды. Олардың қа­тарында дегдар ақын Қуандық Шаңғытбаев, танымал қаламгерлер Мұхтар Құрманалин, Табыл Құ­лиясов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұ­қанбетқалиев, Есенбай Дүйсен­баев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше бар.

Облыстық газеттің қалып­тасу кезеңінде басылымда журна­листердің қуатты толқыны қызмет атқарды. Олардың проблемалық мақалалары, ойлы очерктері, семсер тілді фельетондары тіпті рес­публикалық газеттерде де жария­ланды. Бірқатарының кітаптары жарық көрді.

Нұрқайыр Телеуов облыстық газетті 1965–1992 жылдар аралы­ғында басқарды. Одан кейінгі жылдарда Қуаныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Оралбай, Қа­сымжан Байсадақов, Бауыржан Өтеу­лиев басылым тізгінін ұстады.

Газетте 60-жылдардан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұр­таев, Таңатар Шаңбатыров, Кәдір­бай Бекмағамбетов, Төлеміс Меңді­ғалиев, Төребек Досқа­лиев, Смат Қабылбаев, Зейнолла Құл­жанов, Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Сағымбай Сембаев, Сек­сенбай Күлімбетов, Қуаныш Әлжанов, Аманқос Орынғалиұлы, Сатыпалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, тағы басқа аға буын журналистер өнімді еңбек етті.

«Ақтөбе» газеті бас редак­торының орынбасары болып қызмет атқарған Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашық­баев «Құрмет» орденімен, журналистер Жақсылық Айжанов, Нұрмұханбет Дияров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Облыстық «Ақтөбе» газеті қазіргі уақытта «Ақтөбе Медиа» ЖШС құра­мында бірнеше басылыммен қатар жаңа уақыт талабына сай қызмет етеді. Бұл ретте оқырмандармен байланыс­ты ны­ғайта түсу, жұртшылық қажет ететін күн тәртібіндегі кө­кейкесті мәселелерді көтеру сияқты міндеттер алға қойылған. Бүгінгі күні он бес мыңға жуық таралыммен шығып тұрған басылымда бұ­рынғы қызмет атқарған қалам иелері қалып­тастырған игі дәстүр, ізгілікті мұраттар сабақ­тастығын тауып келеді.

Бүгінде облыстық басылымдар жаңа кезеңге аяқ басты. Уақыт тынысын тап басып сезіну, ақпарат анықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету, ең бастысы адал көңілді оқырман ойынан шығу, сеніміне ие болу – газет жур­на­листерінің басты міндетіне айналды.

«Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығы мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдары аясында оқырманға өткен кезеңнің естелігін ұсынып отыр. Сон­дай-ақ нақ осы «Жүз жыл жылнамасы» атауымен еліміздің алғашқы астанасы Орынборға, одан кейінгі орталығымыз болған Қызылордаға (Ақмешітке), Алма­тыға, бүгінгі елордамыз — Астанаға арнайы экспедициялар ұйымдастыру жоспарда тұр.

...Белгілі ақын Есенбай Дүй­сенбаевтың осыдан он шақты жыл бұрын өзінің ұшқан ұясына арнап:

«Ақтөбе» боп тіреп қазір ат басын,

Айқара аштың әрбір үйдің қақпасын.

Бай боп, барша мұратыңа жеткейсің,

Қайта «Кедей» атанудан сақтасын!»

– деп ақжарма тілегін білдіруі бүгінгі бағытымызбен, ілгері ұстанымымызбен үндес келеді.             

Байырғы басылымның 100 жылды­ғына орай таяуда ақ­төбелік альпинистер арнайы сапарға шығып, Тянь-Шаньдағы Альтус шыңына «Ақтөбе» га­зетінің туын тігіп қайтты. Бұл ғасырлық тарихқа аяқ басқан газет журналистері үшін тарихи оқиға іспетті болды.

 

Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры