Мәселе • 08 Маусым, 2024

Алаяқтар айылын қашан жияды?

283 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған қылмыстың бірі – алаяқтық. Арамза іске бел буып, өзгенің маңдай терімен тапқан табысын өз пайдасына жарататын алаяқтар айылын жимай тұр.

Алаяқтар айылын қашан жияды?

Атырау қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары Айбек Нәсиевтің дерегіне қарағанда, жыл басынан бері алаяқтардың заңсыз әрекетінен жергілікті және өзге өңірлердің 200-ге жуық тұрғыны алаяқтардың құрбаны болған. Тергеу кезінде алаяқтық қылмысқа байланысты құқық бұзушылықтың бірнеше түрі анықталып отыр.

«Біріншіден, алаяқтар арзан бағаға мем­ле­кеттік бағдарламалар арқылы көпқабатты үйлер­ден пәтер мен жер телімдерін алып бе­ру­ді ұсынады. Екіншіден, жеке кә­сіп­орындарға, оның ішінде мұнай өндіру ком­панияларына, мердігерлік мекемелерге жұ­мысқа орналастыруға уәде береді. Үшіншіден, зейнетақы қорында жиналған қаржыны алып беру туралы ұсыныспен шығады. Төртіншіден, мемлекеттен субсидия алу мақсатында «Даму» қоры арқылы қомақты несие алып бере­тініне сендіреді. Осындай алаяқтық құқық бұзушылыққа қатысты 300-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданды», дейді А.Нәсиев.

Оның айтуынша, тұрғындар алақтардың арбауына түспеу үшін бірнеше кеңесті ескеруге тиіс. Біріншіден, жоғарыда көрсетілген сылтаулармен ақша сұраған бейтаныс жандардың банктік есепшотына қаржы аудармаған жөн. Екіншіден, ғаламтор желісіндегі жарнамаларды алдымен тексеріп, заңдылығына көз жеткізу керек. Үшіншіден, елімізде жұмысқа орналас­тыратын ресми органдар азаматтардан ақша алмайтынын ұдайы жадыда ұстау қажет.

Ал облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөнін­дегі аға тергеушісі Мұратбай Қадыровтың айтуынша, атыраулық үлескерлер 3 жылда үй құрылысына 5 млрд теңгеге жуық ақша салған. Бірақ үлескерлерге пәтер де берілмеген, ақшасы да қайтарылмаған. Демек олар алаяқтық әре­кеттің кесірінен алданып отыр.

«Тергеу басқармасының өндірісінде істер­ді зерделегенде, соңғы 3 жылда тұрғын үй құры­лысына пай және үлескерлік қатысу арқылы пәтер алуға 500-ге жуық тұрғынның қызығу­шылық танытқанын байқадық. Тұрғындар «Жібек жолы», «Ақмаржан-Атырау», «Baisanat Residence», «Saraishyq», «Qazanat», «Family Town» тұрғын үй кешендерінің құрылысына салымшы болғаны анықталды. Салымшыларға 5 млрд теңгеге жуық материалдық шығын келтірілген. Өкінішке қарай, үлескер болған тұрғындар осы күнге дейін құрылысы аяқталған пәтерді немесе ақша қаражатын ала алмай жүр. Үлескерлердің алдану дерегімен 6 қылмыстық іс тіркелді», деді М.Қадыров.

Полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттің көбеюіне байланысты Атырау тұрғындарына тұрғын үй кешендерінен пәтер алу үшін қаражат салу кезінде ескеретін бірнеше кеңесті ұсынып отыр. Біріншіден, тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізетін компанияда мемлекет­тік органдардың рұқсат құжаты бар-жоғына көз жеткізу керек. Екіншіден, күмәнді шарттардан бас тартқан жөн.

Алаяқтық жасқа қарамайтын қылмыс түріне айналып барады. Бұған мысал ретінде қаржы пирамидасын құрған атыраулық зейнеткер әйелдің әрекетін айтуға болады. Зейнеткер қаржы пирамидасын құрып, 5 жәбірленушіге 4 млн теңге шығын келтірген. Жақында Атырау қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен айып тағылған зейнеткерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаржы пирамидасының құ­ры­лымдық бөлімшесін құрған. Салымшылар­ды тарту мақсатында кеңсені жалға алып, онда күн сайын үгіт-насихат жүргізіп, жарнама­лық баннерлер ілген. Осылайша, кәсіпкерлік­ке қаражат тартпай, басқалардың жарнасы есе­бі­нен кейбір қатысушыларды байыту жолы­­мен осы активтерді тартудан мүліктік пайда алу қыз­­­метін ұйымдастырып, басқарғаны анықтал­ды», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Зейнеткер кінәсін толық мойындап, жәбір­ленушілермен татуласуына байланысты өзін қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Ал жәбірленушілер сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі тоқта­туды ұсынды.

«Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңіл­дететін мән-жайлар ретінде сотталушының зейнеткерлік жасы, жәбірленушілерге келті­рілген залалды өз еркімен толықтай өтегені еске­рілді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 217-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған белгілі бір қызметпен айналысу құқығын 3 жыл мерзімге, бас бостандығын 3 жыл мерзімге шектеу түріндегі жаза тағайындалды», деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

 

Атырау облысы