Іс-шараның мақсаты – құқықтық білімді дамыту, атап айтқанда, заң факультеттерінде мемлекеттік тілдегі білімнің жəне бағдарламалардың сапасын арттыру, қазақ тіліндегі құқықтық əдебиеттер мен оқулықтардың əзірленуіне және Maqsut Narikbayev University тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ заңдарды мемлекеттік тілде əзірлеу, оларды құқықтық тұрғыдан жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, заң шығару үдерісінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.
Кеңеске Сенат депутаттары Дархан Қыдырəлі, Наурызбай Байқадамов, Мəжіліс депутаттары, Заңнама жəне сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері Абзал Құспан, Үнзила Шапақ, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистикалық орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Примашев, философия ғылымдарының кандидаты, MNU Ислам жəне қазақ құқығының ғылыми қызметкері Жалғас Сандыбаев, MNU профессоры Жұмағали Алмас, басқа да сала мамандары қатысты.
Дөңгелек үстел ХХ ғасыр басындағы Алаш заңгерлерінің еңбектеріне арналғанын атап өткен Т.Нәрікбаев: «Қазақ әліпбиі тарихта үш рет ауысты, салдарынан қазіргі заңгерлер сол кезеңдегі түрлі, құнды еңбектерден қол үзіп қалды. Ал ол еңбектер қазіргі құқық ғылымы үшін өте маңызды. MNU ғалымдары мен студенттері осы олқылықтың орнын толтыруға талап қылып жатыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп сенеміз», деді.
Сондай-ақ Т.Нәрікбаев MNU-де осы сала бойынша мемлекеттік тілде сабақ беретін білікті мамандарды жұмысқа тарту, қазақ тілінде сапалы құқықтық контент жасау, құқықтық ғылыми мектептерді жаңғырту сияқты жұмыстардың атқарылып жатқанын, «Қазақ құқығы» деген түсінік қалыптастыру мақсатында «Ислам және қазақ құқығы орталығы» құрылғанын мәлім етті.
Дөңгелек үстел барысында 1922 жылы қабылданған «Қылмыс заңы», Алаш заңгерлері аударған заңдардың құқықтық жүйесі, заң шығармашылығын мемлекеттік тілге көшіру жөнінде атқарылған жұмыстар, қазақ тіліндегі заң терминологиясы, сондай-ақ «Қылмыс заңында» ұшырасатын араб және парсы тектес сөздердің түсіндірмесі сияқты тақырыптар талқыланды.
«1924 жылы өткен қазақ ғалымдарының I съезінде Алаш қайраткерлері терминдерді қолға алу керектігі туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта төте жазумен жазылған өте көп мұрамыз бар, солардың қазіргі ғылымға, заң терминологиясына септігін тигізіп жатқанын көріп жүрміз. Осы тұрғыда MNU студенттерінің сабақтан тыс, өз қызығушылықтарымен төте жазуды үйреніп, меңгергені қуантты. Себебі қазіргі таңда бұл сала – өте өзекті. Құжаттардың, заңнама аудармасының сапасы кейде сын көтермейді. Содан кейін екіжақты тұжырым жасалып жатады», деді Сенат депутаты Дархан Қыдырəлі.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар құқықтық білімді дамыту, заң шығару үдерістері, құқықтық терминологияны біріздендіру жолында бірлесіп жұмыс істеу, сонымен қатар құқықтық білім мен заң шығару үдерісін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды қолдайтындары және жүзеге асыруға белсенді атсалысатыны туралы мәлімдеме жасап, декларацияға қол қойды.