Руханият • 11 Маусым, 2024

Жазудағы көңіл күй хошы

27 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Газет бастауында тұрған Мұхамеджан Сералиннің қалай жазғанынан беймәлімбіз. Ал осы басылымның тағы бір басшысы Бейімбет Майлиннің маңдайына түскен қою шашын саусақтарымен шиырлап, түнгі терезеге жанарын жасқана қадап қойып, сүйкектетіп отырғанын елестетеміз. Сыртта үрей кезіп жүр, қағынан заманның сұсы жаман. Көбіне алаң көңілін жазумен басқан екен, жарықтық, естеліктерден білетініміз солай. Сонда да қандай құқайға қармастан өздері ашқан «Ауыл» (бүгінгі облыстық «Қостанай таңы») газетін шығарудан айнымаған ғой. Сол арыстардың жалғасы – кейінгі ағаларымыз қалай жазды екен деген таңсық сұрақ, міне, жүз екі жыл бедерінде де еліктіріп қоймайтыны несі екен?

Жазудағы көңіл күй хошы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жас тілші кезіміз. Бой­­ды әуес­тік билей береді. Редак­то­­ры­мыз Бақытжан Жангисин­нің редакцияның қат-қабат ұйым­дас­тыру жұмыстарының арасын­да жазуға, мақала бастырып шығаруға қалай мүмкіндік таба­тынына қайран қаламыз. Обкомның жиналысынан бір босамайды. Көлдей-көлдей есеп­тер­ді қолымен жазып, маш­бюро­ға тастайды, көбіне іс қағаздарына қатыстыларын хатшысы Зәбира Бекмағамбетова теріп береді. Сондайда аңдып жүріп оңашада, ол кісінің жазуына назар салып, маржандай түзіліміне сүйсіне қарап, разы болатынбыз.

– Міне, осы кісідей ап-анық, шимайсыз неге жазбайсыңдар, – деп Зәбира алдындағы қағазын көрсетеді. – Орысша мақа­ласына орыстардың өзі тәнті болады. Міне, қарашы, мазмұнын... – Ол бас бармағын шошайтады.

– Қазақшаны күлгін сиямен, ал орысшасын қарамен жазатыны қалай? – деймін таңырқап.

– Толып жатқан қолжаз­бала­рын бір-бірінен тез ажырату үшін сөйтеді...

Осы хатшы маңынан айнал­соқтап шықпай қоямын. Көке­йімді бірдеңе тесіп барады. Бая­ғы «Коммунизм жолына» қыз­метке кіріскен күнімдегі басшы бұйрығын қолқалап таптырып алып, өз қолымен жазған менің былайғы шығармашылық тағдырым ілінген бір жапырақ қағаздың көшірмесін жасатып алдым. Қандай қолтаңба... «1969 жылдың 22 қаңтарынан бастап...» деп, өз өмірімнің тек жазудан тұратынын болжап, батасымен қоса бұйрығын берген екен-ау! Айналдым, сол күлгін сиялы жазудан!

*  *  *

Редактордың орынбасары Сырлыбай Бүркітбаев шақырды. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Біл­дей бір бөлім меңгерушісі болсам да, алдында дірілдеп тұрысым мынау. Ағамыздың мақала қарау үстіндегі екі түрлі мінезі бар. Саусақтарын құр айқастырып, алдына қойып отырса, қуана беріңіз. Мақалаңыз шимайсыз, қинаусыз өтті деңіз. Егер көк сия­лы автоқаламын қы­сыңқы­рап, саған безеңкіреп кү­лімсіресе, бітті... Маған соңғы кескіні­мен ұшырасты. Оңды-солды сызыл­ған, үстеме жазу­лары көз қарыр­лық сұсты түзетілім­дер жүрегі­ме тікен­­дей қадалады, бітті...

Көк сызықтар шапшып тұрып бетімнен осқылап жатқандай. Түсіндім. Бітті...

– Сендер, жазумен ойна­маң­дар! Жазбай тұрып ойланыңдар!

Бөлмеме келіп шимайлан­ған мақаламды кеудеме қыс­тым. Оқырмандарым ке­йін жақ­сы бағалайтынына қуан­дым. Сыре­кеңнің көк сиялы түзе­ту­лерін сүйіп алғым кеп тұр­ды. Ішімнен бір ыңыл оянды: «Сыр­екең­нің сызықтары, шимай-шимай, Мақаламды беремін-ау, қи­май-қимай. Жал-құйрығы күзе­ліп шыққан кезде, Кетемін-ау бөл­ме­ме сыймай-сыймай!»

Кейін есейген соң, баспасөз кү­нгі жайылған дастарқан басында осы шумағымды келістіріп тақпақтап бергенімде, Сыре­кең: «Шимай қалам өсіреді, соның мысалы мына сенсің, мына отыр­ған Сәлім! (Меңдібаев)», деп кеу­десінен сырыл аралас шығатын күлкісін лекітіп жіберсін.

Ал мен сол көк сиялы қала­мымен өз шығармасын көсіл­те жазғанының нәтижесі «Ма­рал ишан», т.б. кітаптарының жұл­­дызы жарқырап жанғанын ойлап, әр сөзін қыштан кер­тіп қала­ғандай талғампаз сара­шылардан тәлім алғаныма бек мақтанамын.

*  *  *

– Сәке, осы сіз неге ақ қағаз­дың екі бетін толтырып жазасыз?

Газет редакторының орынбасары Сапабек Әсіп көзі жайнап, кеңкілдеп күлді де:

– Экономить етемін!

– Қағаз жетеді ғой.

– Жоқшылықтың үйреткені солай, шырағым.

– Енді заман басқа, жағалай тоқшылық емес пе?

– Бір бетіне жазып көргенмін, қолым жүрмей қойды!

– Кандидаттығыңызды да солай қос бетіне жаздыңыз ба?

– Солай. Әйтпесе қалам жүр­мейді.

 ... Қазақ кеңес энциклопедия­сы бас редакторының бірінші орын­басары Сапабек ағаға тағы таңырқап отырмын:

 – Әлі сол, ақ парақтың екі жағы жазуға сыңсып тұр екен...

– Солай, шырақ. Мына «Жер» кодексіне енгізген түзету-ұсы­ныс­тарымды оқып, ой-пікірің болса бөлісші.

– Мұның да қос беті толық екен-ау!

– Үнемшілдікті өз жазуыңмен дәлелдемесең, ысырапшылдықты сынап мың мақала жазғаныңнан не пайда!

*  *  *

Насихат бөлімінің меңгеру­шісі Сабыржан Мәсәлімовке жұ­мыстың аяғында сәлем беруге кірдім. Ол кісі таңертеңгілік амандасқанды ұнатпайды. Уақы­ты жоқ. Киімін шеше салып, қа­ламсабын ұстайды. Лездемеде бір көрініп қалғаны болмаса, әжетханаға да шықпайды. Түс­те кейде есігін бекітіп алып, та­қыл­датқанға да ашпайды. Кілт сал­ғыш тесіктен әлде бір дәмді астың иісі сәл-пәл бұрқырап, аш­­құрсақты шұрылдата жөнеле­тіні бар. Жә, мына келісім жұмыс бітер шақ еді.

Сәкең сонда да шұқшиып жа­зып жатыр. Кәдімгі форматты ақ қағаз бұл кісіге жарамайды. Оқушы дәптерін қалайды. Ке­зекті бетін быжынатып тас­тап­ты. Адам ажыратып болмайтын құ­мырсқа із. Лупамен үңіл­сең де, сы­рын ашпайды. Әйте­уір сапы­рылысқан сұлбалар. Ішек-қар­ны шұбатылған ирек бір­­­де­ңе. Және ылғи шарикті қала­­мұш қана ұс­тайды. Сиялысын жаны жек көреді. Шабыт қысқан­да сия сор­ғызып жатқан қандай машақат.

Мен келгенде сол қолымен жар­қыраған маңдайын төбе құй­қасына дейін қысып ұстап, кө­сілтіп жазып жатыр екен. Ұна­тыңқырамады. Бітіріп тастай­­тын ісі еді ғой. Менің киліккенім­ді ұнатпағанын өз басымнан ­да білем ғой, аяғымды кері ысы­ра бергенімде:

– Сендер үйге қайтқалы жа­тыр­сыңдар ма? Е, барыңдар, ба­рың­дар, оңашада мынаған нүкте қояйыншы, – деп сол қолын жал­тыр басына соза беріп, қалам­сабына ұмтылды.

– Сәке, сау болыңыз.

– Ей, бала, амандық қайда?

Қысылғаннан сәлем беріп, жазғанда неге қолымен басын ысқылай беретінін сұрап едім, нәті, мақаласының тәмамдалып қалғанына қуанғаны-ау, шамасы, бар шындығын жазатайым айтып қойды:

– Ми атеросклерозы ғой, ара-тұра, өте сирек жағдайда, ақ­қай­нардың бір бокалын тартып жібермесем, басқа қан тарамайды,– деп үстелінің астыңғы жағын иегімен меңзеп қалды.

– Оған қалайсың? – дейді ­кө­зін төмен жүгіртіп.

– Жек көрмеймін! – деп қаппын.

*  *  *

Майдангер Сәкен Асқаров хат бөлімін басқарады. Жазудан қолы босағанда әлдебір әуенді ыңылдай бөлме ішін адымдап, кезіп кетеді. Жүрісі тіп-тік, кенет қаз­диып тұра қалғанда, шошып кетесің.

– Жай ма?

– Мына бір еңбекшілер хатын барып тексермесе болмайды екен.

Жүрісін тежеп, үстелін бар­мақтарымен тақылдатады:

– Бару керек. Жолға шық. Хат артында адам тағдыры тұр! ­Әйда, марш, жол болсын!

Сол тапсырмадан соң, «Бір хат­­тың ізімен» жазған мақалам­ды алып кіремін ғой. Бұл жолы ыс­қырыңқырап қойып, төпеле­тіп жатыр екен. Әріптері дүрда­раз әтештердей аннан бір, мын­нан ­бір басқан, аражігі бі­рік­пейтін ­айбақ-сайбақ. Іп-ірі, сой­дақ­танып, көзге салып қалардай қор­қынышты. Менен жасырып қағаз бетін қос қолымен жаба қойды. Жазуынан қорашсына ма, түсінбеймін.

– Әйда, не бітірдің? Тағдыр­ларды таныдың ба? – деді ұшып тұрып.

Осы кезде Тобыл жағасында Сәкеңмен жарысып шаңғы тебе­тін кездерім есіме түсіп, орман­дағы әзіліме басқандай болып:

– Адам тағдыры қызық екен ғой, бәрін зерттеп жаздым. Ал сіздің тағдырыңызды менен терең білетін ешкім жоқ шығар, сірә,– дедім де мақаламды ұсына беріп едім, шап еткізіп, білегімнен ұстай алды:

– Ал мен соғыстағы тағдыр­ларды жазып жүрмін ғой, үзін­ділерін жуықта оқып қаласың. Әзірге ешкім білмесін!

Сол жазбаларын оқи алма­дық, қайда шашылып қалды екен. Өмірлік қосағы – өлердей жақсы көретін зайыбын жоқтап, сары­уайыммен орталық саябақтағы сә­кіде ұзақ сарылып мең-зең күй­де отыратын еді... Қайғы алып соқ­ты...

*  *  *

Бір жолы машбюроға кіре сап:

– Ал, Мәрияш, кеттік!

Тағы бірде тықылдаған бөл­менің табалдырығын атай беріп:

– Ал, Сұлушаш, кеттік! – деу­ші еді, жазғанда аламан бәй­гені қыздыратын, дауыстап айта жөнелгенде сатырлаған ат тұя­ғындай тепкіленетін хас шебер Аңсаған Атымтаев.

Міне, бабында екен, сөйлем­дер кетті атқыланып. Пай-пай, неткен келісті, көркем сөздер. Қайдан шығып жатыр? Көмейі ғана бүл­кілдейді. Маңдайына түскен сел­дір шашын жоғары­ға қолымен ысы­ра салып, ойынан жаңылып қал­ғысы келмей аласұрады. Мә­шің­­кешілер де әккі, аузынан шы­ғып үлгермегенді де қағып ала қояды.

– Не деді жаңа? – деп кейде асау тіркестерді уысынан шы­ға­рып алғандай болып түтігіп те қа­лады.

– Сұлукөлдің қойлары­ның... – деп мәшіңкеші кідіргенде, Аңсаған:

– Е,е, бопты, ...майлы құй­ры­ғы төңкеріле теңселгенде, жұт­қыншағыңнан әлдене жұмсақ дәм тал­ғамай жұтылғандай көзің ойнақ­тап шыға келеді-ау! – деп тәтті түйнектеп тастайды сөзін.

– Қойшы, Аңсеке, құйрық-бауырды еске салмай,– деп қа­наттас отырған мәшіңкеші әдейі жұтынып-жұтынып қояды.

Аңсаған айтып бітіп, қыздарға рахметін жаудырып, қобыраған қағазын қазы ұстағаннан бетер аймалай ардақтап, бөлмесіне келеді де, төс қалтасынан қаламсабын суырып, әлгі мәтінге төне түседі. Әр жеріне сыналап көк сиямен қазық та қағып жібереді. Онсыз бола ма? Одағай сөздермен былғанбағаны жақсы.

Ал қаламсаппен жазғандағы Аңсағанды манағы машбюро­да­ғы күйінен танымай да қала­сың. Жайшылықтағы ақкөңіл кей­­пін томаға-тұйықтық сұстылыққа ауыс­тыра салып, қаламының ұшын тістелеп, содан сөз сорып жат­қандай азаптанады...

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері