Конференцияда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Ботаникалық бағы мен жылыжай меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов баяндама жасады. Ғалым өз баяндамасында еліміздегі қауын шаруашылығын дамыту мақсатында Әмудария мен Сырдария өзендері аралығындағы өсетін қауын сорттарының құрамын талдады. Сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелер мен климаттық өзгерістер, қауынды қайта өңдеуде сорттық ерекшеліктеріне мән беру, ғалымдар мен диқандар арасындағы байланысты одан әрі дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды.
Қызылордалық ғалымдар өздері дайындаған бес түрлі қауын сортын сынақтан өткізуді өзбек ғалымдарына берді. Ал олардың ерте, орташа, кеш пісетін қауын сорттарын Сыр бойында тәжірибеден өткізеді. Бұдан бөлек, С.Қосанов үлкен ғылыми ізденістен кейін бәсекеге қабілетті, тасымалдауға төзімді, сақтауға жарамды, тәтті қауынның жаңа сорттарын шығаратынын жеткізді.
Отандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін «Өзбек көкөніс, бақша және картоп шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рустам Низомов жоғары бағалады.
Алдағы тамызда Өзбекстан ғалымдары Қызылорда облысына келіп, қауын шаруашылығымен таныспақ.