Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Соған қарамастан, В.Радлов, Л.Будагов, П.М.Мелиоранский, Д.Немет секілді түркологтер еңбектерінде түрік тілінің тармақтары үшін «диалект», «наречие» терминдерін қолдану ұстанымынан айнымады. Қазан төңкерісінен (1917 жыл) кейін, сондай-ақ В.В.Радлов қайтыс болғаннан (1918 жыл) соң орыс түркологтері түрік тілдері мәселесінде «наречие» мен «диалект» терминдерінің орнына «тіл» (язык) терминін қолданысқа енді. Осылайша, түрік тілінің әр тармағын жеке, дербес тіл ретінде қабылдау үрдісі қалыптасты. Сөйтіп, әлемдік түріктану саласында өзіндік мектебі қалыптасқан Ресейде ХІХ ғасырдың екінші жартысында «түрік»/ «түркі» терминдері қатар қолданыла бастады. Ресей түркологтерінің бір бөлігі сол кездегі осман түріктерінен өзге түрік жұрттарын бөліп көрсету мақсатында «түркі» (тюрк) деп қолданғанын ашық жазды. Соған қарамастан, ресейлік түркологтардың бір бөлігі өз еңбектерінде «түрік» (турок/ турецкий) қолданысын сақтап қалды. Мәселен, көрнекті орыс түріктанушысы П.М.Мелиоранский «турок» және «тюрок» деген екі терминді қолданысқа енгізуді қажет деп санамайтын ғалымдардың пікіріне қосылатынын, өйткені «славян» деген термин маңайында ұйысқан орыс, болгар, чех, поляк т.б. славян халықтары секілді түрік халықтары мен тайпаларының да өздерін бірлестіретін «турок», «турецкий» деген терминдерді қолдануға толық құқылы екенін баса көрсетеді (П.М.Мелиоранский, Турецкие наречия и литературы// Энциклопедический словарь, изд. Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефрон, т. ХХХІV, СПб., 1902, 159-бет). Сол секілді, орыс түркологиясының ірі өкілдерінің бірі А.Н.Самойлович те кеңес дәуірінің белгілі бір кезеңіне дейін «турок», «турецкий», «туркология» қолданысын жақтап, еңбектерінде осы қағидаттан айнымады. Оның ғылыми жұмыстарында «тюрк», «тюркский», «тюркология» түріндегі қолданыстар тек 1933 жылдан бастап қана енді. Бәлкім мұны басылым редакторлары түзеді. Танымал шығыстанушы, түрколог, арабтанушы, тарихшы, көп қырлы ғалым В.В.Бартольд та көзі тірісінде көбіне «турецкие государства», «турецкие народности», «кочевые турецкие племена» деп жазды. Кеңес түркологиясында саяси себептерге байланысты қалыптасқан «түркі» деген ұстаным өзге елдердегі түркология саласына да әсерін тигізбей қоймады. Бұл турасында түркиялық ғалымдар Ахмет Буран мен Эрджан Алкая: «Бұл терминологияны кейіннен Еуропалық түркологтар да қабылдап, көне, жаңа және жаңаша түрік жазба тілдерінің барлығын қамтитын, қысқаша атымен «Fundamenta» деп танылған еңбекте (Philologiae Turcicae Fundamenta) «Түркі тілдері» деген термин берілді (француз тілінде Langues Turques; ал ағылшын тілінде Turkic Languages). Сол секілді қазіргі таңда ағылшын тіліндегі «Turkish» сөзі Түркиядағы түрік тілін, ал «Turkic» сөзі болса, барлық түрік тілдері үшін қолданылып келеді», деп жазады (Ahmet Buran, Ercan Alkaya. Çağdaş Türk Lehçeleri. Akçağ Yayınları, 12. Baskı, Ankara, 2018, 34-бет). Ал енді тәуелсіздік алғалы елеулі уақыт өтсе де, Қазақстанда бұл мәселе түбегейлі шешілмегені қай жағынан да жөнсіз. Осы түрік/ түркі қолданысы елімізде әлі күнге дейін бір ізге салынбағаны жас буынды адастырып жатқаны ақиқат.
Өзім де, бірқатар ғалым-зерттеушілер де «түрік» терминін тұрақты түрде қолданып келеміз. Бірақ арагідік еңбектерімізді жариялайтын басылым редакторлары «түрк» деген қолданысымызды белінен сызып, «түркі» деп түзетіп жіберетіні де бар. Амал не, бұл мәселе әлі ресми түрде бір шешімін таппағандықтан, жалпыны бірдей міндеттей алмаймыз. Тек, өзіміз секілді ұстанымдағылар ғана «түрік» қолданысынан бас тартпай келеді. Біздің ұстаздарымыз академиктер Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, өзге де аға буын өкілдері үнемі «түрік» деп жазды. Мағжан Жұмабаевтың атақты өлеңінде де: «Түркстан Ер түріктің бесігі ғой, Түркстан екі дүние есігі ғой. Тамаша Түркстандай жерде туған, Түріктің Тәңір берген несібі ғой», – демеуші ме еді? Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының тіл заңына салсақ, Түрікстан болуы да қисынды. 2018 жылы жарық көрген «Ұлы Дала әдебиеті» атты монографиямның «Қазақ әдебиетінің түп-төркіні жайында» деген бөлімінде «Кеңестік кезеңде атажұрт пен Анадолыдағы ағайындардың арасын алшақтату үшін қолданылған жасанды «түркі» термині бұл шығарылымда ТҮРК деп берілді» деп көрсеткен едім. Сондай-ақ аталған бөлімде: «Түркология ғылымы Еуропада туды, ХХ ғасырда Ресейде классикалық деңгейге көтерілді, кеңес дәуірінде саясатқа айналды. Сөйтіп, әр республика өз түркологиясын жасап, байырғы ортақ мұраны әр түрк тектес халықтар иелік еткелі бақталасып, талас тудырып, жүйеден адасты. Ғылым саяси құралдың ойыншығына айналып, «түркі» деген жасанды термин ойлап табылып, атажұрт пен Анадолыдағы ағайындардың арасын алшақтатудың амалы қарастырылды. Түрік тектес халықтарды кемсіту үшін, олардың асыл мұраларын жоққа шығару үшін түрлі айла-шарғыны жасап бақты. Мысалы: біз аса қадірлейтін ғалым В.В.Радлов, түрік халықтарының мұраларын түрікке жақындатпау үшін әйгілі зерттеу еңбегін «Атлас древностей Монголии» деп атаған. Шындығында ол - түрік халықтарының ескерткіштері. Бағзы заманнан бізге жеткен мұралардың «Көне түркі ескерткіштері» аталуы да кеңестік кезеңнің салқыны еді. Дұрысы «Көне түрк ескерткіштері» болатын. Иісі түрк халықтары тарихқа, тілге, дінге келгенде балталаса да бөлінбейміз, біргеміз. Көне ескерткіштерде, түрк бітігінде «түрк» деп айтылады. Ендігі жерде осы «ТҮРК» сөзіне тоқтауымыз керек», – деп жазған едім (Жолдасбеков М., Ұлы дала әдебиеті. Астана: «Ғылым», 2018. 10-бет.). Ежелгі бітік тастағы жазуларда кейде дауысты дыбыстардың сақтала бермейтіндігін ескеріп және ана тіліміздің заңдылықтарына да сүйеніп, ендігі жерде «ТҮРК» сөзін «ТҮРІК» деп жазғанымыз жөн болады. Дұрысы осы! Реті келгенде мынаны да айта кетейін, көне жазба жәдігерлеріміз мәселесінде де тақырыпқа, салаға үстірт қарайтын зерттеушілеріміз де баршылық. Мәселен, «Күлтегінді» кейбір зерттеушілер «Құлтегін» деп жүр. Бұл көпе-көрінеу бұрмалаушылық, әрине. Мұнда «Құл» дейтін сөз де, ұғым да жоқ, дұрысы «Күл + тегін», ұлы мұрагер деген мағынаны білдіреді. Біздің ұлттық гуманитарлық ғылымда мұнан да басқа күмәнді, даулы мәселелер жеткілікті-ақ. Сондықтан, бәлкім, осыларды түбегейлі шешіп отыратын Түркиядағы секілді министрлік деңгейінде құзыреті бар «Түрік тілі жоғары құрымы» (Türk Dili Yüksek Kurumu / Турецкое лингвистическое общество) секілді ұйым бізге де құру керек шығар. Түркияда түрік тілінің дұрыс қолданылуы, тілдік заңдылықтарының, емлесінің сақталуы мәселесінде ең басты қадағалушы орган да, бақылаушы орган да – осы ұйым. Түрік тілінде жазылған, әсіресе, филология саласындағы ғылыми еңбектер мен диссертациялар осы ұйым бекіткен емле сөздігінің заңдылықтары бойынша тексеріледі. Термин мәселесінде де осы ұйым құзырлы. Түрік тілдеріне қатысты халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, көптеген маңызды жобаны қаржыландырып отыратын да солар. Қысқасы, қазақ тіліне қатысты мәселелерді, ортақ емле, бірыңғай термин қолданысын бірізге салатын, тіпті соны қадағалап, талап етіп, орындатып отыратын бір мекеме, ұйым керек-ақ.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері