Тұлға • 13 Маусым, 2024

Ел есіндегі Әжімбет

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сырдың теңізге құярлығындағы Қазалы мен Арал жұртына Әжімбет ұста есімі жақсы таныс. Өткен ғасырдың І жартысында қазіргі Бегім ана мұнарасы маңайында дүкен ұстаған Әжімбет Қарайғыровтан қалған белгі – ұрпақтары мен облыстық тарихи өлкетану музейі қорында сақталған қайталанбас қазыналары. Өз заманының айтулы азаматтары қатарында болған шебердің ақындығы, серілігі, Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы өз алдына бір салалы әңгіме. Бұл оның қалт еткенді қылпып түсіретін қатыгез отыз жетінің оқпанына жұтылуына да себеп болып еді.

Ел есіндегі Әжімбет

Жалпы, Әжімбет туралы өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін ғана айтылып, жан-жағына үрей сепкен қатерлі заманның үргедек сезімінен арылған туыстары шеберден қалған дүниелерді ел алдына шығара бастапты. Әжімбеттің көзін көргендер оның жан-жақты азамат болғанын айтады екен. Ұста сталиндік жазалау машинасына іліккенде басты тағылған айып Алаш идеясын насихаттағаны болыпты. Еті тірілігінің арқасында елдің алдында жүрген оған 1937 жылы ұсталғанда «бай болған, ел билеген, Асандар көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі атанған, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлымен ұдайы байланыс жасап тұрған...» деген айыптар тағылып, РСФСР ҚК 58-бабының 10-тармағымен айыпталады.

Сол жылы кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін ату жазасына кесілген қайраткердің сүйегі қайда қалғаны осы күнге дейін белгісіз. Асыл азамат хақында уақыт көмбесіне көмілген сыр облыстық тарихи-өлкетану мамандары арқылы мәлім болып отыр.

«Әжімбет Қарайғыровтың ұсталығы туралы әңгіме бөлек. Біз ендігі жерде оның азаматтық болмысы, саяси көзқарасы туралы ізденіс жұмыстары жүр­гізілсе дейміз. Бір өкініштісі, ол туралы көп дерек сақталмаған. Қазір мұра­ларын қолында ұстап отырған ұрпақ­тарының мәліметінше, кешегі көнекөздер Әжімбеттің Алаш партиясы съезіне де қатысқанын айтып кетіпті. Көпшілік бас қосқан бір жиында Ахмет Байтұрсынұлы туралы «біздің Ақаң» деген жалғыз ауыз сөзі онсыз да НКВД қырына іліккен қайраткерді тұтқындауға жеткілікті болса керек», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Ел алдында жүрген азаматтың туған жылы туралы да түрлі дерек айтылады. Қуғын-сүргін құрбандарының тізімі жа­рияланған ru.openlist.wiki, bessmertnybarak.ru сайттарында оның өмірге келген уақыты 1896 жыл деп көрсетілген. Ал оның мұрасын жинап, есімін ел арасына қайта оралуға күш салып жүрген музей қызметкерлерінің мәліметінше, Әжімбеттің дүниеге келген кезі 1888 жыл. Елуінші жылдары оған қарсы қылмыстық іс қысқартылып, 1995 жылы толық ақталады. Жұрт аузында қайраткердің 30-жылдардағы аштық кезінде қазір ұрпақтарының қолында тұрған мылтығымен аңға шығып, ағайынын аштық тырнағынан алып қалғаны айтылады.

Көп жыл білім саласында қызмет еткен қазалылық ақын Ғалия Орынбасар осы бағытта ізденіп, кеңестік саясатқа қарсы тұрған тұлғалар өмірін зерттеп жүр.

«Кеңестік саясат сансыратқан жұртқа жанашыр болған азаматтар туралы кейін ғана ашық айтыла бастады ғой. Осыдан біраз бұрын ұзақ жылғы зерттеуден кейін «Қазалылық Алашордашылар» атты кітап шығардым. Пәуедин Сыдықовтай ел ардақтысының өмірі өзек болған туындыда тоталитарлық жүйе құрбандары Меңдіболла Күзембаев пен Әжімбет Қарайғыров туралы да деректер бар», дейді зерттеуші.

Қазір музей қорында Әжімбет Қарай­ғыров өз қолымен жасаған асадал тұр. Бетіне түрлі оюлар түскен бұл мұраға кезін­де ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қатты қызыққан деседі. Музейді аралап жүріп, асадалдың тұсында ұзақ аялдап, оның бетіндегі ою-өрнектер арқылы ұста өз өмірін ағаш бетіне түсіргенін айтыпты.

Былтыр музейдің Археология және этнография ғылыми зерттеу бөлімі Арал ауданындағы Шөмішкөл аулына «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» атты этнографиялық-фольклорлық экспедиция ұйымдастырып, шебердің жиен ұрпағы Әбуәли Қаниұлы музей қорына оның қобдиын табыстады.

Зер салатындар табылса, әлі күнге дейін осы өңірде ізі сақталған Әжімбет Қарайғыровтың ұсталық мектебі үл­кен бір салалық зерттеуге жүк болар еді. Тарихшылар үшін де ел есіндегі Әжімбеттің қайраткерлік қырын таныту алдағы күн еншісіндегі іс болса дейміз.

 

ҚЫЗЫЛОРДА