Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Qazaqstan media порталының жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Ольшанка ауылындағы колониядан 38 жастағы сотталушы қашып кеткен.
Сотталушы көлік ұрлау және ұрлық үшін үш рет істі болған, ол екінші рет жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеген. 2022 жылдың маусым айында шөп шабатын тракторды, сонымен қатар ауыл тұрғындарының түрлі металл бұйымдары мен жүк көлігін ұрлағаны үшін 4,5 жылға сотталды. Осы жылдың 8 сәуіріне дейін жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп, кейін ең төменгі режимдегі колонияға ауыстырылған көрінеді.
Департамент өкілдері ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар колониядан тыс жерде жұмыс істеп, жұмыс уақыты біткенде қайтып келетінін түсіндірді.
«Сотталушы колонияға жұмыс орнынан оралмаған, оны іздеуге мекеме мен қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері жұмылдырылды. Тұтқын көрсетілген бағыттан ауытқып кетті, ол үшін қылмыстық кодексте жауапкершілік көзделген. Оған заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қылмыстык Кодекстің 427-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру орнынан тысқары жерге қысқа мерзiмге шығуға рұқсат етiлген сотталушының шығу мерзiмi бiткеннен кейiн, жазасын өтеуден жалтару мақсатында түзету мекемесiне қайтып оралмауы – екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті