Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сөзіміз дәлелді болсын, мәселе етіп көтерген бірқатар мектептерді атайық. Риддердегі тоз-тозы шығып тұрған «Шаңырақ» білім ошағының мәселесі итіс-тартыс болып жүріп шешілгендей болған, алайда нүктесі әлі қойылған жоқ секілді. Ғимараты ескі қазақ мектеп-гимназиясының оқушыларын судай жаңа орыс мектебіне апарып араластырған. Ол төңіректе де азды-көпті наразылық туындаған. Ал Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінің оқушылары балабақшаның ескі ғимаратында әлі білім алып жатыр. Ол мектеп бірнеше жылдан бері санитарлық талапты ұмытқан. Тазалық талабын сақтау мүмкін емес-ті. Иә, кентте жаңа мектептің құрылысы басталған. Қашан аяқталады, бізге беймәлім... Сонымен қатар Өскемендегі физика-математика лицейінің де мәселесін жоғарыға жеткізгендей болғанбыз. Бұл мектептің төбесінен тамшы тамып, іші-сырты ескіргені өз алдына, интернаттың оқушылары суды батареяға жылытып жуынады. Содан-ақ жағдайдың қаншалықты күрделі екенін байқауға болады. Ол туралы да Білім басқармасы өкілдері жауап берген. Құрылысы қаңырап қалған колледж ғимаратын осы физика-математика лицейіне беріледі дескен. Тағы да қашан екенін дөп басып айтқан біреу болмады. Интернат дегеннен шығады, Марқакөл ауданы, Төсқайың ауылындағы мектеп жанындағы интернаттың жағдайын көріп жаға ұстағанбыз. 1948 жылы салынған жалқы қабатты жадау үй. Тым ескі. Дәретханасы да далада. Ол жаққа Оқу-ағарту министрлігі өкілдерін қойып, басқарма басшысы аяқ баспаған. Жоғарыда аталған мектеп мәселелері бір емес, бірнеше рет «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде көтерілген. Көтеріп қана қоймай, редакция назарында.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жоспардағыдай жүзеге асса, көптеген оқушы сапалы білім алып, болашақтарына сеніммен аттанар еді. Жо-жоқ, бұл дегенім Риддер, Жаңа Бұқтырма секілді мектептердің білімі сапасыз дегеніміз емес. Ол мектептердегі мүмкіндіктің жоқтығына қарамастан, оқушылары сенім үдесінен шығып жүр. Егер шынайы жанашырлық танытып, жағдай жасалса, одан да биіктерді бағындырар ма еді?
Айтқандай, облыс орталығында «Жайлы мектеп» жобасымен үш бірдей білім ошағының іргетасы қаланып жатыр. Алдағы оқу жылында Есенберлин даңғылы мен Уәлиев көшесінде және Бабкина мельница ауданында жаңа мектеп бой көтереді. Естеріңізге салсақ, 2025 жылдың аяғына дейін өңірде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жалпы құны 34,7 млрд теңге болатын 4 200 орындық 10 мектеп қолданысқа берілуі керек.
– Биыл облыс бойынша жеті мектептің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның үшеуі жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Олар – Өскемендегі Уәлиев, Тимофеев көшелерінде және Риддер қаласында салынып жатқан мектептер. Қазіргі уақытта директорлары тағайындалып, қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Аталған құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі Ермек Көшербаев та жұмыстарды сапалы жүргізіп, дер кезінде аяқтау керектігін қадап айтты. Айтса, айтқандай-ақ. Облыста сақалды құрылысқа айналған нысандар аз емес. Сондықтан да көпшілік күтіп отырған білім ошақтары уақтылы аяқталып, оқушылар игілігіне берілсе жақсы. Бұл – көптің тілегі.
– Жұмыстарды көрдік. Қажет болса, заң аясында қосымша жұмыс күшін тарту керек. Біз де өз тарапымыздан кез келген уақытта көмектесуге дайынбыз. Білім басқармасы өкілдері ақпараттық, түсіндіру жұмыстарына баса назар аударғандары дұрыс. Тұрғындарға барлық ақпарат қолжетімді болуы қажет, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Бірқатар жаңа мектептердің салынып жатқанына ата-аналар да алғыстарын айтып жатыр. Мәселен, Өскеменнің шетіндегі Бабкина мельница шағын ауданында бүгінгі күнге дейін мектеп болмаған. Оқушылар орталықтағы мектептерге қатынап жүрді. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін қиын еді. Жаңа оқу жылында тұрғындар асыға күткен 300 орындық білім мекемесі есігін айқара ашады. Ал Уәлиев көшесі мен Есенберлин даңғылында орын тепкен әр мектепте бір ауысымда 600 оқушы білім ала алады. 19 шағын аудандағы екі мектепте де бала саны нормадан әлдеқайда асып кеткен. Алдағы уақытта ол мәселе де шешімін таппақ.
Сондай-ақ Риддер қаласындағы 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл пайдалануға берілуге тиіс. Айта кетейік, облыстық білім басқармасы мамандары ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұл жаңа мектеп аралас болады. Дәл осы бағдарламамен Шемонаиха қаласында, Глубокое ауданының Белоусовка, Опытное поле ауылдарында да 300 орындық білім ордасы салынып жатыр. Олар да аралас мектеп болады деп жоспарланған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ 1 қыркүйекке дейін 3 мектеп, 31 желтоқсанға дейін қалған 4 мектеп құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.
Шығыс Қазақстан облысы