Театр • 15 Маусым, 2024

«Әйел құпиясы» нені жасырды?

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Теңіз терең емес, адамның жаны терең» деген ұлы Мағжан әйел жанының қатпар-қатпарын қазбалай зерделеуші еді ғой өзінің «Шолпанның күнәсі» шығармасында. Расымен де әйел болмысының қыр-сырына бойлап, құпиясын ашу – тіршілік пайда болып, адам адам болғалы бері әлі де кілті табылмай келе жатқан жұмбақ әлем. Сондықтан болса керек, бұл тақырыпқа қалам тербемеген шабыт иесі жоқ. Күні кеше Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында тұсауы кесілген италиялық драматург Эдуардо де Фелиппоның «Әйел құпиясы» лирикалық драмасы да сол жұмбақтың шешімін табуға ұмтылған шығармалардың бірі.

«Әйел құпиясы» нені жасырды?

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бо­лат Ұзақовтың режис­серлік сараптауында ұсынылған қойылымды Тасболат Омаров қазақша сөйлетсе, спектакльдің сахналық шырайын ашқан суретші – Ерлан Тұяқов. Рас, әу бастағы мазмұны да, мақсаты да қазақ танымымен аса қабыспайтын пьесаны бүгінгі қазақы қоғам, заман көрінісіне сай қалыптаған режиссер, ана мен бала тақырыбының құндылығы қай ел, қай дәуірде де құлдырамайтындығын баса айтты. Оның сөзінше, оқиғаның желісі бала мен ананың арасындағы сезімге негізделген.

о

«Бұл спектакльде біздің қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі саналатын тастанды, жетім балалар және жалғызбасты аналар тақырыбы қамтылған. Аталған қойылым балаларының болашағы үшін барын берген ана туралы. Әр адамның маңдайына жазылған тағдыры болады. Сол тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайды. Спектакльде ана балалары үшін жанкешті әрекеттерге барады. Себебі мейірбан жүрек бала­сын қандай болса да жақсы көреді. Олардың ержеткенде жақсы өмір сүргенін, сапалы білім алғанын қалайды. Сонымен қатар лирикалық драма болғандықтан, махаббат тақырыбынан да айналып өте алмадық. Ер мен әйелдің арасындағы сезім уақыт өтсе де ескірмейді, махаббат екеуінің басын қосады» деген Болат Ұзақов сөзін әрі қарай сабақтады: «Спектакльде барлығы 10 актер өнер көрсетті. Әр әртістің қойылымда көтеретін жүгі бар. Олардың қарым-қабілеті мен сырт келбеті сахнаға сәйкес келуге тиіс. Сондықтан да негізгі кейіпкерлер аталған талаптарға сай ірік­телді. Спектакліміздің тағы бір жаңалығы – айтулы қойылым белгілі театр және кино актрисасы, Қазақтанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкинаның сахнадағы жартығасырлық шығармашылық ғұмырына һәм өзінің 70 жасқа келген мерейтойына арнайы дайын­далды», деді режиссер.

п

Болат Ұзақов атап өткендей, шынымен де спектакльге театрдың сайдың тасындай сұлу да сымбатты, талантты да тартымды әртістері таңдалыпты. Олардың қатарында Кеңес Нұрланов, Жанат Чайкина, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Аманжол Мол­дахмет, Зибагүл Карина, Бақыт­гүл Батырханова, Самат Байыров, Асхат Сұлтан және театрдың талантты жас әртістері бар.

Біз тамашалаған құрам ойынында сахна қайраткерлері – Жанат Чайкина мен Кеңес Нұрланов тандемі айрықша көзге түсті, кәсіби шеберлігімен көп ішінен дара­ланды. Ұзақ жылғы сахналық тәжірибе, сұлулық, ішкі тереңдік, зиялылық, бәрі-бәрі әртістер ойынында айшықталып, кейіпкерлер сәтті бейнеленуімен көңілге қонды. Әсіресе басты рөлдегі актриса Жанат Аңсабайқызын өнерсүйер жұртшылық тәжірибелі сахна шебері ретінде сыйлап, құрмет тұтады. Жарты ғасырдан астам сахналық өмірінде өнер иесінің үлесіне тимеген дүниежүзілік және отандық классикалық драма­тургияда кесек бейне жоқтың қасы десек, артық айтпағанымыз. Бұл қойылымдағы Филумена Мартурано бейнесі де актриса ойы­нында сәтті кескінделді.

пп

«Рас, режиссер шығарманы алғаш ұсынғанда «Дәл осы қал­пында қойсақ, көрермен түсініп, қабылдай қояр ма екен?» деген де іштей күмәнға толы ой болды. Бірақ Болат Қасымжанұлы спектакль сюжетін бүгінгі заманға лайықтап қоятындығын, басты планға ана мен бала арасындағы ұлы сезім шығатындығын жеткіз­генде, іштегі күмән бірден сейілді. Дайындыққа кірісіп кеттік. Төрт айға созылған тыңғылықты дайын­дықтан соң «Әйел құпиясын» көрермендерімізге ұсынып үл­гердік. Жылы қабылданған сияқ­­ты. Жалпы, психологиялық рөл­дің қай-қайсысы да актерді өсі­­реді ғой. Осы жасымда сарап­та­ған кейіпкерім Филумена Мар­тураноның орны мен үшін бір төбе болғаны анық. Бойымдағы балаларыма деген бар махаббатты осы қойылым арқылы көрсетуге күш салдым. Оны талғампаз көрермен де сезген сияқты», деп актриса шы­ғар­машылық шеберханасынан сыр ашты.

Иә, бұл спектакльде бүгінгі қоғам үшін өзектілігі басым тұрған тастанды, жетім балалар және жалғызбасты аналар тақырыбы қозғалады, яғни біз тамашалаған спектакльде бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырып қамтылған. Қай заманда болса да ел болашағы өске­лең ұрпаққа тікелей байланысты екені анық. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді халқымыз. Сол ұрпақты дүниеге әкелетін, оған тәрбие беретін аналарымыздың жағ­дайы бұл күнде қандай? Неге қоғамда тастанды балалар көбейді? Туа салып сәбиінен жерінетін безбүйрек аналар қайдан шықты? Қазіргі кезде жетім балалар үйінде қаншама сәби ана мейірімін, ана қамқорлығын сезінбей өсіп келеді. Ананың аялы алақанының жылуын сезінбеген бала қатыгез болып өседі. Ондай ұрпаққа қара шаңырақ, туған жер, отан деген ұғымдар жат болуы мүмкін.

па

Бір жарым сағатқа созылған қойылым бүгінгі қоғамның бас­ты дертіне айналған осы мәсе­лелерді негізге ала отырып, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты қаузайды, заманның өзекті мәселелерін сөз етеді. Эдуардо де Фелиппоның «Әйел құ­пиясы» қойылымы әйел тағды­рын қозғайды. Оның көрген қиыншы­лықтары, тағдыр тауқыметі туралы туынды. Ол заманның шығармасы арқылы бұл заманның мәселелерін, жалғызбасты аналардың мұңы, әкесіз балалардың жайы, қоғамдағы қарапайым адамдардың құқының қорғалуы туралы айтады. Ең бас­тысы, адамгершілік биігіндегі әрекеттер дәріптеліп, соңында мейірім мен махаббат үстемдік құрады. Біздіңше, спектакльдің көрерменге ұсынған басты тартуы да, табысы да осы болса керек.