Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Кейінгі уақытта қоғамда, оның ішінде көшеде, тіпті отбасында балаларға қатысты түрлі қатыгез оқиғалар жиі болып отыр. Әлі оңы мен солын танымаған балалардың өз-өздеріне қол жұмсап, суицидке баруы да кездеседі.
Кейбір ата-ананың баласына зомбылық көрсетуінің соңы өкінішке әкеліп соққан оқиғалар да болды. Мұның барлығы күн тәртібіндегі маңызды мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауды талап етті.
2024 жылы 16 маусымда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң күшіне енді. Заңдағы түзетулер мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалды негіздерін одан әрі жетілдіруге, балалар мен әйелдер құқын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Мәселен, жаңа заңға балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық жазасын қатаңдатуға бағытталған нормалар енгізілді. Оның ішінде балаларға жасалған буллинг үшін жауапкершілік, баланы жолақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кетуге тыйым салу, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдар мен лагерьлерді лицензиялауды енгізу секілді жаңа талаптар бар.
Еліміздің әр өңірінде психологиялық қолдау орталықтарын құру көзделіп отыр. Баланың ішкі күйзелісін, эмоциялық көңіл күйін тап басуда психологтің көмегі аса қажет. Кейде бала ата-анасына, бауырларына, достарына айта алмаған сырын, қорқынышын психологпен ғана бөлісетін кездер болады, себебі психолог бала үшін сенімді орта қалыптастырудың әдіс-тәсілін кәсіптік тұрғыда жақсы біледі. Психологиялық орталықтар құрудың маңыздылығына мән берілудің себебі де осында. Бүгінгі таңда педагог-психологтердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша да министрлік тарапынан жұмыстар жүргізіліп келеді. Орталықтардың басты мақсаты – балаларға ғана емес, олардың ата-аналары үшін де қолдау көрсету, сондай-ақ педагогтер үшін бірлесіп кеңесетін, өзара тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік ұсынымдар алатын орынға айналу.
Мұндай орталықтар қазірдің өзінде 15 өңірде құрылып, жұмыс істейді. Жыл соңыңа дейін қалған өңірлердің барлығында бірдей ашылады деп жоспарланып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, елімізде бала құқы жөніндегі өңірлік уәкілдер институты енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 20 облыста уәкілдер белсенді түрде жұмыс істейді. Мұндай институт өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді деп ойлаймын.
Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға аса мән берілуге тиіс. Оқушылар арасында буллингтің жиі кездесетіні жасырын емес. Бұрын мұндай жағдайда баланы мектепішілік есепке алудан басқа жәбірлеуші балаға немесе оның ата-анасына шара қолданылмайтын. Енді жаңа заң талаптары бойынша буллинг жасағаны, яғни басқа балаға зәбір көрсеткені үшін кәмелеттік жасқа толмаған баланың ата-анасы жауап береді. Бұл шара буллингке, кибербуллингке қарсы күрестің тиімді механизмін іске қосады.
Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсету бағдарламасы жасалып жатыр. Бағдарлама бойынша арнайы кабинет ашылады, бүгінгі таңда оның барлық өңір үшін бірдей үлгісі әзірленеді. Сот-медицина сараптамасын жүргізу, полиция қызметкерлерінің сұрақ-жауап алуы осы кабинеттерде жүргізіледі. Кабинет үлгісін жасауда балалар үшін жайлылық ескеріледі. Балалармен тәжірибелі педагог-психологтер жұмыс істейді. Министрлік әзірлеген кабинет үлгісі барлық өңір үшін бірыңғай стандарт ретінде таратылады.
Балаларды жолақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кету фактілері жиі тіркеледі. Мұндай жауапсыз әрекеттің бала өміріне қаншалықты қауіп төндіретіні – анық нәрсе. Бұл енді заңмен реттелетін болады. Егер баланы жолдан түсіріп кететін болса, ол құқықбұзушылық болып табылып, жаза қолданылады.
Ескерте кететін бір жайт, бүгінде әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жекелеген топ жаңа заң нормаларында баланы ата-анасының дұрыс қарамағаны үшін отбасынан тартып алу көзделген деген жалған ақпарат тараған. Мемлекет отбасылық құндылықтарды дәріптейді, жауапты тұлға тәрбиелейтін отбасы институтын қалыптастыру мен дамытуды көздейді, баланың өз туған отбасында, туған ата-анасының бауырында өскенін қалайды және қолдайды. Сондай-ақ мемлекет үшін басты басымдық – баланың құқын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Баланың денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген жағдайда ғана баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға мәжбүр болады. Бұл бұрын да болған норма, сондықтан мұны жаңалық деп айтуға болмайды.
Бала – еліміздің болашағы. Олардың қауіпсіздігін қорғау, саламаттығын қамтамасыз ету – басты міндет. Және ол заңнамалық негізде жүзеге асуға тиіс.
Еділ ОСПАН,
Оқу-ағарту вице-министрі