Кітапхана • 19 Маусым, 2024

Диссертациялар қорының берері көп

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақыл-ой қазынасының алтын сандығы – әр кезеңде жазылған ғылыми еңбектер. Сондай қасиетті ордалардың бірі – Алматы қаласындағы ұлттық кітапхана. Ғылым жолында жүрген қарапайым оқырманды академик дәрежесіне дейін көтеріп, санасына сәуле түсіру жолында бұл шаңырақтың орны бөлек. «Ғылым үшін тіл мен жазу – қаймағы алынбаған мәдени игілік» деп ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, ғылым үшін жазылған дүниелер қашанда өз құндылығын жоғалтпайды. Осындай мәдени игіліктеріміздің бірегейі, ғалымдардың ғылыми деңгейін биіктететін диссертациялық жұмыс туралы білгенімізбен, оның қайда сақталып, қалай қорғайтынынан бейхабармыз. Бұл мақаланың айшықтайтын негізгі мәні де, ұлттық кітапхананың қорындағы құнды құжаттардың қатарындағы – диссертациялар қоры туралы болмақ.

Диссертациялар қорының берері көп

1996 жылы Ұлттық кітапхана Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы Бақылау коми­те­тінің шешімімен барлық ғылым саласы бойынша қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың депозитариі болып бекітілді. Елімізде қорғалған диссертациялардың міндетті 1 данасы қорымызға түсіп отыратын және барлық диссертация кітапхана қорында сақталатын. 2000 жылғы 27 қыр­күйекте ұлттық кітапханада диссер­тация бөлімі ашылып, кітапханаға түскен ғылыми еңбектер енді бөлімнің жеке қорында сақталатын болды. 2020 жылы 10 қыркүйекте қоғам қайраткері, заң ғы­лымдарының докторы, профессор Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай Ұлттық кітапха­наның диссертация бөлімінің оқу залына Салық Зиманов­тың есімі берілген болатын. Мен диссертация қорын ғылымға апаратын құс жолы деп атар едім. Дис­сертация бөлімі – Ұлттық кітапхана­ның ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның және басқа елдердің ғылыми ортасына қыз­мет көрсететін мамандандырыл­ған құры­лымдардың бірі. Ол Ұлттық кітапхананың ақпараттық қызмет көр­сету жүйесінің бір бөлігі ретінде ұлт­тық стратегия аумағында диссертация қорын жинақтауды, оған қол жет­кізуді және сақтауды қамтамасыз ету жұ­мы­сын жүзеге асырады.

Диссертация бөлімінің алтын қо­рын­да ғылымның барлық саласын түгел қамтитын 70 000-нан астам еліміздегі ғалым­дардың кандидаттық және доктор­лық диссертация жұмыстары­ның түп­нұс­қалары сақтаулы. Бұл көр­сеткіш ешқашан тұрақтамайды. Себебі диссертациялар бөлімінің қоры күн санап өсіп келеді. Бірегей ғылыми қор жинақталған бөлімде 37 000-нан астам микропішіндегі диссертация бар. Дис­сертациялар электрондық нұсқада және микропішінді түрде сақталады. Олар мемлекеттің ғылыми мұрасы ретінде ерек­ше қорғалатын құжаттардың тү­рі­не жа­тады. Қордағы құнды құжаттар­­дың электрондық нұсқасы – 4500, диссер­та­­ция саны 30 000-нан астам, микрофиша саны ­37 мыңға жетіп жығылады.

Кітапхана қорындағы диссертация­ны пайдалануға оқырман тарапынан ғылыми мекеменің басшысы қол қойған ресми сұраныс хат негізінде жүзеге асырылады. Диссертация бөлімінің оқу залы бакалавр студенттері, магистрант, докторант, ғылыми жұмыстармен айналысатын оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Диссертация бөлімінің оқу залына жыл сайын еліміздің барлық аймағы­нан және шетелдерден 5 мыңға жуық ғалым, маман, зерттеуші­ келеді. Гуманитарлық және әлеумет­тік ғылымдар бойынша диссертациялар­ға: педагогика, филология, экономи­ка, философия, тарих, заң, мәдениет­та­ну, психология және әлеуметтану ғылым­дары 60% болса, ауылшаруашы­лық, техникалық, биологиялық және медицина ғылымдары 30% және фи­зика-математика, химия, ветеринария және география ғылымдары 10% сұранысқа ие.

Барлық ғылыми еңбек ғасыр бейне­сінде құндылығын жоғалтпайды. Оған дәлел – Мәскеуде қорғалған 1984 жылға дейінгі диссертациялар қорда қаз-қал­пында сақталған. Ұлттық кітапхана­ның оқырмандары сол диссертация жұмыс­тарын сайттан көріп, оқи алады. Ал 1984–1994 жылдар аралығындағы диссертациялар қорда микро­пішін­ді түрде сақталған. Оны арнайы ­мик­ро­фильм оқу құралымен қарайды. Бұл – ғылыми зерттеу жұмыстары­мен айналысып жүрген ізденуші­лер мен жалпы оқырман қауым үшін үлкен көмек.

 

Ақбаян СОЛТАН,

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы С.Зиманов атындағы диссертация бөлімінің маманы