Суретті түсірген – Владимир Акуленко
Бұл уақыт аралығында балет қойылымына кішігірім өңдеу, аздаған толықтыру, кей сахнаны жетілдіру, кейіпкерлерді жаңа буын актерлерімен алмастыру секілді әр кезеңге лайық өзгерістерімен жаңаланғанымен, алғашқы түпнұсқа сақталып келген еді. Биылғы 90-маусымның шымылдығын жаңа кейіптегі жасанған «Сильфида» балетімен жабуды жөн көрген театр басшылығы елеулі жаңалыққа орай арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы жоспар-жобаларын бөлісті.
1832 жылдың 12 наурызында Париждегі музыка мен би Корольдік академиясының сахнасында классикалық би өнерінің алдағы тағдыры мен болашағын анықтаған аса маңызды кеш болып өтті. Балет әртісі сахнада алғаш рет пуантымен биледі. Бұл сол замандағы ең әйгілі балет бишісі Филиппо Тальонидің қызы Мари Тальони үшін Жан Шнейцхоффер арнайы қойған «Сильфида» балеті еді. «Сильфида» романтикалық хореографияның жаңа дәуірін ашты. 1936 жылы Норвегия-Данияға ортақ композитор әрі органшы Херман Левенсхольдтың музыкасына, Август Бурнонвильдің сахналауында «Сильфида» балетінің тағы бір балама нұсқасы пайда болды. «Сильфиданың» дәл осы нұсқасы әлем театрларында 188 жыл бойы көрермен назарына ұсынылып келеді. Либретто Ф.Тальони мен опера әншісі А.Нуридің 1822 жылы француз жазушысы Чарльз Нодье жазған «Трильби немесе Аргели рухы» атты новелласының негізінде жазылған. Тек Нодье поэмасында балықшының әйелі фантастикалық жаратылыс иесі – Эльфке ғашық болса, Нурри мен Тальонидің нұсқасында кейіпкер елес қызға ғашық болады. «Сильфида» – жас шотланд шаруасы мен ауа періштесінің өмірі бейнеленген екі актілі балет. Эффимен үйлену тойы қарсаңында жас шаруа Джеймске әдемі қыз бейнесіндегі ауа періштесі келеді. Джеймс сиқырлы елеске таңданып, оған жақынырақ келуді армандайды, алайда Сильфидаға кез келген адаммен жақындасу өліммен тең...
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның айтуынша, «Сильфиданы» қайта жаңғырту үшін Ресейден Мариин театрының балет әртісі, «Benois de la Danse», «Золотая маска», «Золотой софит» сыйлықтарының лауреаты Леонид Сарафанов пен Ресейдің халық суретшісі, Қазақстан, Молдова, Беларусь елдері Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Вячеслав Окунев қоюшы-суретшілікке арнайы шақырылған. Ресейлік режиссер балетті өз қиялымен дамытып, көркем кеңістігін ұлғайтып, өз бояуымен жан берген. Тілшілердің: «бұрынғы спектакльмен салыстырғанда қандай елеулі өзгеріс енгізілді?» деген сұрағына В.Окунев: «спектакльдің келбеті тұтас өзгерді. Декорация, сценография, костюм, жарық беру шешімі, барлығы жаңа, екі ғасыр бұрынғы балеттің нұсқасы қалай болғанын біз білмейміз, бірақ біз балетті нақ осы қазақ театрының, оның әртістерінің қалыптасқан дәстүрі мен мектебіне лайықтап қойдық» деді. Классикалық өнер ордасының сахнасында екі күн бойы аншлагпен өткен спектакльдің басты кейіпкері, Сильфиданың образында Жанел Түкеева, Джеймс – Богдан Вербовой, Медж, балгер – Әмір Жексенбек, Эффи – Айман Егісбаева көрінді. Ал спектакльдің қоюшы-дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов.
АЛМАТЫ