18 Маусым, 2010

79-ШЫ ЖЫЛДЫҢ ЫЗҒАРЛЫ ЖАЗЫ

1063 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
1979 жылғы 16 және және 19 маусым күні Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, қазақ жерінің бөлінбейтінін, ешқандай автономияға жол жоқ екенін батыл мәлімдеді. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін бұзғызды. Бұл Кеңес Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді. Осындай ұлы ерлікті жергілікті тұрғындарының үлесі 17 пайыздан аспайтын Целиноград қаласының қазақ жастары жасады. Киелі Ақмола-Қараөткел топырағында Алаш рухы тұңғыш жеңіске жетті. Халықтың ұлттық намысы оянды, ел тарихи қаһармандығын қайта тапты. Ерлік, оның ішінде халықтың көкөрім өрендері жасаған ерлік ұлт тарихында ерекше орын алуға, мақтан етілуге тиіс. Алайда, салыстырмалы түрде алғанда, күні кеше болды деуге саятын осы қаһармандық бүгінде айтылмайды. Оның Қазақ елі тәуелсіздігіндегі ықпалы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әсері жайлы не тарихшылар, не саясаттанушылар тиісінше мән бермей келеді. Ұлт қаһармандығының шежіресіне алтын әріппен жазылуға лайық осы ерлік қалай жасалып еді? Бұл сауалға алғаш академик Манаш Қозыбаев 1993 жылы жарық көрген “Қазақстан тарихы” атты жинақта жауап беруге тырысты. Оқиға қысқа баяндалып, мәселенің саяси-тарихи астарлары терең қамтылмады. Ереуілдің мән-жайы 1998 жылы жарық көрген “Познание себя” деген еңбекте алғаш рет жан-жақты ашылды. Нақты деректерге толы осы туындының авторлары Амантай Кәкен мен Мұқаш Омаров кезінде мемлекеттік қауіпсіздік органында қызмет істегендіктен, көптеген құнды мәліметтерді пайдалана алған. Сол дәйектерге және өз тарапымыздан іздестірген деректерге сүйене отырып, Ақмола жастарының ерлігі жайлы әңгімелеуді 79-шы жылдың өрендері алдындағы парыз санадық. Еділ бойындағы неміс рес­пуб­ликасының Ұлы Отан со­ғысы бас­тал­ған тұста та­ратылғаны белгілі. 1941 жылғы 28 тамызда КСРО Жо­ғарғы Ке­ңесі Президиумының жар­лы­ғымен ондағы немістер Қаз­ақ­­станға жер аударылды. Мұндай ше­шімнің неге қабыл­дан­ғаны түсінікті еді, ал соғыс жеңіспен аяқталған соң олар­дың ба­йыр­ғы қонысына қайта оралуына рұқсат бермеу іштей де, сырттай да қарсылық ту­ғызды. Неміс ұлты өкілдерінің өті­ніштері мен наразылығына Орталық Ко­митет назар аудар­ған жоқ. Бұрынғы ав­тономия орналасқан жерге ел ты­ғыз қоныстанғандықтан, оны қал­пына келтіру мүмкін емес деген сыр­ғытпа жауап берумен болды. Не­міс тілінде “Фройнд­шафт” газетін ашып, басқа да мәдени шараларды жүз­еге асырып, іс осымен тындыға санады. Бір емес, екі бірдей мем­лекеті бар неміс жұрты енді мәселені төтесінен қойды. 1972 жылы “Шет ел­ге кететін не­містер бірлестігі” деген жа­сырын ұйым құрылды. Оған Қазақстан, Түркіменстан, Қырғыз­стан мен Балтық жа­ға­лауы елдерінде тұратын диас­пора өкілдері бас­шылық жасады. Немістердің осы батыл қа­дамы жайлы А.Кәкен “Ақ­моладағы ереуіл қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды” атты мақаласында былай әңгі­ме­лейді: “Совет елінің солақай саясаты немістердің жаппай шетелге қоныс аудару қозға­лысын туғызды. Бірақ билік әртүрлі сылтау тауып, оларды мүмкіндігінше жібермеуге тырысты. Мұндай текетірес көпке созылмай, бір тоқтамға келуі қажет еді. Солай бола тұрса да бірде-бір мемлекеттік орган мәселені кешенді түрде шешуге кіріспеген соң, Ор­та­лық Комитет мұндай “құр­мет­ті” КГБ-ге тапсырды. Бірақ оның құ­рамындағы барлық басқармалар әртүрлі сылтау айтып, ат-тонын ала қашты. Ақыры осы проблеманы зерт­теу сол кезде жаңадан құрылған Ф.Бобков басқаратын 5-басқармаға тапсырылды. Мәселе КГБ-ға неге тап­сырылды екен? 1956 жылы КСРО Ішкі істер министрі Қазақстанда чешен-ұңғыш автономиялық республикасын құру қажет деген ұсыныс жасапты. Бірақ сол кезде оны жоғары жақ қол­дамап еді. Партия көсем­дерінің есіне сол түсті ме, кім білсін? Нәтижесінде КОКП Ор­та­лық Комитеті Саяси Бюро­сы­ның 1976 жыл­дың 6 тамы­зын­дағы тапсыр­ма­сына сәйкес, арада екі жыл өткен соң, 1978 жылдың тамызында неміс мәселесін шешу мақсатымен Ю.Андропов бас болып, бір топ ОК мү­шелері Целиноград, Көкшетау, Қа­рағанды, Пав­лодар облыс­та­ры­ның бес ауданы есебінен Қа­зақ­стан­да неміс автономиялық облысын құ­райық (орталығы Целиноград облысының Ерейментау қа­ла­сы), ал мұның өзі халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға елеулі ықпал жасайды деп партияның Орталық Комитетіне хат жолдайды”. Осы жолдарды оқығанда, егер 1956 жылы Қазақстанда чешен-ұңғыш автономиялық респуб­ли­ка­сын құру туралы шешім қабылданса, жергілікті ел қарсы шыға алар ма еді деген ой келеді. Дәл сол кезде, жұрт соғыстан соң оңала қоймаған тұста мұндай қадамға тойтарыс берілуі екіталай-тын. Сталин қаһарының заһарынан айығып үлгермеген халық іштен тынуы мүмкін еді. Аталған хатты партияның Ор­та­лық Комитеті мақұлдады. Қазақ КСР-ы басшыларымен кеңеспестен 1979 жылы 31 мамырда Саяси Бюро Қа­зақстанда неміс автономиясын құру туралы қаулы қабылдады. Д.Қо­наев бұл қаулыны дайын күйінде алды. Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Моро­зовқа аталмыш құжат Алматы арқылы емес, Мәскеуден тіке жетті. Осыдан-ақ республика жетекшілерінің КСРО көсемдеріне қаншалықты “қадірлі” болғанын көру қиын емес. “Мәскеу неге Орталық Қазақ­стан­ды таңдады?”  деген сауал сол тұста жиі айтылып жүрді. Бірін­ші­ден, бұл өңірде орыс жұрты қалың, олар неміс автономиясына қарсы шықпайды. Екіншіден, аймақта немістер аз емес. Үшіншіден, өз же­рінде азшылықққа айналған қазақтар бас көтеруге батпайды. Автономияның тез арада құ­рыла қоятындығына Қазақ­станның бас көтерерлері де онша сенбесе керек. Қаулы қолына тиген Н.Мо­розов жалғасқан С.Имашев те (республика Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы), А.Коркин де (екінші хатшы) мұндай шаруадан бейхабар секілді жарытып ештеңе айтпайды. Олар шыныменен құлақтанбады ма, әлде сақтық жа­сап, үнсіз қалуды ойлады ма, ол жағы анық емес. Ал Д.Қонаев қаулы КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлы­ғы­мен бекітілмегенін алға тартып, ап­тық­пауды, сабыр сақтауды жөн көреді. Шындығында бұл кезде авто­но­мия құру жөніндегі мемлекеттік ко­миссия құрылып жатқан болатын. Маусым айының ортасында А. Коркин бастаған топ Целиноград қаласына жетеді. Топ мүшелері әр саланың министрлері еді. Мақсат – автономияның әкімшілік-ұйымдастыру жұмысын тиянақтап, оның басшы кадрларына дейін іріктеу. Бұлар да жергілікті елдің қас-қабағына қарауды, ертең автономия жарияланғанда ахуал қалай құбылатынын ойлауды артық деп санаған. А.Кор­кинмен сол кезде жүздескен, онымен бірге Ерей­ментауды аралаған адамдардың бәрі топ мүшелері өздерін еркін ұстағанын, неміс автономиясы аймақтың ауыл шаруашылығын дамытатынын ғана айтумен болғанын еске алады. Сонымен маусымда Ерейментау қаласының көшелерінде қара “Волгалар” қаптайды. Ел бұлар кім деп алаңдап, аудандық партия комитетінің үйіне құлақ түреді. Осында өткен басқосуда бұл жор­туылдың мәні ашылады. А.Коркин автономияның қай кеңсесі қай жерде орналасатынын талқыға са­лады. Аудан мекемелерін Ер­кін­шілік селосына көшіріп, орынды босата бастау туралы нұсқау береді. Неміс автономиялық партия комитетінің бірінші хатшылығына сол кезде Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Браун лайық деп шешілгеніне дейін айтады. Екпіндеген топ осыдан соң ауданның басқа жерлерін аралап, Целиноград қаласында ат шалдырады да Алматыға қайтады. Жай қайтпай, Ерей­мен жері немістерге беріледі екен деген желдей ескен суық хабарды таратып кетеді. Қазақтың көкірегі ояу, намысы бар азаматтары: “Бұл қалай?” – деп елеңдейді. “Авто­номияға жер бе­р­мей­міз. Қар­сы тұрамыз!” – деген жігіттер аудан­ның орталық алаңын төңіректейді. Қайсыбірі жедел облыс орталығына аттанып, мәселені сол жерде анықтамақ болады. Бұл кезде Целиноград қаласы да қам-қаракетсіз емес еді. Мен осы оқиға тура­лы алғаш инженерлік-құрылыс инс­ти­ту­тында оқитын балдызым Мұрат Жүн­дібаевтан 15 маусым күні кешке естідім. – Ертең орталық алаңға шығамыз. Ерейментауда неміс автономиясын құруға қарсы боламыз, – деді ол. Төбеден жай түскендей болды. –             Не айтып тұрсың? Қайдағы автономия? – дедім аңтарылып. –             Біздің жігіттерге сондай хабар жетіпті. Алматыдан ОК-ның хатшысы бастап келген комиссия Ерейментауда болыпты, – деді ол. – Енді авто­номияның құрылғанын ресми жариялау ғана қалған. Со­ның алдын алып, ереуілге шы­ғуға барлық студенттер бел буып отыр. Ой сан-саққа жүйткіді, не іс­те­рім­ді білмей дағдардым. Мұндайда кіммен ақылдасып, кімге сенесің. Әрі толғанып, бері толғанып, бір подъезде көрші тұратын қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Ахметбековке бардым. Менімен түйдей жасты, ақжарқын, ер көңілді азамат еді, жақсы араласатынбыз. Бірдеңе білсе, жасырмас деп үміттендім. Ол шет жағалатқан сауал­да­рымды түсін­беді. “Қалаға ОК-ның хатшысы келіпті ғой, Ерейментауға да барған сияқты. Жай жүр ме екен?” – деген сұ­ра­ғыма да мардымды жауап ала алмадым. – Аудандарды аралап жүрген шығар, – деді де қойды. Балдызымнан естігенімді ашып айта алмадым. Бірер оңтайландым да, егер Ереймен неміс авто­номиясына шынымен берілетін болса, жастардың қарсылығы арқылы сес көрсетілгені дұрыс. Та­падай тал түсте жеріңді ба­рым­талап жатса, тұяқ серіппей қалғаның сүйекке таңба. Ес­ті­ге­німді ішімде сақтайын. Кедерге кел­тіріп алып жүрермін деген байламмен кері қайттым. Үйге келсем Мұрат кетуге оңтай­ланып жатыр екен. – Жезде, ертең алаңға шық­қандарды топырлатып қуып, ше­тінен ұстап жатса, іздеушіміз бо­ларсыз, – деді. – Біз бүгін тү­німен әзірленеміз. Осыны сізге әдейі айтуға келгем. Мен жеткізген хабар туралы ешкімге тіс жар­маңыз. – Тоқтай тұр. Ақылдасайық, – дедім. – Мына шешімдерің қатерсіз емес. Барынша ойлас­ты­рыл­ған әзірлік керек. Сенімен бірге барайын. – Жоқ, – деді ол. – Сізбен еш­кім сөйлеспейді. Енді оларды ешқандай үгіт тоқтата алмайды. *** Ертесіне жұмысқа ерте келдім. Қыз­мет істейтін жерім облыстық “Ком­му­низм нұры” газетінің редакциясы “Со­вет­тер үйі” аталып кеткен, облыстық пар­тия және атқару комитеттері, басқа да ме­кемелер орналасқан орталық алаңдағы ғимаратта еді. Бөлмеге енгелі терезенің ал­дын­дамын. Жетінші қабаттан алаң алақанға салғандай айқын көрінеді. Ленин ескерткішінің алдында үр­мелі аспаптар оркестрі жайғасқан. Бүгін кәсіптік-техни­калық учи­ли­щелер күні болатын, қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстаған жастар бай­қа­­лады. Мойындарына қызыл гал­с­тук байлаған пионерлер жүгіріп жүр. Сағат 10-ға таянғанда “Москва” қонақ үйі жағынан қалың колонна кө­рін­ді. Төрт, әлде бес қатар құраған ел үнсіз сап түзеп келеді. Міне, алды алаңға ілікті. Тастай түйілген өрендер қолдарына транс­поранаттар ұстаған. Оларда: “Неміс автономиясына жол жоқ!”, “Қазақстан бөлінбейді!”, “Қазақ­стан­дағы совет халқы ішкі ше­карасыз өмір сүреді!”, “Одақтас республиканың территориясы оның ке­лі­сімінсіз өзгертілмейді!”, “Халықтар дос­тас­тығы жасасын!” – деген жазулар бар еді. Орталық алаңды ел мен жердің на­мысы көріктей қыздырғандай. Не болса да көппен бірге көру керек. Жүгіріп тө­менге түстім. “Октябрь” (қазіргі “Еуропа палас”) кинотеатры жағындағы есік жабық, алдында қарауыл тұр. Сыртқа асхана арқылы шығатын есік те тас бекітілген. Оған да күзет қо­йылыпты. Бас қақпа жақта бір топ милиция қазықтай қағылған. Мен секілді ереуілдеген елге қосылмақ болған бірен-саран жігіттер олай ұмтылып, бұлай ұмтылып, салымыз суға кетіп кері қайттық. Жұмыс бөлмесіне жетіп, қай­тадан терезеге үңілдім. Сырттағы дыбыс күшейткіш арқылы айтылып жатқан сөз айқын естіледі. Жи­налған жұртқа шық­қан обком басшыларының бірі: “Ве­на­дағы Л.Брежнев пен АҚШ президенті Картердің кездесуіне арналған митингіні ашық деп жария­лаймын”, – деді. (Оның облыстық партия комитетінің сол кездегі екінші хатшысы З.Шайдаров екенін кейін білдік). Алаң құйын үйірген құрақтай толқыды. – Ондай митингіні білмейміз! Неміс автономиясы бола ма, жоқ па, соны айтыңдар! – деген дауыс өктем естілді. – Бұл әңгімені далада емес, ішке кіріп талқылайық, ­– деген сөзге көпшілік иліккен жоқ. – Осы жерде, қалың елге шындықты жариялаңыздар! – деп тапжылмады. Колоннаның алдыңғы жағынан екі адам суырылып шығып, обкомның хатшысына өздерінің талабын табыстады. Бұдан әрі ереуілшілер мен облыс басшылығы өкілінің ара­сында қандай сөз қозғалғанын біле алмадық. Колонна сағат жарымнан соң сап түзеген күйі кері қайтты. Советтер үйінің есіктері содан кейін де бірден ашылған жоқ. Ел аяғы суыған соң ғана сыртқа шыға алған біздер өрендерден көз жазып қалдық. Түс ауа олардың сол беттерінде темір жол вокзалына, базар жаққа соғып, орталық көшелермен жүріп өткенін естідік. Құқық қорғау органдары тара­пынан қысым болмапты деген хабар да жетіп жатты. Неміс автономиясы туралы суыт хабар осылай әшкере болған соң гу-гу әңгіме көбейді. Л.Брежнев Венада 16 маусым күні АҚШ президенті Картерге КСРО-дағы демократияның жар­қын жеңісі ретінде немістерге автономия берілгенін мақтанышпен мәлімдемек болыпты деген сөз шықты. Одақ басшыларын осындай қадамға Америка мен Батыс еріксіз көндіріпті дегендер де табылды. Осындай толқымалы, толғақты күнде автономия жайлы бүкіл қазақ даласы естіп, барлық өңірлерден ел Целино­град­қа аттанған екен, жолда тоқтатылыпты деген хабар да қыдырып жүрді. Ал қаланың ішін күдікті, сесті сезік шарлап кетті. Ежелгі Ақмола-Қараөткел өңі­рін­дегі хан Кененің ұлт-азаттық соғысы, кеңес қырғындары, қазақ халқына қай жағынан да ауыр тиген саяси және экономикалық науқандардың салқыны елдің жадында қайта жаңғырғандай еді. Халық жастардың ерлігі арқылы тарихи қайратын тапты. Ал жер де, жұрт та, бәрі де менікі деп келгендер сол жердің тарихи иесі кім екені туралы ойлануға мәж­бүр болды. Қазақ халқы жайлы сөз қоз­ғала бастады. КСРО секілді ком­мунистік қатал режимге құрылған қаһарлы империяның шешіміне ашық қарсы шыққан қаһармандық асып-тасып болғандардың мысын басып, одақ тарихында алғаш рет ұлттық намыс дегеннің не екенін паш етті. Бұл қазақ жастарының Ақмола топырағында жасалған ұлы ерлігі еді. Өрендер 19 маусымда қаланың орта­лық алаңына қайта оралғанда, ұлттық сезімнің бәріне шүйліге кететін Тың өлкесіндегі шамшыл шаһар тым-тырыс тынды. Бұл жолы жиналған елдің ал­дына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовтың өзі шықты. Колоннаның алдында Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұр, кеу­делері орден-медальдарға тол­ған. Бірі ағаш аяқ, қолында Лениннің портреті, одан кейінгі қатарда емшектегі сәбиін кеудесіне қыс­қан жас келіншек, ақ жаулықты аналар. Халық бұл жолы мәселені төтесінен қойды. – Неміс автономиясы болмай­тынын айт! Оған бәрібір жол бермейміз! Н.Морозов күмілжіп, не дерін білмеді. Содан-ақ орталықтың автономия құрудан әлі бас тартпағаны белгілі еді. – Ашығын айт! – деп қысты ел. –             Мәскеумен сөйлесіп жатыр­мын. Хабар тосып отырмын, – деп сырғақтады бірінші хатшы. – Қазақстанның басшылары қайда? Олар не бітіріп жатыр? – деп шаншылды көпшілік. – Олармен де байланыстамын, – деді Морозов. ­– Сабыр сақтаңыздар, бір жауабы кешікпей белгілі болып қалар. Соны айтып, жоғары­да­ғы­лар­мен сөй­лесіп қайтуға рұқсат сұрады. Жи­нал­ған елге араға 15-20 минут салып оралды. – Әлгінде ғана Қонаевпен хабар­­ластым, – деді. – Автономия болмайды. Алаң толы өрендер қуаныштан жарыла жаздады. “Уралаған”, шаттанған, көл-көсір жадыраған жұрт теңіздей толқыды. Ел тыншығып, сабасына түскен сәтте ортаға жас жігіт шықты. Халыққа алдын ала дайындалған үндеуді оқыды. Оның қысқаша мазмұны мынандай еді: “Егер одақ басшылығы халықты алдап, автономияны араға уақыт салып барып құруды ойласа, қарсылық бұдан да қатты болады. Біздер ұлтарақтай жер үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздан ардақты емеспіз. Бәріне әзірміз!” *** Жастардың күдігі орынсыз емес-ті. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюроның шешімі орын­дал­мауына жеңіл-желпі қарай алмайтын еді. 19 маусымнан соң Целиноград қаласына Мәскеуден Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің сектор меңгерушісі Ф.Мищенко мен КГБ генерал-полковнигі Ф.Бобков келеді. Олардың міндеті – автономияға қалайша қарсылық жасалды, оны кімдер ұйым­дастырды, бұған неге жол берілді деген сауалдарға жауап табу болатын. Егер қарсылық халықтық сипатқа ие болмай, жекелеген ұлтшылдар көтерген жастар­дың наразылығы екені анықталса, авто­номия мәселесін қайта қозғаудың жаңа жолдарын қарастыру да ойда бар еді. Партия шабармандары әдет­те­гі­дей осы оқиғадан ұлт зиял­ы­ла­ры­ның шови­нистік пиғылын іздеп табуға ұмтылды. Ақмола топы­ра­ғының тумалары, одаққа есімдері белгілі қайраткерлер Ж.Тәшенов пен С.Ниязбековтің есімдері аталды. Олар маусым дүрбелеңі қар­саңында Целиноградқа жа­сырын келіп, студент­тер­мен жұмыс жүргізіпті деген сөздің анық-қанығы зерттелді. Орайы келгенде айта кетейік, С.Ниязбеков қалада сол кезде болмаса да, жастардың авто­номияға қарсы бір емес, екі рет ереуілге шығуына Алматыда оты­рып басшылық жасапты, арнайы жіберген адамдары бәрін аса сақтықпен ұйымдастырыпты деген әңгімені біз де естігенбіз. Осы сөзді жетпісінші жылдары респуб­ли­каның басшы қызметтерінде болған кісілер қазіргі күнге дейін айтады. Соған қар­а­ғанда бұл әшейін қауесет емес, ақиқат болуы әбден мүмкін. Осының бәрін сарапқа сал­ғанда, Қазақстан Ком­пар­тиясының Орталық Комитетін 1979 жылы кімдер басқарғаны көз алдыңа келеді. Бірінші хатшы Д.Қонаев та, оның төңірегіндегі қазақ ұлтының өкілдері де республиканың дәл ортасынан неміс автономиясының ашылуын құптамайтыны анық. Диме­кең­нің Ж.Тәшенов пен С.Ниязбековке қар­сы­лықты құпия ұйымдастыруды тапсыруы ғажап емес. Керісінше Тәшенов пен Ниязбеков Қонаевқа осындай өтінішпен шыққан да болар. Мәскеудің атарман-шабар­мандары бұл орайда тыңғылықты жұмыс жүргізіп, қанша әрекеттенсе де республика жетек­шілерінің қарсылыққа қатыстылығын ан­ықтай алмаған. Обкомның бірінші хатшысы Н.Морозовпен, Крас­ноз­на­мен аудандық партия ко­ми­те­тінің бірінші хат­шысы А.Браунмен, Ерейментаудағы совхоз дирек­торлары Д.Бурбах, А.Рим­мер­мен, Целиноград қаласындағы жоғары оқу орындарының ректор­ла­рымен сөйлеседі. Мемлекеттік қауіпсіздік коми­теті жергілікті органының қыз­мет­керлерін тыңдайды. Ақыр соңында автономияға қа­р­сы­лықтың туындауына республика мен облыс басшы­ларының осы мәселеге жеңіл-желпі қарауы, оған тиісті саяси мән бермеуі себеп болды деген қорытынды жасайды. Бұған тексеру жүргізгендерге Це­ли­но­градтағы ереуілге қатысқан сту­денттердің: “Бізді ешкім үгіттеген жоқ, өзіміз көтерілдік. Қазақтың жерін бөл­шектеуге қай кезде де жол бермейміз. Қа­жет болса тағы да шығамыз. Ендігі қарсылық бұдан да ауқымды болады” деген кесімді сөзі де әсер еткен. Автономияға наразылық бүкілхалықтық сипат алуы әбден мүмкін екендігіне мәскеуліктердің көзі жеткен. Дәл осындай тұжырым билікке тапсырылады. КОКП Орталық Комитеті енді асықпау керек, Д.Қонаев ұсынып отыр­ғандай, қайта дайындық жұ­мыс­тарын жүргізіп, автономияның қажет екендігін халыққа түсіндіру үшін кең көлемді, жан-жақты әзірлік жасалсын деген байламға тоқ­талады. Неміс мәселесі осылай сиыр­құйымшақтанып барып, 1980 жылдың 19 ақпанында саяси айналы­мнан алынып тасталады. *** Целиноградтағы 1979 жылғы маусым оқиғасы туралы әңгімені осымен аяқтауға болар еді. Алайда ереуілге байланысты биліктің тарапынан жасалған әрекеттерге қатысты жазылған және айтылып жүрген жорамалдар жайлы шын­дықсыз сөзіміз жеріне жеткі­зілмейтін сияқты. Мәскеуден және Алматыдан келген құқық қорғау орындарының жетекшілері алаңға шыққан жастарға оқ атуға дейін барыпты деушілер бұрын да болды, қазір де бар. Сол кезде обкомдағы түрлі кеңестер мен мәжілістерге қатысып, ереуіл жасағандардың бұл ісі қылмыс па, әлде саяси саяздық па деген сауалдар төңірегінде бас қатырғандардың арасында өрен­дерді соттауға асыққандар табылды дейтін сөз де жоқ емес. Бұлардың бәрі анықтауды қажет етеді. Мен 2002 жылы қаңтарда осы мақсатпен және 1979 жылғы оқиғаны есте сақтаудың, оған саяси баға берудің жол­дарын талқылауға арналған жиналыс өткіздім. Қазақстан Жа­зу­шылар одағы Астана қалалық фи­лиа­лының төрағасы ретінде бұған толық құқым бар еді. Осы бас­қо­суға ұзақ жылдар Ақмола облыстық мемлекеттік қауіпсіздік бас­қар­масында қызмет еткен пол­ковник Қамилаш Қабышұлы қатысты. Ол кісі өтінішім бойынша көз­бен көріп білгендерін кейін: “Қазақстан Жазушылар одағының Астаналық филиалының бас­қа­рушы секретары Алдан Смайылұлы мырзаға”, деп былай жазып берген еді: “Иә, 1979 жылғы маусымның 16-сы күні таңертеңгі сағат 10-да Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына күтпеген жағдайда халық жиналып, плакаттар, транспаранттар кө­те­ріліп, автономияға қарсылық көр­сетілді. Шыққандар негізінен сту­денттер мен жастар. Бұл қоз­ғалыс жергілікті әкімшілік орындарының үрейлерін ұшырып, Алматы мен Мәскеудің басшы партия және Совет орындарына хабарланып, дереу топ-тобымен жауапты қызметкерлер сау ете түсті. Алматылықтарды 16 мау­сымда Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіп­сіз­дік комитетінің тө­ра­ғасы генерал-лейтенант Шев­чен­ко мен ішкі істер министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Тұмарбеков басқа­рып келді. Ал мәскеуліктерді алып 18 маусымда Одақтың Мемлекет қауіпсіздігі комитеті төраға­сы­ның орынбасары генерал-пол­ковник Бобков жетті. Ке­лу­шілер авто­но­мия­ның құры­ла­тынына күмән келтірген жоқ, бар мақсат қар­сы­ластардан көшеге ешкімді шы­ғармау, шыға қалса орталық алаңға жо­латпау, қоғамдық тәртіпті бұзу­шылыққа жол бермеу болды. Жергілікті ұлттың адам­дарын көшеге шығармау керек деген жоғарыдан келгендердің бұй­рық­тарын тапжылтпай орындауға чекистермен қатар партия және совет орын­да­ры­ның басшы да қосшы қыз­мет­керлері әдетте­гісіндей жа­была, жұмыла кірісіп-ақ кетті. Жо­ғары және орта оқу орын­дарында, жұ­­мысшы жастар арасында, жатақ­ха­наларда жаппай үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. 19 мау­сымда орталық алаңға тірі жан шығармау қалалық әкімшілікке аса жа­уапты міндет ретінде жүктелді де, алаңға тақау көшелер адам өтпестей етіп автобус және жүк машиналарымен бекітілді. Бірақ, бұл тарапында жүр­гі­зілген сақтық іске асқан жоқ. 19 маусым күні сағат таңертеңгі 10-да 5-6 мың адам еркін сыя­тын орталық алаң елге лық толды. Ф.Бобков жергілікті КГБ облыстық басқармасының жауапты қызметкерлерін жинап, неміс автономиясын құрудағы КОКП Орталық Комитетінің шешімі бойынша түсінік берді. Ол кісі Еділ жағалауының асқан құнарлылығын, сол себепті халық өте тығыз қоныстанған жер екендігін мәлімдей келіп, бұл мәселенің КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында егжей-тегжейлі талқылан­ғанын айтты. “Заң жүзімен қарағанда – деді, – мәселе екі миллион немістерге автономиясын қай­тарып беріп, әді­лет­тікті орнына келтіру, ал нақты қай жерден берілуі үкімет пен партияның шешімінде. Оған ешқандай ереуіл әсер ете алмайды. Заңды партияның ұйға­руы­мен жоғарғы үкімет орындары қабыл­дайтынын түсінерлік уақыт жетті. Осы сөзді ана елеуреген то­бырға жет­кізіп, енді жи­налмайтындай етіп таратып жіберу керек, – деп жинал­ғандарды зілді көзімен бір-бір тесіп өтті де, сөзін одан әрі жалғады: – “Көшеге кімдер шықты? Ұлтшылдар шықты. Кімдер шықты? Интел­ли­гентсымақтар шықты. Кімдер шықты? Жастар шықты. Мә­селе кімдер туралы? Не­міс­тер туралы. Осылардың барлығы біздің бақы­лауы­мыздағы кон­тин­генттер, – деді нығарлап. – Қысқасы, мына ел жоқ құ­лазыған қу мекенді, суыр жай­лаған жапан даланы немістердің кү­шімен, мамандығын, іскер­лігін пайдаланып Отанымыздың астық қоймасына айналдыру қажет екенін түсініп, Саяси Бюроның шешімін орындау керек. Автономия берілмеген жағдайда немістердің басым көпшілігінің Германияға қоныс аудару қаупі бар. Онымен санаспай болмайды. Жастарды партия саясатына қарсы қойып іріткі салушыларды тауып, ұлтшылдардың қас­танды әре­кетіне іс қозғап, басшы­­ларын жауапқа тарту үшін күн-түн демей еңбек сіңіру керек. Көшеге, ереуілге шығуды жас­тардың есіне салушы үлкендер, оларды жоғары қызмет орын­дарынан әртүрлі себептермен түсіп қалған және ірі қызметтен үміткер жергілікті ұлттың аға буындарының арасынан іздес­тіру жөн. Жер мемлекет меншігінде. Сол себепті жал­пыға ортақ. Қай жерді кімнің күшімен игеріп пайдаға асыру тек қана партияның ше­ші­мін­дегі мәселе. Бұл жағдайды басқаша түсіну болуға тиісті емес” – деген сөзін Л.Бреж­невтің ерекше нұсқауы деп тұжырымдап баса-баса айтты. Студенттердің мәселеге мән беріп алаңға шығуының себебіне тоқталсақ, жоғарыдағы айтылған Ерейментауда өткен автономияға дайындықты Це­ли­­ноград облыстық партия комитетінің лекторы Шапров өзінің ауылшаруа­шылық инс­титуты студенттерінің ал­дын­дағы кезекті лекциясында игі өзгеріс ретінде қуанышпен хабарлайды. Бұл мау­сымның 13-14 жұлдыздарында болған. Институттың жатақ­ха­на­сын­да қазақ студенттері Қазақстан жерінде неміс авто­н­омиясының құрылуын заңсыз ше­шім деп тауып, қайткен күнде де бол­дырмауға әрекет жасауға ке­лісімге келеді. Сөйтіп 13-15 маусым күн­дері Це­линоград қаласындағы басқа да жоғары оқу орын­да­ры­ның студенттерімен хабар­ласып, 16 маусым күні ұрандар мен транспаранттар ұстап, орталық Ленин алаңына шығады, неміс автономиясының Қазақстанда құрылуына қарсылығын қазақ халқы атынан партия және совет орындарының басшы­лы­ғына жазба түрінде ұсынады. Ал 16 маусымда талаптарына қанағаттанарлық жауап беріл­меген соң 19 маусым күні ұйым­дасқан түрде алаңға қайта шығады да, неміс автономиясы болмайды деген тұжырымды жауапты облыстық партия комитетінің бірінші секре­та­ры­ның өз аузынан естіп тарқайды. *** 1979 жылғы маусым оқиғасы бізден кейін де әлі талай зерттелетіні анық. Өйткені бұл қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы тарихи күресінің бірі, коммунистік режімнің тұсындағы жастар арқылы жасалған ұлттық ерлік. Сон­дықтан да осы ереуілге қатысты әрбір дерек қымбат. Оны көрген, қатысқан адамдардың болымсыз делінетін естелік, дерек­терінің өзі құнды. Тарихты түгендесек, ке­ле­шекті бүтіндейміз. Өткен күндердің қаһар­ман­дығын құрметтесек, бүгінгі ұр­пақ­тың ұлтына сүйіспеншілігін оя­та­мыз. 1979 жылғы маусым ерлігі – қазіргі өрен­дердің қолынан түспейтін оқу­лық­тарда дә­ріптелетін ерлік. Қазақ елінің еш­қандай күш мұқалта алмаған қайсар рухының дүмпуі. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АСТАНА.