Фото: Әдебиет порталы
Табиғатынан көпшіл ақынға қашанда маңайына жанарында жарқыл, бойында таланты бар жастарды жинап, жан жадырататын жақсы қасиет тән болған. Соның бір дәлелі де осы сурет секілді. Топтасып түскен бұл кадрдағы көп ішінен көзге ерекше жылыұшырайтын үш бейне – Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев. Тарихи фото қос ақынның жыр алыбына сәлем бере келген кезінде түсірілсе керек.
Жамбыл бабамыз ақын, әнші, композитор Кененнің өнерін Қырғыз жерінде өткен алқалы жиындардың бірінде көріп қалып, саңқылдаған даусын естіп, адамдық асыл қасиеттеріне бас иіп, жанына жақын тартады. Өзіне өмірлік шәкірт етеді. «Кененнің көмейіне бұлбұл ұя салған», деп ерекше мақтанып, марқаяды екен әр кездескен сайын ақын. Қырғыз еліндегі сол бір таныстықтан соң жанынан бір елі жырықтатпаған жақынын Жамбыл Жабаев 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барғанда да, Шота Руставелидің тойына сапарлағанда да өзімен бірге ертіп жүрген екен. Шәкіртіне отырыстарда ән айтқызып, өткен-кеткенді еске алып, көңілін көріктендіріпті. Кенен Әзірбаев жыр алыбының өмірдегі өле-өлгенше сыйласып өткен қадірлі інілерінің бірі болған. Қос тұлға арасында ұрпаққа үлгі боларлық ағалы-інілі керемет сыйластық, аңызға бергісіз тағылымды достық болған деседі.
Халық ақыны, «Жетісудың желмаясы» атанған жыр жүйрігі Үмбетәлі Кәрібаев та Жамбыл ақынның жүрегін жаулаған жақсы інілерінің бірі болған. Айтыс десе дүниені ұмытқан дүлдүл дарын жыр алыбын айрықша құрмет тұтып, жиі хал сұрасып, сыйласып өтіпті. Бұл туралы белгілі әдебиеттанушы, академик Уәлихан Қалижанов: «Жамбыл мен Үмбетәлі – қалжыңы жарасып, өмірде де, өнерде де өте қатты сыйласып өткен жандар. Бірде Жамбыл ауырып жатқанда Үмбетәлі көңіл сұрай барыпты. Әңгіме үстінде айтыскер інісінің үнсіз қалғанына шыдамаған ақын: «Әй, Үмбет, неге үндемей отырсың», деп домбырасымен түртіп қағыта өзіне қаратады да: «Бойыңды керіп, аяғыңды жиып, домбыраңды қағып отырып өлең айтсаң, өнер қалғымайды», депті. Кез келген жағдайда, тіпті дастарқан басында отырса да, сырқаттанып жатса да, Жамбыл бабамыз әр сөзін осылай поэзиялық көркемдікпен сабақтаған», дейді.
Иә, тұлғалар байланысының өнегесін көрсеткен бұл суреттің тарихы ерекше.