Пікір • 21 Маусым, 2024

Қоғамдық-құқықтық әлеуеті зор құжат

39 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – елдік саясаттың басым бағыты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикада ақпараттық кеңістік еркін болды. Бүгінде отандық нарықтағы шетелдік теле-, радио арналарда қазақ тіліндегі контент сирек кездеседі. «Масс-медиа туралы» заң аясында мемлекеттік тілдегі өнімдерді тарату бағдарламаларының жалпы көлемін кемінде 10 пайызына дейін ұлғайту міндеті қойылды.

Қоғамдық-құқықтық әлеуеті зор құжат

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Құжатта журналистердің құқығын қорғау тетігін жетілдіру көзделді. Мәселен, Ұлыбритания мен АҚШ-та журналист материалының ескіру мерзімі бір жылды құрайды. Ал бізде мақаланың жарияланғанына бірнеше жыл өтсе де, автор қудалауға ұшырап не сотта ісі қаралып жатады. Бұл елдегі сөз бостандығына, БАҚ қызметкерлерінің жұмысына айтарлықтай әсер етеді.

Заң аясында БАҚ материалдарына талап қою мерзімі белгіленді. Медиақоғамдастық және мемлекеттік органдармен бірлесе біржылдық норма бекітілді. Ескіру мерзімі БҰҰ, ЕҚЫҰ және ЕО сияқты халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сай қарастырылды.

Сондай-ақ жақында БАҚ-қа қатысты атышулы оқиғалар біркелкі этикалық нормалардың жоқтығына байланысты күрделі проблеманы көрсетті. Деген­мен журналистерге өз қызметінде басшы­лыққа алатын, мемлекетке қоя­тын талаптарын ақтап, бұқаралық ақпа­рат құралдарында жарияланған материал­дарға сыни көзқараспен қарауға кө­мек­тесетін нақты этикалық мақсат­тар мен қағидалар қажет. Осы орайда жур­налистердің құқықтарын қорғау мә­селелері бойынша тәуелсіз қауымдас­тықтың құрылуы туындаған проблемаларды жедел шешуге және мемлекетпен бірлесіп журналистердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктерін жедел әзірлеуге мүмкіндік береді.

Журналистердің қызметі қоғамдағы саламатты атмосфераны дамытуға және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Бүгінде БАҚ-тың қоғамдық сананы қалып­тастырып қана қоймай, саяси шешімдерге тікелей ықпал ететініне көбірек куә болудамыз. Сондықтан кәсіп өкілдеріне енді жауапкершілік артып отыр. Журналист, ең алдымен, оның жұмысы оның «наны» ғана емес, бұл үлкен қоғамдық миссия екенін есте ұстауы керек. Өйткені заманауи ақпараттық кеңістік қоғамдық пікір үшін бәсекелестік орынға айналды. Ал өз мақсаттарына жету үшін көптеген ойыншы манипуляция және жалған ақпарат сияқты әртүрлі әдістерді пайдаланады.

Қазіргі таңда әртүрлі жеке мақсаты бар медианарыққа орасан зор инвестиция тартылды. Кейінгі жылдары отандық сарапшылар медиакеңістікті қорғау қажет деген де мәселені көтеріп жүр. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – жергілікті өндіріс компанияларына қолдау көрсету.

Бұл қолдау отандық БАҚ-қа сапалы ақпараттық өнім шығаруға мүмкін­дік береді. Әрі БАҚ-тың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. БАҚ субъектілерінің гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуы оларға фильм, телехикая, бас­па және онлайн өнімдерді шығаруға қажетті қаражатты алуға жағдай туғы­зады. Жалпы, бұл шара ақпараттық кеңіс­тік­ті отандық контентпен толуына ықпал етеді.

Сондай-ақ әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда мемлекет пен азаматтық қо­ғам арасындағы өзара іс-қимыл меха­низ­мін жаңғыртуға ерекше мән беріліп жатыр. Бұл мәселе медиаиндустриядағы өзгерістерге байланысты өзектілігін арттырып тұр. Тәуелсіздік жылдарында төл медиакомпаниялар аудиториямен өзара әрекеттесу және тиімді медиа-стратегияларды әзірлеуде біраз тәжірибе жинақтады. Бұл ақпараттық кеңістікті дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

Заңда қазірдің өзінде БАҚ саясатының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған гранттық қаржыландыру тетігі қарастырылған. Гранттық қаржы­лан­дыруға көшуді 2025 жылдан бас­тап жүзеге асыру көзделіп отыр. Өз кезегін­де өңірлік деңгейде мемлекеттік қолдау қолданыстағы тетіктер аясында сақталады.

Гранттық қаржыландыруды іске асырудың негізгі қағидаттары ретінде гранттарды бөлуге мемлекеттің қатысуын қысқарту және барынша ашықтықты қамтамасыз ету, оның ішінде гранттарды іске асыру мониторингі тетігін енгізу кіреді.

Гранттық қаржыландыруды жүзеге асыру кезінде қолданыстағы тариф­тік тәсілден сметалық әдіске көшу ұсы­ны­лады. Өз кезегінде гранттарды қысқамерзімді (бір жыл немесе бір оқиға аясында) және ұзақмерзімді (бір жылдан үш жылға дейін, мысалы, тарихи сериалдарды түсіру үшін) бөлу тәсілі енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі мазмұнға басымдық беру ұсынылып отыр.

Атап өтерлігі, қабылданған заңда бұқара­лық ақпарат құралдары сұрау­ларының түрлеріне (ауызша сұраулар, жазбаша өтініштер, ресми хабарламаларды түсіндіруге сұрау салу), оларға жауап беру мерзіміне нақты градация жасалды. Ашып айтсақ, БАҚ өкілдерінің жазбаша өтініштеріне жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл өзгерістер өз кезегінде ЕҚЫҰ жүргізген заң жобасына жүргізілген құқықтық талдауда оң бағаланды.

Бүгінде ақпараттық ортада интернет-БАҚ пен барлық интернет-ресурстарды ажырату мәселесі өткір тұр. Сондықтан құжатта желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді «интернет-басылымдар» деп бірыңғай ұғымына біріктіру қаралды. Енді интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ секілді міндетті түрде есепке қойылады.

Қазіргі таңда телеарналардың таратылымы спутниктік құралдармен жүзеге асырылады. Заң аясында отандық телерадио хабарларын тарату операторларын субсидиялау қарастырылып отыр. Субсидиялау бірінші кезекте отандық операторлардың жабдықтарын сатып алу бағасын шетелдік жеткізушілерге қарағанда анағұрлым тиімді етуге, сондай-ақ отандық контентті қолдауды жүзеге асыруға, ақпараттық тәуелсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа заң нормаларындағы бұл бастамалардың негізгі мақсаты – елдің ақпараттық тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті отандық контентті дамытуды ынталандыруға бағытталған.

 

Қайнар АХЕТОВ,

Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры