Шаруашылық • 25 Маусым, 2024

Сібір бекіресі шығыста өсіріледі

150 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бекіре – батыста, Каспийде ғана бар десек, қателескен екенбіз. Ертеде Ертісті мекен еткен Сібір бекіресі бүгінде Ұлан ауданы аумағындағы бассейндерде өсіріліп жатыр. Бұл неткен кәсіпорын деп, бекіре зауытына бас сұқтық. Іргесі 2017 жылы қаланған зауыттың бүгінде жылына 4 тонна уылдырық, 45 тонна ет өндіретін қауқары бар.

Сібір бекіресі шығыста өсіріледі

Суретті түсірген – автор

Жер бетінде 65 млн жыл бұрын пайда болған бекіре балы­ғы жо­йылудың аз-ақ алдында. Ер­тісте ертеде болғанымен, қазір тұ­қымымен жойылып кетуге айналған. Осыны ескерген ғылыми зерттеу орталығының мамандары бекіре Қара Ертісте тіршілік етіп кетуі мүмкін деп болжаған. Жан-жақты зерттеу­лерден соң «OstFish» ЖШС балық өсіру кәсіпорны өкілдері бірден 500 балықты айдынға жіберуді ұйғарған.

– Біз балық шаруашылығымен 2022 жылдан бері мақсатты қар­жы­ландыру бағдарламалар не­гізін­дегі ғылыми зерттеу жұ­мыс­тары бойынша тығыз жұ­мыс іс­теп келеміз. Атқарыл­ған ғылыми зерттеу жұ­мыстарының негізгі мақсаты – Сібір бекіресінің таби­ғи по­пуля­­циясын қалпы­на кел­тіру еді. Қазір «OstFish» кә­сіп­ор­ны Ертіс өзеніне жіберіле­тін Сібір бекі­ресінің шабақ­­тарын өсіріп отырған Шығыстағы толық жабдықталған жалғыз ша­руа­­шылық. Сібір бекіресінің аналықтарында генетикалық пас­порттың болуы маңызды бол­ған­дықтан, ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарында біз сынама алып, генети­калық паспорт әзірледік. «OstFish» шаруашылығында аналық үйір­лерді ұстап, олардың инкубация үдерісін қадағалап, шабақтарды күтіп, баптап өсіріп отырған жоғарғы дәрежелі бас балықшы маманы да бар, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің ғылыми қызметкері Гүлім Қуатқызы.

Ғылыми мамандардың оң пі­кі­ріне ие болған «OstFish» кәсіп­орнының тыныс-тіршілігімен бас ди­рек­торы Ерлан Сағидол­дин таныс­­тырып шықты. Оның ай­туын­ша, Ертіске жіберілетін екі жа­сар шабақтар сұрыпталып, сал­мағы жағынан біркелкі шабақтар таң­далған. Негізінен жыртқыш балық болғандықтан, тіршілік етіп кетулері тиіс деп есептейді мамандар. Алайда олардың жабайы ортамен біте қайнаса өсіп-өніп жатқаны тек он жылдан соң ғана белгілі болады. Неге десе­ңіз, бе­кіре тұқымы жыныстық жағы­нан он жасында ғана жетіле бастайды.

чс

– Бассейнде өскен бекі­ре­ні табиғи суға қанша бейім­де­гені­мізбен, олар үшін оңайға соға қоймас. Десе де, Қара Ертіс­ті қайтадан бекіремен балық­тан­ды­руымыз керек, – дейді кәсіп­орын басшысы Ерлан Серік­хан­ұлы.

Осыдан екі-үш апта бұрын ша­руа­шылықтан «Синь-синь»­ жол са­лу компаниясы да бекіре шабақ­та­­рын сатып алып, Ертіс­ке өргізген екен. Таби­ғат­қа азды-көпті зиян әке­летін кәсіп­орын­дардың мұндай эко­логия­лық қайырымдылықпен айна­лы­сып жүретінін де айта кеткен жөн.

«OstFish» кәсіпорны былтыр Абай облысына 100 граммдық шабақтардың 3 мыңдайын сыйға тартып, Ертіс өзеніне жіберген. Биыл Павлодар облысында «По­ли­­металл» компаниясымен шарт жасасып, 1,5-2 килолық балық­тың екі мың данасын көк айдынға тө­гіпті. Эко­логиялық акциялар осы­лай жал­ғаса берсе, бара-бара су бетінде бе­кіре тайдай тулауы мүм­кін. Әл­бетте, балық қорғау орган­дары бра­­коньер­лердің жолын кесіп оты­руға тиіс.

Тап-тұйнақтай шағын аула­дағы модульдердің біріне кіріп едік, қаз-қатар құрылған бассейндерде бекіренің үлкен-кішісі шоршып жүр. Суы – мөп-мөлдір. Таяудағы Саратов ауылының ірге­сін­дегі терең құдықтан келетін су бассейнге құйылмас бұрын үш сатылы сүзгіден өтеді. Біріншісі меха­никалық тазарту болса, екінші – био­логиялық. Үшіншісінде озон арқы­лы тазартылады. Ішуге болатындай суда бекіре балығы жүзеді. Күніне ол судың 4-5 пайызы ғана сыртқа шығарылып, қалғаны айналып, қайта құйылады. Сыртқа шық­қан судың өзі сүзгіден өтеді. Ал балықтың қоректерін сонау Еуро­падан жеткізеді. Олардың құра­мында балықтың өсіп-өнуіне кажетті микроэлементтің бәрі бар. Тіпті табиғи ортада табылмайтын дәру­мен де қорек құрамында болады екен. Сол себепті, балықтың еті, уыл­дырығы адам ағзасына өте пай­далы. Бірақ әлеуметтік азық-түлік­тей кез келген дүкенде сатыла бермейді.

– Айтып өткендей, бағытымыз – қара уылдырық. Уылдырықты жүйелі тұтыну адам денсаулығына өте пайдалы. Тіпті онкологиялық ауруларға да ем деседі. Қатерлі ісікке шалдығып, қара уылдырық алып жүрген зейнеттегі төрт-бес клиентіміз бар. Оларға жеңіл­дікпен беріп отырмыз, – дейді Ерлан Серік­ханұлы.

Бассейнде жүзіп жүрген бөре­недей бекірелерге қарап тұрып, бір қойдың еті түсетін шығар дейміз ғой. Түсуін түседі екен. Бірақ еліміз бойынша ғана сатылады. Себебі Қазақстан мен Еуропа арасында «аквакультура» бойынша келісім жасалмаған. Заңға салса, бассейндерде, жеке көл­­дерде өсірілген балықтар Еуро­па шекарасынан кірмейді. Тек өзен-көлде ауланған балық қана экспортталады.

– Етін де, уылдырығын да Қазақ­стан ішінде саудалаймыз. Негіз­гі сұраныс Алматы, Аста­на, Аты­рау, Ақтау қала­ла­­­ры­нан түседі. Ба­тыс бекіре отаны болғанымен, біз­дің тех­­­но­логия көш ілгері. Өйт­кені уылдырық алудың тәсілі Астра­­­­ханда дамыған. Ал бізде уыл­ды­рық алатын маманымыз сонау Астраханнан келген Азамат Ситах­метов есімді қазақ бауырымыз. Ол уылдырық дайындаудың техни­касын жақсы меңгерген. Еті дели­катес болғандықтан, жаппай сұра­ныс бола бермейді, – дейді кәсіпорын жетекшісі.

Уылдырық дайындау үде­рісі де оңай емес-ті. Қарап тұ­рып, қымбат болса, болатындай дер­сіз. Иә, балықты судан суырып алып, күнделікті уылдырық сауа бермейді. Әр балықтың уақыты бар. Алдымен УДЗ (ультра дыбыстық зерттеу) жасап, уылдырықтың жетілуін тексереді. Жетілу төрт деңгейден тұрады. Төртінші дең­гей­ге жете бере бассейн суын бір­тіндеп суытып, жасанды қыс мез­гілін ұйымдастырады. Сол уақытта балықтың ағзасындағы мето­болизм­дер бәсеңдеп, қысқы ұйқы­ға кетеді. Кейін екі айдан соң суды қайта жылытқанда балықтың шарт­­ты рефлексі көктем келді деп, уылдырық шашуға дайындалады. Мамандардың айтуынша, уыл­ды­рық екі әдіспен алынады. Сауып ала­ды және сойып алады. Айта кете­йік, сауып алғанның өзін­де балық­тың 80 пайызы аман қала­ды. Алын­ған уылдырықты таза аймақ­қа өткізіп, бізге құпия тәсіл­мен тазартады, тұздайды, содан соң құтыға салады. Сөйтіп, саты­лым­ға кетеді.

Зауыт қуаты жылына 4 тонна уылдырық өндіре алғанымен, мұнда 1 тонна ғана дайындалады. Одан артыққа сұраныс жоқ. Кейінгі жылдары бекіре шабағын өсі­ріп сатуға да ден қойды. Есеп-қи­сап­тарына қарасақ, уыл­дырыққа қара­ғанда шабақ өсірудің пайдасы көп көрінеді. Кейінгі кезде шабақ­ты түрлі меке­ме сатып алып, өзен-көлге жібере бастаған. Оның ішінде «Қазцинк», «Қазақстан Су жол­­дары» компаниялары бар. Бұ­рын олар балықтың басқа түрін жі­бе­­ріп, экологиялық акцияға қа­тыс­­са, соңғы уақытта бекіреге бет бұрған.

– Табиғатқа септігіміз тисе деп ойлаймыз. Әйтпесе, мұндай зауытты ұстап тұру оңай емес. Салықты уақытылы төлейміз. Ауыл­­дықтарды жұмыспен қам­тып отыр­мыз. Үлкен зауытта 15 адам ғана істейді. Оның біразы – әкім­­ші­лік қызметкерлер. Балыққа қа­рай­­тын мамандар бес-алтау ғана. Оның себебі, мұнда бәрі авто­мат­тан­дырылған, – дейді Ерлан Серік­хан­ұлы.

Әңгіме соңында мемлекет та­ра­пынан қандай қолдау бар деп, әдеткі сұрағымызға бастық. Сөйт­сек, алып-ұшып бара жатқан қол­дау жоқ секілді. Мәселен, 40 млн теңге балықтың қорегіне 275 мың теңге субсидия шақ ке­леді екен. Көзі табылған кәсіп­тің тасы қолдаусыз да өрге домалай бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы