Волонтер • 25 Маусым, 2024

Тарыдай жақсылықтың таудай игілігі

56 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады. Сондай-ақ Президент сөз арасында еліміздегі волонтерлік қызметтің жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Тарыдай жақсылықтың таудай игілігі

Сан ғасыр бойы са­бақ­тасып, үндесіп келе жатқан қайырым­ды­­­лық ұғымы кейінгі уақытта тереңдей түсті. Әсіресе жас толқынның бо­йынан адам­гер­шілік, ізгілік, қасиет­терін көру –  көңілге медеу. Бір жағынан қазіргі жасөспірімдердің өмірлік ұстанымы ата-аналарының жас күніндегі арман-мақсатына мүлдем ұқсамайды. Жаһандану дәуірінде туып-өскен ұрпақтың ойы, ісі де бөлек, тіпті өздері де дара. Олардың санасында қоғам таңған шекара жоқ. Сондай өрен­нің бірі – Аяулым Болпанова.

Бүгінде ол – республикалық «28 ілмек» волонтерлік клубы­ның мүшесі. Жетінші сынып оқушысы шала туылған сәбилердің жарық дүниеге бейімделуі үшін денесінің қимылдауына сеп болатын киім-кешектер тоқиды.

– Әдетте күні жетпей туған ша­­қалақтарға қосымша жылу қа­­жет. Өйткені нәрестенің тері ас­тын­­дағы майы жүктіліктің тек 8-9 айын­да ғана пайда болады екен. Содан сәбиде жылу алмасу үр­дісі қа­лыптасып үлгермейді. Ал ме­­ди­циналық көмектен бөлек, бас­тан-аяқ қалып­ты темпера­ту­ра­­ны сақта­уы үшін таза эко­ло­­гия­лық жүннен тоқылған бас киім, шұ­­лық, қолғап, кеудешелер қол­­да­ны­лады. Әрі жүннен то­­­қы­л­­ған киім емдік массаж есе­­бінде де әсер ете­ді. Денені ті­тір­­­­­кен­діреді, қан ай­на­лымын жақ­­­­сартады. Олар­да тыныс алу жүйе­сі дұрыс жетіл­ме­ген­діктен қат­ты ұйқыға кетіп, дем ал­май қалуы мүмкін. Осы орайда то­­қы­ма бұйымдар шақа­лақ­тың де­не­­­­сін жыбырлатқан соң, үнемі қоз­­­ға­луға мәжбүр болады, – деп Аяу­­­лым егжей-тегжей айтып­ берді.

Оған қоса тоқылған киім-кешек бала бойындағы мото­ри­калық қыз­мет жүйесін жақ­сартады. Кіш­кен­тай жана­шыр­дың айтуынша, мұндай дүниелерді қарапайым дүкен сөрелерінен табу қиын. Себебі ма­шақаты көп, уақытты талап ететіндіктен көпшілігі айна­лыс­қысы келмейтін көрінеді.

дд

– Еріктілік қызметті қы­сыл­таяң шақ – пандемия тұсында бастадым. Бос уақытымды ұтымды пай­даланғым келді. Әлеуметтік желі­лерден жыл сайын елімізде 22 мың­ға жуық бала шала туылатынын оқып қалдым. 400-500 грамм ша­ма­сындағы шақалақтардың өмір­ге бейімделуі үшін біраз күтім қажет. Оған жоғары техно­ло­гиялық жабдықтар, білікті ме­ди­циналық мамандардан бөлек, қойдың жүнінен тоқылған шұлықтың, киімнің маңызды екенін білгеннен кейін, қолдан кел­генше көмектесуді ұйғардым. Сөй­тіп, тоқу, қолөнерге деген қызығушылығым волонтерлік қызметке ұласты. Кейін өзім во­лонтерлік клуб аштым. Осы іспен ай­налысып жүргенімді білген Көк­шетау қаласы физика-матема­тика бағытындағы Назар­баев зият­керлік мектебіндегі ұстаз­дарым қаражатпен көмек­тесіп, оқушылар мен ата-аналар қата­ры­ма қосылды. Жіп сатып алып, өздері тоқып, клубқа тапсырады. Оны ауруханалардағы арнайы бөлімшелерге, пери­на­тал­дық­ орталыққа әдетте жиын­­­­­тық етіп апарамыз. Бұл киім-кешек­тер дене салмағы 500 грам­нан жоғары сәби­­лер­ге қолданылады, – дейді Аяу­лым.

Өткен жылғы статистикаға үңіл­сек, шала туған әрбір жүз сәби­дің дене салмағы қалыпты нормадан төмен немесе өте төмен болады. Мұндай салмақ санатындағы өлім көрсеткіші 50%-дан асады. Десек те Орта­лық Азия елдерінің ішін­дегі ең төменгі көрсеткіш бізде. Яғни 30 жыл ішінде республи­када нәрестелер өлімі бес есеге азайған. Бұл – білікті медицина мамандарына жұмыла қол созған Аяулым секілді волон­терлердің де еңбегі.

Жалпы, елімізде 2021-2023 жылдарға арналған Волон­терлікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асырылды. Нәтижесінде, волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті. Өнегелі ісімен көпке үлгі бола білген еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Арнайы Qazvolunteer.kz бірыңғай платформасы жасақталды. Бұл да қоғамда волонтерлік қызметтің әлеуетінің артуына сеп болды.

Қазір еріктілеріміз әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Мәселен, жуырда ғана «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының жетекшісі Перизат Қайрат Палестина аумағына барып, шиеленісті жағдайда Қазақ елі атынан тұр­ғындарға көмек қолын созды. Одан қалды Иордания, Кения, Таиланд пен Түркия мемлекеттерінде тәжі­рибе жинақтап, көмек қолын созып жүр­ген волонтерлеріміз жетерлік. Олар осындай іс-әрекеттерімен ізгі салт-дәстүріміздің жібін жалғап келеді. Бұл ретте бабалар салған сара жолды көрсетіп, бағыттаған қазіргі егде жастағы волонтерлердің де еңбегі ерен.

Алпысты алқымдаған Мең­сұлу Измакова волон­тер­лікпен бала кезінен айналысады. Мұқтаж жанға мүмкіндігінше көмек көрсету оның өмірлік бағдарына айналғалы қашан. Оның үстіне 40 жылдан астам ұстаздық еткен. Ерікті «Қайы­рым­дылық жасасаң, қайырын өзің көресің», деген аталы сөзді еске алды.

– Мен Атырау облысының Мақат ауданындағы Байшонас елді мекенінде туып-өстім. Бала кезден анам ауылдағы қарттардың үйлеріне барып, жәрдем беретін. Бізді де ертіп жүріп, шаруаға бейімдеді. Үйін жинап, тамағын пісіріп жүретініміз есімде. Сөйтіп, бұл дағды әдетке айналды. Осылай әке-шешем қамқорлық жасауға, игі істен шет қалмауға тәрбиеледі. Күні бүгінге дейін еріктілік қызметімді қалдырған емеспін. Түрлі волонтерлік ұйымға мүше болдым. Мен үшін волонтерлік қызмет – жүрек қалауы. Қазіргі таңда еріктілердің атқарып жүрген игі амалдары ежелден ата-бабамыздан риясыз жалғасып келе жатқан қайырымдылық. Бұл дәстүр «Асар» деп аталатыны көпке мәлім. Бұрын шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыста көрініс тауып, халық­тың қайырымдылығы мен ұйым­шыл­дығын танытқан. Бұл үрдіс тек қазаққа емес, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына да ортақ. Қайырымдылық жаса­ған адам сауап үшін деп ақы сұра­майды ғой. Демек жасаған игі іс ха­лықтың мәрттігін ғана емес, ба­уырмалдығын, көпшілдігін біл­діреді, – дейді волонтер.

Кез келген мемлекеттің аза­мат­тық қоғамсыз әлеуметтік-эко­но­микалық және саяси тұр­ғыда дамуы екіталай. Осыған дейінгі оқи­ғалар мен тәжірибе азаматтық белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар әрдайым қара­пайым азаматтардың мүдде­ле­рін қорғап, халықтың ең өткір мәселелерін шешуге ұмты­ла­тынын талай дәлелдеді. Демек бір мүдде, бір мақсат төңірегінде ұйысқан елде даму да бар.