Құқық • 25 Маусым, 2024

Сот жүйесі мәртебесін ақтап келеді

96 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан сот реформасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуын қамтамасыз ету, сол арқылы елімізде заң үстемдігін орнату мақсатын көздейді. Өткен жылдар біз үшін іргелі бастамаларға толы болды. Ең басты жаңалық деп Конституциялық соттың құрылуын айтар едік.

Сот жүйесі мәртебесін ақтап келеді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Отандастарымыз құқық­тары мен бостандық­тарын қорғау үшін Ата заңға қайшы келетін нор­маларға шағымдарын Консти­туциялық сотқа тікелей беру мүм­кіндігіне ие болды. Мұндай құқық Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді.

Өтініштерді қарау тәр­тібі жалпы соттардағы іс жүр­гізу тәр­тібі­нен түбегейлі ерекше­лене­тін ­Кон­с­титуциялық сот – құқық­тық мемлекет құру жолындағы ма­ңызды қадам. Сот әкімшілігі құ­рылып, ол айрықша мәртебе­ге ие болды. Айрықша деп отыр­ға­­ны­мыз, Сот әкімшілігі атауын өз­гертіп қана қойған жоқ, оның дә­ре­жесі Үкімет пен Парламент аппа­раттарының деңгейімен теңесті.

Қоғам үшін бала болашағы қа­шанда маңызды. Сот сала­сын­­дағы бір игі бастама «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне процестік заң­наманы жетілдіру және сот жү­йесін реформалау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңын толықтыру арқылы жүзеге асты. Осы заң арқылы кәмелетке тол­ма­ғандардың істері жөніндегі ма­мандандырылған соттардың құзы­реті кеңейді. Соған орай аталған соттардың қарауына азаматтық істердің бірқатар санаты берілді.

Олар соттар кәмелетке толма­ған ортақ балалары бар ерлі-за­йып­тылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, алимент төлеу, оның мөлшерін өзгерту, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату, кәмелетке толмағандардың мұрагерлік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанға заңсыз алып келген немесе ұстап отырған баланы кері қайтару туралы және өзге кәмелеттік жасқа жетпегендердің заңды құқықтары мен мүдделері қозғалатын істер мен даулардың барлығын қарау құқығын алды.

Ата заң айқындағандай, судьялар сот төрелігін атқару кезін­де тәуелсіз, Конституция мен заң­ға ғана бағынады. Ешбір мем­ле­кеттік орган, қоғамдық ұйым­дар мен лауазымды адамдар судья­ларға ықпал ете алмайды. Сон­дықтан күштік құрылымдар тарапынан судьяларға қандай да бір қысым жасау тетіктерін болдырмау үшін оларға қатысты жа­сырын арнайы жедел іс-шаралар Бас прокурордың санкциясы болған кезде ғана жүргізілетіні заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бұрын мұндай әрекеттерге облыс прокурорларының санкциясы жеткілікті болатын.

Сот жүйесі өз бюджетін қа­лып­тастыруда қаржыландыру­дың жаңа моделіне осы жылы қол жеткізді. Бұған дейін соттардың бюджетін Үкімет пен Парламент шешіп келсе, енді қаржы көлемі республикалық бюджетте нақ­ты бекітілетін болды. Мұндай дер­бестік соттардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтары анық. Барлық саладағы реформа азаматтар­дың бұзылған құқықтарын тез арада қалпына келтіріп, сот арқылы қорғалу мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға, сол арқылы сотқа деген сенімді нық қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан жаңа бас­тамалар мен игі істер үздіксіз жүр­гізіліп, жылдан-жылға жал­ғасары анық. Бұл ретте Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігі тарапынан іске асы­­рылып жатқан реформалар өз нәти­жесін беріп отыр.

Саладағы реформа бойынша заңнамалық түзетулердің екінші блогі қолға алынып жатыр. Бұл түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзір­леген. Өзгерістер «Қазақстан Рес­публикасының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі тура­лы» Конституциялық заңға, процес­тік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңға енгізіледі. Мұндағы негізгі жаңашылдық – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кас­сациялық өтініш хаттарды алдын ала қарауды алып тас­тауға бағытталған. Бұл ретте Пре­зи­дент тапсырмасымен дербес касса­циялық инстанциялар құру мәсе­лесі пысықталып жатқанын айта кету керек.

Заң жобасы Сот алқасының және Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссиясының жұмысын жетіл­діруді, судьялардың тәуел­сіздігін күшейтуді көздейді. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­ларын іске асыру аясында апел­ляциялық немесе кассация­лық са­тыдағы сот акті­сінде көрсетіл­ген өрескел бұзу­шылықтардың барлық фак­тісі автоматты түрде Сот алқа­сы­на берілетін жаңа механизм енгізілмек. Сондай-ақ баға­лау көрсеткіштерінің саны оңтай­лана­ды, отставкадағы судьялар үшін әлеуметтік пакет жақсарады.

Конституциялық сот қорда­лан­ған мәселелердің оң шешімін табуына септігін тигізіп жатыр. Президент атап өткендей, заң үстемдігі қағидаты – еліміздегі сая­си реформалардың өзегі. Ал жүр­гізіліп жатқан реформалар сапа­сының маңызы зор.

Кассациялық соттың құрылуы – Мемлекет басшысының тап­сырмасы. Сот жұмысына, судья­лар шығарған сот актілерінің сапа­­сы­на арызданушылар аз емес. Әри­не, сот отырысында екі та­рап­тың мүддесі қозғалғандықтан, же­ңіл­ген тараптың өкпе-рен­іші болатыны рас. Бірақ дауды ше­шудің баламалы тәсілдерін ен­гізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын бейнетаспаға жазу бойын­ша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты біршама төмендетті. Жоғарғы сот мұнымен тоқтап қалмай, төрелік­ке деген сенімді қалыптастыруға түрт­кі болатын тетіктерді жан-жақ­ты қарастырып жатыр. Әсіресе Кас­са­циялық сот құру басты орында тұр.

Кассациялық сот – төменгі органдар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйе­сінің бір түрі. Істерді касса­ция­лық сатыдағы сотта қарау бел­гілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады. Кассациялық сот­тың не­гіз­гі міндеті – сот шешімде­рін қа­былдау кезінде заңдардың ­дұ­­рыс қол­данылуы мен түсіндірілуі­­нің сақ­талуын қамтамасыз ету. Ол і­с­тің нақты және дәлелді жақта­рын қарас­тырмайды, тек заңның дұрыс қол­данылуын заң жүзінде тексерумен ғана шектеледі. Кас­сациялық сатыдағы сот даулы іс материалдарын егжей-тегжей зер­делемей, сот шешімдеріндегі нор­малардың сақталуын тексеруге баса назар аударады.

Кассациялық сот заң тәжіри­бесінде маңызды рөл атқарады және құқықтық жүйенің дамуына ықпал етеді. Оның шешімдері жаңа жағдайлардың орын алуы үшін және қоғамдағы дауларды шешуде өте маңызды. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші истанция ретінде әрекет етеді. Бұл – істі кассациялық сотта қарағаннан кейін шешімге шағымдануға мүмкіндік жоқ деген сөз. Сондықтан кассациялық соттың шешімі түпкілікті болмақ.

Мәселен, кассациялық саты­дағы сот шешімдерінің заң тәжі­рибесі мен сот практикасын қалып­тастыруда маңызы зор. Кассация біркелкі нормаларды белгілеуге, заңнаманы түсіндіруге және үйлес­тіруге, сондай-ақ кейінгі істер мен сот шешімдеріне үлгі болатын жа­ңа жағдайларды жасауға әсер етеді.

Сот жүйесін заңсыз шешім­дерден тазарту функциясын ат­қаруда кассациялық соттың рөлі зор. Төменгі сатыдағы сот­тың шешімі заңсыз немесе негіз­сіз деп танылса, кассациялық саты­­дағы сот оның күшін жойып,­ істі жаңадан сот талқылауына жібе­руі немесе түпкілікті ше­шім қа­былдауы мүмкін. Осылайша, кас­сациялық саты құқықтық тәжі­рибені қалыптастыруда, дау­­ларды шешуге ықпал етуде ма­ңыз­ды рөлге ие. Оның шешім­дері құқықтық жүйені одан әрі дамы­­тудың негізі бола отырып, әділ­дік пен заңдылықтың үлгісіне айналуға тиіс.

 

Досжан ТӨЛЕНБЕКОВ,

Байзақ аудандық сотының төрағасы

 

Жамбыл облысы